Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын жер-жерде қылқан жапырақты шырша ағашын сатушылар мен оны сатып алушылардың саны көбейе түсетіні шындық. Неге десеңіз, кез-келген тұрғынның жасанды шыршадан гөрі, табиғи шыршаны таңдайтыны анық. Сол себепті де, жыл сайын орман сақшылары шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.
Міне, осы кезеңде орман қызметкерлерінен арнайы жедел топтар құрылып, шыршаны заңсыз кесуден қорғау шаралары қолға алынады. Өйткені, табиғатымызды қорғамасақ, мереке сайын жасыл шыршаны кесе берсек, табиғаттан не қалады? Осы табиғи шыршаларды үйге орнатып, одан әрі қоршаған ортада қауіпсіздік ережесін сақтамаудан да неше түрлі қауіпті жағдайлар орын алуы ғажап емес. Сондықтан, осының бәрінің алдын алу керек, әр тұрғын саналы түрде табиғатты қорғап, сақтай білуіне қол жеткізу қажет.
Шырша ағашы өте баяу өседі, ал, адамдар көбіне енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас қарағайларды кеседі. Ал, сол кесілген ағашты бар болғаны бірнеше күн ғана пайдаланып, содан кейін лақтырып тастайды. Осы орайда, еске сала кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру тұрғысындағы заң бұзушылықтар үшін тиісті жауапкершілік қарастырылған.
Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта сілтегендерге арнайы айыппұл салынады. Ал, тым шектен шығып, орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жалпы, орманның ең сұлу жаратылысын заңсыз отауға тек жаңа жыл қарсаңында ғана емес, жалпы жыл-он екі ай бойына қатаң тыйым салынады. Адамдардың барлығы табиғаттың қадірін түсінгенде ғана, елімізде қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын жаны таза, адал ұрпақ қалыптасады. Орманда өсіп тұрған ағаш та заңның қорғауында екенін ұмытпайық, ағайын!
Ең бастысы, қылқан жапырақты шырша ағаштарын сақтай отырып, бәріміз бірге туған өлкемізді одан сайын көркейте түсейік. Осы үшін келер ұрпақ, бәлкім, бір кезде бізге алғысын білдірер…
Тетейхан МОЛДАБЕК,
Бұқпа орман шаруашылығының орман шебері.
Көкшетау қаласы.