Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» - АРҚА АЖАРЫ

«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атап өткеніндей, ағымдағы жылел тарихында ерекше орны бар ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларына толы жыл. Тарих тағылымында терең орын алатын сан ғасырлық мәдениетімізбен өнерімізді тағы бір түгендеп, мол мұрамызды толықтыра түсуге бұлда септігін тигізері хақ.

Жуырда осы сөзіміздің айғағындай, облыстық әдебиет және өнер мұражайының ұйымдастыруымен «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл жиын қазақтың даласын әнге бөлеген, киелі Көкше мен Арқа өңірінде сал-серіліктің салтанатын құрған, ардақты бабамыз Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдық мерейтойына байланысты атқарылды.

Іс-шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, кештің арнайы қонағы, Біржан салдың шөбересі Марал Мұқаметқалиұлына әкімдіктің атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Оған қоса, Біржанның әкесімен бірге туған Қожамқұлдан тарайтын ұрпақтарының атынан Ақмола облыстық Қоғамдық Кеңесінің басшысы Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, ата-тегінің таралуы мен қазіргі ұрпақтарының қоныстанған жерлері туралы мәліметтер берді. Ермек Бекенұлының сөзінше, Ақсары Керейден тарайтын Бертіс бидің Ақшуақ, Жаншуақ, Байшуақ, Қожамқұл, Қожағұл атты бес ұлы болған. Бертіс би 1700 жылдар шамасында солтүстік өңірден қазіргі Біржан сал, Бурабай, Бұланды аудандарына көшіп келіп, қоныстанып, мекен еткен. Қазіргі таңда да, төрт атадан тараған ұрпақтары аталған өңірлерде ата жолын өшірмей, түтінін түтетуде.

Сонымен бірге, кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы облыстың филиалының директоры Ерболат Баятұлы, әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек, тарихшы Аманбай Сейітқасымов, жоғарыдағымузей директоры Нұрбек Нұралин қатарлы зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Біржан сал өмірінің шығармашылығы, қилы кезеңдері, ерекшеліктері туралы әңгімелер айтып, көрерменмен бөлісті. Жалпылама алғанда өткен ғасырда жазылған тарихи романдардың, еңбектердің кеңестік цензурамен жазылғаны күннен күнге дәлелденіп жатқаны айқын. Қазірде сал Біржанның өмірінен сыр шертетін құнды деректер аз емес, киноларда түсірілді. Бірақ, өткен ғасырда бұндай мүкіндіктердің болмағаны белгілі. Дегенмен, сонау Алатаудың күнгейін қоныс еткен қырғыз ағайындардың 1971 жылы түсірген(режиссері Болотбек Шамшиев)«Алые маки Иссыккуля» (Ысык-Көлдүн кызгалдактары) фильмінде қырғыз ақынының сері Біржанды көріп, өнеріне тәнті болғаны туралы деректер келтіріледі. Осы дәйекті алып қарасақ, салдың қазақ даласында ғана емес, бір туған қырғыз еліне де атағы жеткеніне куә боламыз. Кешке қатысушы тарихшыларымыздың мәліметтерінше, Біржанның ақын Сарамен кездесуі де осы қырғыздарға барып қайтқан сапарында болған деседі. Жетісу бойындағы Біржан мен Сараның айтысы осылай туындаған. Ол кезде Сара небары 13-14 жасар қыз болған.

Сондай-ақ, Біржанның кескін-келбеті мен таусылмас дархан өнері суреттелген «Абай жолы» роман-эпопеясының «Біржан сал Абай ауылында» тарауын әдебиетсүйер көзқарақты оқырманнан оқымағандары аз шығар. Біреуі қазақтың данасы, екіншісі күміс көмей сал-серілердің дарасы. Осы бір әсерлі кездесуді оқып отырып, сері болуды бір рет армандамай қалу мүмкін емес-ті. Қазақ әдебиетінде өшпейтін із қалдырған ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтың аталған төрт томдық кітабы да кеңестік идеологияның қыспағында жазылғаны бұған дейін айтылып келді. Жақында «Абай жолы» романының кеңестік цензура кескен тұстары қосылып, толықтырылған жаңа нұсқасы шықты. Онда Мұхтар Әуезов шығармасының 1942 және 1947 жылдары жарық көрген нұсқасы қамтылған. Бұны айтып отырған себебіз, өз сөзінде Ерболат Баятұлы айтып өткеніндей, бұл еңбек цензура қыспағын көрмей жазғылған болса, екі алыптың кездесуі оданда әсерлі, керемет, мол рухани мұра болатын еді.

Тұлпардың тұяғы тозып, құстың қанаты талар ұлы далада Біржанның әні жетпеген жер жоқ десек артық болмас. Бүгінгі өнердің мәні мен сәні кеткен, ессіз әуен билеген кері заманда асылдай құнын жоғалтпас Біржан әндерін сағына тыңдайтын халықта, әуелетіп орындайтын әншілерде үзілмей, жалғаса түсуде. Бұл көріністі осы кештен де көріп, көзайым болдық. Әдеби-сазды кештің сәнін келтірген, осы жылы 70 жасқа толған мерейлі мейрамы аталып жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова Біржан әндерін нақышына келтіре орындап, жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды. Және де дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Кенжебай Мұқышев та серінің әуезді әндерін қайыра жаңғыртып, көпшілік қауымның көңіл сарайын ашты. Осындай дәстүрлі қазақ өнерін ұлықтаған жезтаңдайларымыздың арқасында Біржан Қожағұлұлының осы кезге 60-қа жуық әні жеткен. Оның әндері нәзік сезімді сұлулықпен үйлескен сыршылдығына қоса, әлеуметтік мән-мазмұнымен де құнды.Біржан сал патриархалды-феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін жосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған қайталанбас суреткер. Осыған орай, ұлы тұлғалардың өмір жолын зерттеу барысында Біржан сал қалыптастырған өнер мектебінің жабық тұстарын ашуды, таусылмас мұрасын ұрпақ санасына сіңіруді көздеген жазушылар мен тарихшы, ғалымдар алдағы уақытта да ардақты бабамыздың есімін ел жадында жаңғырта беруді басты назарда ұстайтындықтарын атап өтті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар