Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Энергетика саласын жаңғырту қарқынды кезеңін күтеді - АРҚА АЖАРЫ

Энергетика саласын жаңғырту қарқынды кезеңін күтеді

 Қазақ халқы үшін ең бір ұлық та қасиетті мереке – Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отырған Энергетик күні де кең-байтақ елімізді мекендейтін әрбір тұрғын, әрбір отбасы үшін ерекше оқиға деп білеміз.  Өйткені, қарыштап алға басқан бүгінгі заманда электр жарығынсыз, электр қуатының арқасында мүмкін болып жататын тұрмыстағы небір жеңілдіктер мен қолайлы жағдайларсыз өмір сүрудің, алға аттап қадам басудың өзін көз алдымызға елестету қиын.

Сондықтан да, бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатқан энергетика саласы халықтың жайлы өміріндегі негізгі буындардың бірі болып табылады. Осы күні «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп жүрген әрбір қызметкер мұны жақсы түсініп, өзіне жүктелген міндетті талапқа сай тиісті деңгейде атқарып шығуға бар күш-жігерін салып келеді десем артық емес.

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі жолындағы осынау мәртебелі қызметінде еліміздің энергетика саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Өйткені, энергетика саласы ойдағыдай дамымаса, кібіртік-кілтипаны көп болса, басқа салалардың да біз қалағандай өркендеп алға баспасы анық. Сол себепті, Президентіміздің «энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету –  басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда энергетика Қазақстан экономикасында шешуші рөл атқарады» деп атап көрсеткені тегін емес.

Энергетика саласы қашан болсын, экономиканың негізгі күретамырының бірі саналып келді. Осыған орай, біздің қазіргікүн сайынғы еңбегіміз де осы салаға тиісінше серпін беріп, ондағы толып жатқан үлкенді-кішілі жұмыстардың етек-жеңін жинақтау, халықтың күткеніндей электр қуатынан бір сәт те іркіліс тудырмаудың қам-қарекетіне бағытталған. Осыған байланысты жыл сайын қысы-жазы көлемі мен салмағы атан түйеге жүк боларлық көптеген қажырлы жұмыстар атқарылады. Өйткені, еліміз игілігін көріп жатқан электр жарығын тәуліктің өн бойы шашау шығармай, өзінің берілу жолында қиындықтарға тап келтірмей, тұтынушыға жеткізу оңай шаруа емес.

Оның үстіне ертеден осы саланың қым-қуыт қуат көздеріне дәнекер болып келе жатқан жабдықтардың көбі дерлік тозып, жұмысқа жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен, не болмаса соған жақын. Мұндай жағдайды біз шамамен сексен пайыз деп анықтап отырмыз. Осындай жағдайда салаға бөлініп отырған қаржының мөлшері электр желілері мен қондырғыларын жаңартуға, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге өте мардымсыз. Соның салдарынан біз жылына мұндай жабдықтардың тек 0,3 пайызын ғана жаңғырта аламыз. Нақты қауқарымыз солай болып отыр. Ал, жоғарыда аңғартқанымдай, амортизациялық тозу үдерісі бұдан әлдеқайда көп. Бұл біздің энергетиктер үшін жаңалық емес. Біздің салада жинақталған проблемалар туралы менің тарапымнан да мерзімдік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы талай айтылған болатын.

Өз басым осы салаға көлемді инвестициялар салынбайынша, біздің энергетика саласын сауықтыра алмаймыз деген ойдамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына кезекті Жолдауында монополиялық нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін атап өтіп, осы бағдарламаны енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін инвестициялық бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы көлемі 914 миллион теңгеден 1 миллиард 825 миллион теңгеге артып, екі есе өсті. Жолдауда желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажеттігі айтылды. Біздің кәсіпорынның есебі бойынша осы мақсатқа 7 жылдың ішінде 114 миллиард теңге қаржы қажет. Алайда, бөлінген қаржы алда тұрған міндетті шешуге толық мүмкіндік бермей отыр.

Өзімізге тиесілі жұмыстың бүкіл маңызын тереңінен сезіне отырып, біз 2023 жылы өз күшімізбен орасан зор жұмыс ауқымын атқардық және осының арқасында белгілі бір мақсаттарға қол жеткіздік. Атап айтқанда, желілер бойынша қабылданған электр қуатының көлемі 1 миллиард 872 миллион кВт,пайдалы электр қуатын беру 1 миллиард 531 миллион кВт болды. Ал, өзіміздің техникалық қажеттіліктеріміз үшін 341 миллион кВт керек болды. Сөйтіп,  нормативтегі 17,52 пайыздың орнына іс жүзінде көрсеткіш 17,44 пайызды құрады.

Есептік техникалық шығындар рұқсат етілген дәліздің төңірегінде. Мұның өзі бізде коммерциялық шығындардың жоқ екендігін, қайта олардың ептеп кемігендігін аңғартады.

