Жуырда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі, мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметованың авторлық жобасының аясында Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Ән мен поэзия» кеші өтті.
Рухани кешке ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері көрермендер мен студент жастар қатысты. Кешті журналист, ақын-жазушы Ерболат Баятұлы жүргізіп отырды. Бұл кеш қазақ әдебиетінде өшпейтін із қалдырған ақын-жазушылардың маңдайалдысы, балалар әдебиетінің қара нары атанған Мұзафар Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығын толық қамтыды.Ән және поэзия кеші барысында көпшіліктің назарына ақынның қаламынан туған әндер ұсынылды. Концертмейстер Ольга Гергельдің фортепианода сүйемелдеуімен мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметова «Ақмаңдайлым», «Сүйген болсаң сағынарсың» әндерін, республикалық байқаулардың лауреаты Аякөз Қалмағанбетова «Ақсұңқарым», «Көктем вальсі», мәдениет қайраткері Жанат Есов баянда өзі сүйемелдеп «Маралдым», Жанар Сақтағанова «Өзің де жігіт қызықсың» әндерін орындады.
Сондай-ақ, кеш барысында Е.Баятұлы Мұзағаңның сөзіне жазылған әндердің шығу тарихы мен орындаушылары туралы тарихи деректер айтып, көпшілікке рухани әңгімелер ұсынды. Жоғарыда орындалған «Ақмаңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Сүйген болсаң сағынарсың» қатарлы әндердің әуенін қазақ әнінің королі Шәмші Қалдаяқовтың жазғаны белгілі болды. Исі қазақтың жүрегінен ерекше орын алған бұл туындылардың ескірмейтіні, есті әндер болып, ел есінде сақталатыны кәміл.
Аталған жиын соңында жазушы Жабал Ерғалиұлы сөз сөйлеп, сазды жыр кешін ұйымдастырушыларға алғысын білдіре келе, «классикалық әндерді, классикалық поэзияға жазылған әндерді кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл біздің халқымыздың алтын қоры екендігін де естен шығармауға тиіспіз» деген пікірін білдірді.
Жалпы, Мұзафар Әлімбаевтың ақындық бағыты туралы айтқанда, оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегіне тоқталу шарт. Тарихы жарты ғасырдан асқан «Балдырған» журналын Мұза-ағаң өз қолымен құрып, 25 жыл бойы бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына да жұғысты болды. Бойындағы бар талантын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар ақын-жазушылары осы «Балдырған» арқылы қалыптасты.
Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевтың мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтардың мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де белсене айналысқаны белгілі. «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» сияқты жинақтары мен зерттеу еңбектері жарық көрген жазушының өлеңдері әлемнің 38 тіліне аударылған екен. Ақын үшін бұдан артық не керек?!. Көрермендер де «Ән мен поэзия» кешінен осындай асқақ тебіреніспен тарқасты.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.