Желтоқсанның ызғарлы күндері адам былай тұрсын аңның да апшысын қуырған сыңайлы. Әншейінде қарасын көрсетпейтін елік екеш елік те елді пана тұтып, қотанға кіріп кетті.
Әуелі әлеуметтік желіде жарияланған бейнебаяннан көргенбіз. Жақсы ауылынан шыққан өкпек жолаушы түсіріпті. Атбасарға таяғанда жолдың қос қапталында жүздеген елік жосып жүр. Қарасыны сондай көп. Әрине, Көкшетау даласы еліксіз емес, бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ, дәл мұндай үйір-үйірімен жосып жүргенін ешкім көзіне іліктірген жоқ шығар. Таза ауаға тәбетің ауып, орман-тоғайды аралай қалсаң, бірлі-жарымы жанарыңа ілігетін. Әдемі, тұңғиық көздерімен жасқана қарап, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнауына сіңіп кетер еді. Бұл жолғысы тіпті ғаламат. Астығы жиналып алынған алқапта, ағаш бауырында жосып жүр. Қара жолдың бойында тынымсыз ағылып жатқан көліктен де сескеніп, бой тасаламайды. Мұншалықты көп елік қайдан келді екен? Аң жайын білемін дейтіндердің айтуына қарағанда, іргедегі Сібірден ауған сыңайлы. Осы пікір қисынға келеді. Дәл қазір иен далада еліктің аузына іліге қоятын азық та жоқ. Сабанды шетелдік комбайндар уақтап үгіп, шашып тастаған. Даланың ерке аңы былай тұрсын, жылқы жарықтықтың да несібесі азайған.
Ақ қар жамылып, томаға-тұйық күй кешкен жалпақ жонда жан бағатын ырыздық таппады ма екен, елік байғұс ел ішіне еніп кетті. Алдымен Көкшетау қаласы мен Зеренді жақ беттегі саяжайлардың ішінен көзге іліккен. Келесі күні қаланың қақ ортасындағы демалыс паркінің маңынан табылды. Қопа көлін жағалай сірескен мұз үстінде әлденешеуі жүр. Қалай болған күнде де тағы емес пе, үркеді әрине. Ауыл-ауылдың ішіне кірген елік атаулы итке жем болмасына кім кепіл?! Табиғатқа, оның төл баласы – елікке жаны ашитын ағайын шөп шашып, жем төксе екен дейсің де. Сөйтіп, қолындағы барымен бөліссе, түз тағысы тулақтай тозбай, тұяғын сақтап қалар ма еді, кім білсін. «Бір қысқа қоян терісі де шыдайды» дегендей еліктің еркелігін көтеруге елдің елдігі де жетіп қалар. Шыбын жанын сақтаймын деп шырылдап ауыл аралаған кербез кескінді, жаутаңдаған жанарлы жан иесінің обалын арқалағанда не табамыз. Елдегі ақсақал қанды ауызын қамдаған ашкөздерге тәйт деп тыйым салса, тамаша болар еді!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.
P.S. Иә, ауыл мен қала кезген елік мәселесі қазір көпшілікті ойландырып әрі алаңдатып отырған жайы бар. Бұл өзі бұрын байқалмаған, солай болар деп ойламаған тосын жағдай. Қалаға кіремін деп қаңғып жүрген иттерге жем болғандары да бар. Кейбіреулерін қанша солай істейін демесе де, көлік қағып кеткен оқиғалар да орын алып жатыр. Ана бір күні жұрт облыс орталығының Абай көшесі бойындағы балалар көркемсурет мектебінің жанында өліп қалған бейкүнә жануарды қаумалап, жандары ауырып, қиналып тұрды. Әдетте, қала мен ауыл ішіне ашыққан аң кіреді ғой. Бұл жолы мамандардың бәрі бірдей еліктер солай кіріп жатыр деген пікірлермен де келісе бермейді.
Ақмола облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтен осы мәселенің мән-жайын сұрағанымызда:
–Бұрын шынында бұл көзге түспеген құбылыс. Бұлай болуы жөнінде пікірлер әртүрлі. Он маман болса, он түрлі айтуы мүмкін. Соның ішінде ашықты деген пікірлер де бар болғанымен, қалаға кірген еліктердің бір қарағанда күйі нашар деп айтуға келмейді. Меніңше, күз айы жылы болып тұрды да, арктикалық суық келіп, мал-жанды қысып жіберді. Табиғаттың осы бір қатты зардабынан не істерлерін білмей қалған жануарлар елді мекендерге бас қойды ма деп ойлаймыз, – деген өз ойын алға тартты.
Қалай болғанда да бүгінде қалаға келіп, ана жер, мына жерде кейде жалғыз-жарым, кейде топталып, жосып жүрген еліктердің бұл жағдайы таң қаларлық. Әйтеуір, тілшіміз анық аңғарып, қанық жазғанындай, ешкімге қысастығы жоқ, жанары жәудіреген бейкүнә жануарлар көлігі ығы-жығы, әркім бір алып-ұшқан қаладан көзі үйренген кең далаға, қалың ағашына аман жол тауып, үйірлеріне қосылып жатса, көңіліміз соған тоқ болары айдан анық.