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің стратегиялық дамуының шешуші тұстарының бірі негізгі қорларды жаңарту арқылы өндіріс тиімділігін арттыру болып табылады. Компанияда 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға тұтастай бес жылға қарастырылған қаржы шамамен 4,8 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өте аз сома. Ол бес жыл ішінде компанияның барлық энергетикалық қуатының тек 1,5-2 пайызын ғана жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жоғарыдағы қаржыны ұлғайтуға күш-мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені, аталған бағдарламаны  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетінің департаменті бекітеді.

Биылғы жылға жоспарланған жұмыс көлемі және осыған 1,8 миллиард теңгенің мөлшерінде қарастырылған сома жүз пайыз іске асырылды. 2023 жылғы инвестициялық бағдарламаның шеңберінде жалпы ұзындығы 47,3 шақырым болатын 10/0,4 кернеулі электр қуатын беру желілері қайта жаңартылды. Бұған 613 миллион 492 мың теңге қаржы жұмсалды. Ал, 35 кВ кернеулі электр қуатын беретін әуе желілерін 39 шақырым қашықтықта жаңарту 588 миллион 170 мың теңгеге түсті.

Көкшетау қаласында 336 миллион 560 мың теңгеге жұмыс кернеуі 110/10 кВ «Западная» подстанциясын жаңарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы да осы подстанцияны жаңартуға 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғандығын ескерсек, барлық салынған қаржы мөлшері 736 миллион теңгеден асады.

ТП-10/0,4 кВ жабдығын жаңарту жеті подстанцияда 137 миллион 925 мың теңгеге орындалды. Щучинск МЭС-інде 19 миллион 874 мың теңгенің сомасына радио желісін, яғни, радиостанциялар мен репитерлерді жаңарту жұмыстары атқарылды.

Инвестициялық бағдарламалардың көмегімен, сол сияқты, басқа қызмет түрлерінің есебінен тек биылғы жылы ғана 14 автокөлік және арнайы техника сатып алынды. Ал, өткен бес жылдаосындай елуден астам техникаға қол жеткізілді.

Сонымен қатар, 2023 жылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында 1320  шақырым электр желілері мен 311 әртүрлі қондырғыларға 259 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аймағымызда өкінішке орай, халықтың белгілі бір деңгейде анда-мында көшіп-қонуы орын алуда. Жартылай бос шалғай ауылдардағы, қотанында екі үйден он үйге дейін ғана қалған елді мекендердегі тұтынушыларымызға электр қуатын жеткізу қып-қызыл шығын болып отырғаны тағы бар. Бұл туралы біз бұған дейін де айтып жүрміз. Алайда, осындай ауылдардың тұрғындарын электр қуатымен жабдықтауды әлі жалғастырып келеміз. Дегенмен, мұндайда электр желілері мен жабдықтарды оңтайландыру бойынша жұмыстар да жүргізбесек болмайды.

Біріншіден, желілердегі шығындар мен электр энергиясының жоғалуын қысқартудамыз. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біз апаттық сөндірулердің санын көп қысқарттық. Ал, оларды қалпына келтіру үшін үлкен шығындар қажет болатын.

Екіншіден, біз болашағы бар елді мекендерде желілердің сенімділігін арттыру мақсаттарында одан әрі пайдалануға жарайтын босаған тіректерді, сымдар мен оқшаулағыштарды жұмысқа кеңінен қолданамыз. 2023 жылы әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Тайынша аудандарында жоғарыда айтылған жұмыстардың баса жүргізілгендігін атап өткеніміз жөн. Мұнымен бірге, біз жыл сайын компания бойынша орташа жалақының деңгейін арттыру бағытында да жұмыс істеп келеміз. 2022 жылы ол 120 мың теңгені құраса, биыл 40 пайызға өсіріліп, 170 мың теңгеге жетті.

Біздің энергетиктердің үйлесімді және тындырымды жұмыстарының арқасында үйлер мен кәсіпорындарда жарық пен жылу үзілген емес.  Мұның өзі энергетик мамандығының шын мәнісінде жасампаз да жарқын кәсіп екендігін көрсетеді. Біздің көпшілігіміз үшін мұның өзі тек күнделікті атқаратын жұмысымыз ғана емес, сонымен бірге, тағдырымыз, бүкіл өмірімізге таңдап алған айқын жолымыз. Біздің міндетіміз – адамдарға жарық, жылу мен көңіл хошын сыйлау. Соңғы нәтижеде бұл «осы жағынан алаңсыз өмір сүру» дегенді білдірсе керек. Өз басым жаңа қазақстандық энергетиканың игілігін көретін күн де алыс емес деп ойлаймын.Оған барлық алғышарттар да бар.

Дегенмен, бүгін біз үшін ерекше күн – яғни, біздің кәсіби мерекеміз. Сіздердің баршаңызды шын жүректен осы Энергетик күнімен құттықтай отырып, әрқайсыңызға зор денсаулық, амандық-саулық, сарқылмас өмір қуаты мен  кәсіби деңгейде өсу және алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізу қуанышын тілеймін. Әр шаңырақэлектр жарығымен нұрланып, жылумен арқа-жарқа болып, өркениет игілігін молынан көретін болсын. Бұл үшін әрине, біздің әрқайсымызға өз ісімізде үлкен жауапкершілік керек.

Досымхан АРАЛБАЕВ,
«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің бас директоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар