62-қадам. Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру. Бизнес-көшбасшыларды айқындау ноу-хау трансферті үшін біліктілік орталықтарын құру мүмкіндігін береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ел экономикасының күретамыры ауыр өнеркәсіп саласын бәсекелестікке сай дамыту бағытында алда тұрған басты міндеттерді тағы бір көрсетіп берді. Осы күні көзіміз көріп отырғандай елімізде экономиканың дамуы үшін кең құлашты жоспарлар мен ауқымды шаралар қолға алынуда. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға да зор көңіл бөлінген. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа экономикалық саясат аясында жергілікті жерде іскерлік белсенділікті арттыруға зор көңіл бөлуде. Нақтырақ айтқанда, дағдарысқа қарсы және құрылымдық қалыптастырулардың негізгі бағыттары ретінде өңірлерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр.
Бүгінгі таңда республикада бизнесті несиелеуге қолайлы жағдай жасалынған. Мәселен, «Степногорск-Еуропалық подшипник корпорациясы» акционерлік қоғамы «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы болып табылады. Аталған бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көмектің арқасында кәсіпорын барлық бағытта өзінің жағдайын жақсартып алды.
Біздің белгіленген межеге жете алатынымыздығын сеніммен айта аламын. Осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген болатынбыз. Соңғы кездері теміржол саласынан сұраныс азайған соң кәсіпорын еуропалық үлгідегі подшипниктердің жаңа түрін шығаруды қолға ала бастады. 2012 жылы кәсіпорынға «ЕПК-Мәскеу» ашық акционерлік қоғамының подшипник өндірісі номенклатурасын
ауыстыру» инвестициялық жобасы аяқталды. Мәскеуде жабылып қалған зауыттан қажетті бөлшектер тасымалданды. Ол жақтан мұнда 370 қондырғы жеткізілді. Осының арқасында 2015 жылдың қорытындысы бо-йынша зауытта 10,3 мың тонна подшипник немесе 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Биылғы жылдың бес айында жаңа үлгідегі 71 мың дана подшипник немесе 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Дайын өнім Қазақстан мен Ресей нарықтарына саудаға шығарылуда. Жаңа өнімге сұраныс бар. Келешекте зауыт бұл көлемді көбейтуді межелеп отыр.
Кез-келген өндіріс басшыларының мақсаты, ол еңбек өнімділігі мен өнім сапасын жақсарту. Сол себепті, өндірісте ең бастысы шығынды азайтып, өндірісті жаңғырту мен жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеру сияқты жұмыстарды қолға алу маңызды. Өз басым мұны әрбір өндіріс басшысы ұстанады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жоғары біліктілік пен білімді талап ететін кез-келген кәсіпорын мен өндірісте арнайы білімі бар мамандар әрқашан жетіспейді. Сондықтан, кадр мәселесіне көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде ірі өндіріс ошағында 1838 адам еңбек етеді. Бұл санның ар жағында тәжірибелі, білікті мамандар тұр. Бір кездері білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап, жоғары кәсіби деңгейіне жеткен білікті мамандардан айырылып қалған болатынбыз. Сондықтан, подшипник өндірісінен еш хабары жоқ жаңадан келгендерді басынан бастап, қайтадан үйретуге тура келеді. Кадрлардың тапшылығы бүгіндері де байқалады. Осы орайда, айта кету керек СПЗ-да бұрындары жұмыс істеп кеткен азаматтар қайта келіп жатса, біз оларды тұрақты жұмыспен, еңбекақымен қамтамасыз етуге дайынбыз. Мысалы, ұсталық-штамптау цехына адамдар қажет, өйткені, бұл саладағы біздің сапалы қызметке ұсыныс жоғары. Сондай-ақ, тегістеу-құрастыру цехына да мамандар жетіспейді. Шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін жұмыс болғандықтан, жас мамандарды үйретіп тәжірибе жинақтауға көмектесеміз.
Еңбек жағдайын жақсартумен қатар оның қауіпсіздігін ескерген де абзал. Біз бұл тұрғыда мақтанышпен айта аламыз. Степногорск подшипник зауыты қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға байланысты өткен республикалық байқауда «2011 жылдың ең үздік қауіпсіз кәсіпорны» атанды. Егер 2010 жылы жекелей сақтануды қаражатпен қамтамасыз ету үшін 23 миллион 502 мың 326 теңге бөлінсе, соңғы бірер жылда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артты. Еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаражат жағынан тартынып қалмау керек. Мұндай қадамды Еуропалық подшипник корпорациясындағылар да тиімді деп отыр.
Компанияда жұмысшылардың еңбекақысын өсіру де маңызды мәселе болып отыр. Бұл үрдіс қазіргі кезде де байқалады. Оған негіз өндіріс көлемі мен жұмысшылардың кәсіби деңгейінің және шығарылып отырған тауар сапасының жақсаруы деп білуге болады. Расында да, қазір инфляцияның деңгейі жоғары, адамдардың өмір сүру деңгейін де жақсарту басты мақсат.
Әрине, дағдарыс болған соң қиындықтар болады. Бірақ та, дағдарыстан шығу кезінде басқа кәсіпорындар сияқты жұмысшылар санын қысқарту жолын таңдамағанымыздың дұрыс болғанына тағы да көзім жетіп отыр. Бізде кадрлар жетіспегендіктен, Еуропалық подшипник корпорациясындағы зауыттардың тәжірибесіне сүйеніп, әйелдерді жұмысқа қабылдадық. Тәжірибе көрсеткендей нәтиже жаман емес. Ал, өндірісті жаңғыртуға келетін болсақ, инвестиция салу ол ең басты шығарылатын өнім сапасын көтеру үшін маңызды. Бүгінгі күні барлық ескірген паркті жаңарту үшін миллиардтаған қаржы қажет. Ал, ондай қаржы бізде жоқ. Сондықтан, қолда бар қаржыға мүмкіндігінше жұмыс жасалуда. Көп қаржы істен шыққан ескі құралдарды қайта қалпына келтіруге жұмсалуда. Мәселен, бізде ірі габаритті екі метрлік шестерня, тірегіштер, траверс сияқты құралдар қолданылып, жыл сайын жаңартылып отырады.
Сондай-ақ, сапаны бақылау құралдарын да сатып алудамыз. Бір сөзбен айтқанда экономикалық жағынан тиімді дегеннің бәрін қолданудамыз. Жақында елордада өткен Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында облыс әкімі Сергей Кулагин мен «Еуропалық подшипник корпорациясы» басқармасының төрағасы Александр Москаленконың екіжақты әріптестік туралы меморандумға қол қоюы соның бір айғағы іспеттес.
Аталған меморандум аясында «Степногорск-Еуропалық подшипник корпорациясы» акционерлік қоғамын дамытудың стратегиялық бағыты бойынша әріптестік жүзеге асатын болады. АҚШ-тың «TIMKEN» компаниясымен бірлесіп, құны 50 миллион долларды құрайтын индустриалды подшипниктер өндірісі бо-йынша жобаны жүзеге асыру қарастырылған.
Елбасының әр Жолдауы қазақстандықтарды қанаттандырып, сенімін нығайта түседі. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында алға қойып отырған міндеттері ауқымымен ғана емес, нақтылығы және терең ойланып барып, ақылға салынғандығымен ерекшеленеді. Бұл ретте, жобаларды жүзеге асыруда сандар мен көлемі сөз болып отырған жоқ. Ұйымдастыру және техникалық жобасы нақты қаржы көзімен бекітілгені қуантып отыр. Бүгінгі таңда барша қазақстандықтар өздеріне Елбасы үлкен сенім мен жауапкершілік артып отырғанын жақсы түсінеді. Өз басым облыстағы ірі кәсіпорын басшысы ретінде жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, өңірдегі өндіріс орындарының алды болуға бар ұжым болып, күш-жігерімізді қосатын боламыз.
Анатолий ТОМИЛОВ,
«Степногорск-Еуропалық подшипник
корпорациясы» акционерлік қоғамының
бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Степногорск қаласы.