Қазіргі уақытта біздің елімізде Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамалары іске асырылуда. Атап айтқанда, осы жылдың айшықты оқиғаларының бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады.
Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ақмола облысындағы Қосшы қаласының мектеп-гимназиясының құрылысына 7,5 миллиард теңге жеке инвестиция салынды. Мектеп бір ауысымда 1,5 мың оқушыға білім береді. Ол сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген. Тәуелсіздік күні қарсаңында осы облыстағы Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылында 300 оқушыға арналған мектеп ашылды. Ол да Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 1,5 миллиард теңгеге салынған. Мектепте 21 оқу кабинеті бар. Мұнда 250 оқушы білім алады.
Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында елімізде 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEАM және робототехника кабинеттерімен жабдықталды. 1 қыркүйектен бастап 1,6 миллион бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 миллион бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген.
«Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы» әзірленіп, іске асырылуда. Екі облыста балабақшаға есепке алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. 2024 жылы толық іске қосу жоспарланған.
Биылғы қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Осылайша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр. Қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты.
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтар қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылуда. Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды. Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 миллион теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады. Сонымен қатар, жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған. 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15 пайызға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді. Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы, барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға көтерілді. Колледж студенттеріне арналған жаңадан 13 жатақхана ашылды. ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы 133 мың орынға дейін ұлғайтылды.
Зерттеу экожүйесін құру және серпінді технологияларды дамыту мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М.Әуезов атындағы ОҚУ зерттеу университеттеріне айналды. Бұл университеттік ғылымның республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесін ұлғайтуға, экономиканың түрлі салаларында жаңа өнімдер мен технологиялық процестерді құруға, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудан түсетін табысты ұлғайтуға, жаңа кәсіптер мен технологияларды ескере отырып, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Халықаралық академиялық рейтингтерге қатысуды кеңейту есебінен қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігінде танылу деңгейі артты. Мәселен, QS WUR 2023 рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді, көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп отыр. Сондай-ақ, Times Higher Education рейтингінде ҚР жоғары оқу орындарының белсенділігі артып келеді. Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасуда:
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогикалық білім беру сапасын арттыру үшін Дүниежүзілік банк желісі бойынша пилоттық режимде 30 инновациялық білім беру бағдарламасын іске асыру басталды. Олардың ерекшелігі – педагогтардың зерттеу дағдылары мен цифрлық құзыреттіктерін дамытуға баса назар аударылады.
Coursera-мен ынтымақтастық аясында пилоттық жоба ретінде курс енгізу мақсатында қазақстандық 25 жоғары оқу орнының тізімі анықталды. Бүгінгі таңда 44 мыңнан астам студент Coursera платформасында 67 мыңнан астам курстан өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бұл курстар IT, кәсіпкерлік, физика және бизнес салаларын қамтиды.
Primeminister.kz