Жүйрік ат, құмай тазы жан құмары

«Ер қанаты – ат» деген түсінік халқымызда ежелден бар. Ата-бабамыз жылқы түлігін жеті қазынаның біріне балап, оның қасиет-құндылығын жоғары бағалаған. Қамбар атаның ұрпағын пір тұтып,  жүйрік атқа құмартқан Азамат Асылбеков бүгінде Белағаш ауылындағы жеткіншектерді ата кәсіпті құрметтеуге баулып жүр.  

Еліміздің білім беру бағдарламалары өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бағытына басымдық беріп келе жатқаны қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың киелі Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіндегі тәрбие мәселесіне қатысты көтерілген мәселеге орай, биыл қыркүйек айында «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» бекітілді. Мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматтарды тәрбиелеу. Аталмыш жоба Жақсы ауданының Белағаш ауылындағы жалпы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрген педагог-сарапшы Азамат Шерниязұлының жұмыс тәжірибесімен сәйкеседі. Олай дейтініміз,  Азамат Асылбеков бос уақытында ұлттық ата кәсібіміз жүйрік баптап, құмай тазы жүгіртумен айналысады, әрі осы асыл тұқымды жылқылар мен тазының қадір-қасиеттерін өскелең ұрпаққа дәріптейді.

Ол өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттайтын, спорт мәдениетін дамытуды қолдайтын, сондай-ақ, отансүйгіштік пен ұлттық сана-сезімге ықпал ететін «Мұрагер» клубын ашыпты. Клубта нағыз шабандоздыққа үйреніп, кәсіби дайындалып жүрген 7-8 оқушы бар болса, қызығушылықпен қатысушылар 20-дан асады. Мұнда балалар 5 жасынан шабандоздыққа баулынып, 7-8 жастан асқандары жабағы жарыстарға қатыстырылады. Өз ұлдары Даниял мен Ділшат және оқушысы Нұртілеу Ырымхан аудандық, облыстық деңгейдегі бәйгелерге қатысып, шабандоздықтарымен ел арасында танылып келеді. Соңғы он жылдықта көптеген шабандоздар одан бапкерлікке дейінгі ат баптау тәжірибесін үйреніпті.

–2014 жылы біздің жерлестеріміз жаппай Ресейден машина сатып әкеліп жатты, сол кезде мен машина емес, ағылшынның асыл тұқымды жүйрік жылқыларынан екі құлын сатып әкелдім. Сол Жезкиік пен Самал деген екі жылқыдан бірнеше құлын алып, олардың тұқымдарын селекциялап, қолтума жылқылар өсірдім. Самал, Ханшайым, Гауһартас деген сәйгүліктерім көптеген жүлделі орындарға ие болды. Бүгінде осы ағылшын тұқымынан алынған Барқас, Ахилес атты қолтума жылқыларымды баптап, жарыстарға қосып жүрмін. Жүйріктерім қашан да алғы шепте жүреді, алғашқы үш орыннан түспейді, – дейді шабандоз мұғалім.

1981 жылы Қима ауылында дүниеге келген тарихшы 2007 жылы Белағаш ауылында еңбек жолын бастап, шаңырақ көтеріп, өсіп-өнуде. Жүйрік жылқыға ерте жасынан құмартқан Азамат 6-7 сынып оқушысы кезінен республикалық жарыстарға шабандоз ретінде қатысып, біраз белестерді де бағындырған. Сол кезде алған дипломдары мен медальдарын отбасылық мұрағатында сақтап, ұрпағына үлгі етуде.

–Құмай тазыларымды біреу ит десе, өкпелеп қаламын. Ешкімге ит деп айтуына рұқсат етпеймін. Себебі, тазыны ата-бабамыз ықылым заманнан бері жеті қазынаның бірі ретінде ұстаған. Ол – өте таза, ақылды жануар. Ашаршылық кезінде тазылар талай ауылды асырап, аштықтан аман алып қалды. Оқушыларыммен жабағы үйретуге немесе аңшылыққа шыққанымызда, тіпті ерке Есілдің жағалауына балық аулауға барсақ та, құмайларымды бірге ерте шығамын. Құмай тазының қасиеті мен сипатын оларға айтып отырамын. Салт жүргенде соңыңнан тазының ере жүруі қандай әдемі, –дейді Азамат Шерниязұлы әңгіме барысында.

Дегенмен, осы қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінде ежелден бар, ерлердің сенімді серігіне айналған тазыларды «Азиатская борзая» деп орыстардың патенттеп алғанына көңілі толмайды. «Қымызымыз немістерге, тазымыз орыстарға тиесілі болып кетті… Жастарымызды шетелдің өнері мен мәдениетіне әуес қылғанша, ұлттық құндылықтарымызға, ата-баба мұрасының сақталуына жанашырлық танытатындай етіп тәрбиелеп, әрекет етуіміз керек. Ұлттық құндылықтар ұлтымызды қадірлеуден, оған қызмет етуден басталады. Сондықтан, мен тарихты оқытып қана қоймай, ұлтымыздың мәдени мұрасы мен қазынасын жастарға үгіт-насихат етемін, барымыздан айрылып қалудан қорқамын» дейді ол.

Белағашқа бара қалып, жолай басына тымақ, үстіне қазақы шапан, аяғына саптама етік киіп, салт жүрген адам көрсеңіз, оның Азамат Асылбеков екендігін бірден білесіз. Өз ұлтының салт-дәстүрі мен асыл құндылықтарын, тарихын жас ұрпақтың бойына сіңіруші ол жастық дәуренінде көкпарға да құмартқан, теңге де ілген, тоғызқұмалаққа да қатысқан, домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы бір сырлы сері жігіт болған екен. Бүгінде көшеде ұлттық киімде жүрсе, ауыл адамдарының өз ұлтының мәдениетін ұмытпасын дегені.

Азамат Шерниязұлының сөзіне қарасақ, ол еңбек жолын бастап, өсіп-өнген ауылын туған жеріндей бағалайды, қадірлейді. Тіпті, әңгіме барысында «Родина» деген ауылды естіген шығарсыздар, біздің «Белағаш» сол ауылдан кем емес. Ең арзан нан да, ең арзан монша да осында. Көшелеріміздің барлығы жарық, таза, балаларымызға спорт кешені де бар» деп мақтанып қояды.

–Азамат Шерниязұлы біздің мектепте 2007 жылдан бері жұмыс істеп, жас ұрпаққа туған елі мен жұртының тарихын оқытып келеді. Ауданда тарих пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі. Оны нағыз жанашыр мұғалім және тәрбиеші деуге болады. Ол оқытудың тиімді технологияларын іздестіріп, заман талабына сай алға жылжып, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттердің жаңалықтарын қадағалап отырады. Оның сабақтары мен сыныптан тыс іс-шаралары жаңашылдығымен, мазмұндылығымен, әртүрлі әдіс-формалармен ерекшеленеді. Оқушыларды кез келген мәселені өз бетінше шешуге жетелейді, топтық және жеке жұмыс әдістерін қолданады. Сабақтағы жұмыстың жалпы ұйымдастырылуын, бір кезеңнен екінші кезеңге өту логикасын, оқушылармен қарым-қатынасындағы демократиялық стилін ерекше атап өткім келеді. Шәкірттерін өлке тарихымен таныстырып, олардың бойларында туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында 2014 жылы білім ошағы ішінен тарихи-өлкетану мұражайын ашты, –дейді мектеп директоры Айгүл Ермұханқызы.

Мектепте ашқан тарихи-өлкетану мұражайына тоқталар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғанға дейін өңірде мұндай музей бірінші болып осында ашылған екен. Тарихшы ұстаздың айтуынша, бағдарлама ашылған соң, мұндай мұражайларды еліміз бойынша барлық білім ордаларында ашу міндеттеліпті. Бүгінде мұражайда тас, темір дәуірлерінен бастап, қарт тарихтың әртүрлі кезеңдерінен сыр шертетін 3 мыңнан астам жәдігер сақталған.

–Біз, Белағаш ауылының жалпы білім беретін мектебінің оқушылары бақыттымыз. Азамат ағайдың бойындағы мұғалімдік таланты, балаларға деген жылы мейірімі, сарқылмас қуаты, шынайылығы маған қатты ұнайды. Мектептен тыс уақытта ол бізге жүйрік жылқыларды баптап, қазақ тазысын қалай күту керектігін үйретеді. Мен де ол кісінің шәкірті болғаныма қуанамын, – дейді 7-сынып оқушысы Данис Хананов.

Жылқыға деген құмарлығы өмірінің негізіне айналған Азамат Асылбеков отбасында арқасүйер отағасы, ардақты әке. Аяулы жары Айнаш Сәдібекқызы екеуі осы күні бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде. Бала жанын айтпай ұғатын жары да Белағаш ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, үлкен ұлдары Ділшат пен Даниял да сабақтан тыс уақытта ат баптаумен, домбыра тартып, тоғызқұмалақ ойнаумен айналысады.

Белағаш ауылының басым бөлігі орыс ұлтының өкілдері болса да, қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігінің көрінісін, салты мен дәстүрін насихаттап жүрген Азамат Шерниязұлындай азаматтың бұл ісіне сүйсінбесіңе болмайды. Оны үлгі тұтып, ізінен ерген жас балалардың жүйрік мініп, құмай тазы ерткен көрінісіне қалайша көңілің қуанышқа толмас?!. Осындай ұстаздардың ұлағатын көрген шәкірттер де ертең ұлтына  жанашыр, еліне қорған болатын намысты ер болып өседі емес пе!..

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар