Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова: «Айналайын Көкшеден, еркелеткен!» - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова: «Айналайын Көкшеден, еркелеткен!»

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың өнер жолына биыл 50 жыл болса, өнер иесінің өзі мерейлі 70 жасқа толып отыр. Осы айтулы датаға орай, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Айналайын Көкшеден, еркелеткен!» атты тақырыпта шығармашылық концерт ағымдағы жылдың 23 ақпанында «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізіледі. Біз осы мерейлі мереке қарсаңында Көкшенің маңдайалды әншісімен кездесіп, өнер және өмір жолы туралы әңгімелесіп, сыр-сұхбат құрдық.

 Жаны таза жандардың көңілдері даладай дархан, өздері баладай сенгіш келеді. Бисара апаймен жолыға қалсам болғаны, ол кісінің аппақ көңіліне, жасандылығы жоқ мінезіне қарап тәнті боламын. Сұхбаттасқан бірер сағаттың ішінде әсерлі әңгіме үзілмесе екен деп отыратының бар. Қалжыңдары да сондай жарасымды! Күлген сәтте жүзіндегі өзіне жарасымды әдемі ойықтары да кескін-келбетіне ерекше реңк беріп, көркем ажарын айшықтай түседі.  Бұл жолы Бисара апай өзінің ата-анасы, өскен ортасы туралы көп әңгімеледі.

«Тау баласы тауға қарап өседі»

Алатаудың жаңбыры мен нөсері,

Бала күнгі жан досымыз кешегі.

Тау өзені басын таудан бастайды,

Тау баласы тауға қарап өседі, – деп ақиық ақынТұманбай Молдағалиев жырлағанындай, тауға қарап өскен қызғалдақ қыздың бірі Бисара апайымыз емес пе?! Балапан арман, бала қиял қияға қанат қақпай тұрмайтыны анық. «Апай, туған жер, өсіп-өнген ортаңыз туралы әңгімелеп беріңізші» дегенімізде, апайдың бізге «Айналайын, тау баласы тауға қарап өседі» деп ақындар жырлағанындай, мен таудан қуат алып өскен қызбын!» деп айтқан жауабы бізді ойландырып тастады. Шынымен де, апайдың бекзат болмысынан өзіне тартып тұрар бір биіктік байқалады емес пе?..

Бисара Мәкенованың есіміне жастай қанықпын. Ол кісінің болмысын, рухани жан дүниесін жақынырақ танымас бұрын, әніне ынтызар болып өскен балалардың бірімін. Себебі, біз өскен қара шаңырақтан да қазақтың әні үзілмеген. Әкем Тыныштық Шаменов ақын-композитор, тума талант еді. Әкемді Көкше өңірінде танымайтын өнерсүйер қауым кемде-кем шығар. Жақсы адамның баласы болуды Алла менің маңдайыма жазған бақыт деп санаймын. Себебі, тектілік атадан берілер қасиет емес пе?! Әке дегенде әрине, менің көңілім ерекше толқиды. Қыз бала әуелден әкеге жақын болып өсетіні бар. Дәл қыз баладай әке жүрегін кім сүйе алады? Қыз жүрегі жібектей нәзік болса, оның әкеге деген сезімі жібектен де нәзік, бұлақтан да мөлдір, асқақтығы бұлттан да биік!..

Бисара апаймен сұхбаттаса отырып, ол кісінің өнерге деген ынтызар көңілі соо-онау балалық шақтан бастау алғандығын білдім. «Әкем тартқан «Сылқылдақ» күйі күні бүгінге дейін құлағымда», «Әке дегенде жүрегімде күй ойнайды, ана дегенімде ып-ыстық мейірім жанымды шексіз жылылыққа бөлейді. Осындай бір көңіл ауанында өзімде анам салған әндерді ыңылдап  айтып отырғанымды байқамай қаламын. Аңғарған сәтте адам жүрегінің қартаймайтындығын, бала көңілдегі  ата-анаға деген сол бір  риясыз сезімге ешқашан селкеу түспейтіндігін ұғындым»дейді апайдың өзі.

– Ата-ана туралы сөз қозғағанда әрине, алдымен туған жерің, қара шаңырағың ойыңа оралатыны бар. Балалық деген ең тәтті кезең ғой, шіркін! Елің, өскен ортаң туралы ой сабақтар тұста кез-келген саналы адам тебіренбей қоймайды, ерекше елжіреп кететіні бар, әрине.  Мен қазіргі Абай облысына қарасты Ақсуат ауданының Көктүбек деген ауылында дүние есігін ашқан баламын.  Көктүбек, Көкжартас, Кіндіктінің табиғаты қандай тамаша еді-ау! Бала кезімізде бұрымымызды самал жел сипап, тауға қарай жүгіріп, жартас-жартастың арасында тығылмақ ойнап, бауырларыммен таудың бөктерінде асыр салып ойнайтынбыз, бұлақтан мөп-мөлдір, зәмзам су ішіп, жап-жасыл түкті кілемдей көздің жауын алатын жасыл желектің үстінде жатып ән салатынбыз. Әкеме жақын болып өстім. Үйдегі бес қыздың кенжесі болғаннан кейін бе, кім білсін, ата-анам мені ерекше еркелететін. Бұла, еркін, ерке өскенменіелдегілер тіпті «машақат» деп те атайтын. Себебі, мен жұмыстан шаршап келген әкемнің арқасына мініп алып, оған бір сәт те дамыл бермейді екенмін. Әкем қанша жерден шаршап келсе де, маған дауыс көтеріп сөйлеген емес. Керісінше арқасына мінгізіп алып, ерке қызының еркелігін көтеріп, ен жайлауда менімен балаша асыр-салып ойнайтын. Маған «Машақат» деген ат аса ұнамайтын, әкем соны сезіп қалды ма, біреу мені солай атаса, бірден «менің қызым «машақат» емес, «мишкам менің» деп еркелететін. Содан ел мені солай атап кеткен. Киіз үйде анам бізді ақ самауырынын сарқылдатып қайнатып, дастарханын жайнатып, күтіп отыратын. Сонда әкем дастархан басында міндетті түрде қолына домбырасын алып, күй тартатын. Саусағынан саз төгілген керемет домбырашы еді. Нота білмейді, бірақ, атақты күйшілердің шығармаларын айна-қатесіз орындайтын. Ән мен күйге деген ынтызарлығым әкем арқылы менің бала жүрегіме сол балалық шақтан нық орнады деп ойлаймын. Ол кезде қазіргідей технология жоқ, жалғыз-ақ кішкентай транзистор болатын. Сол транзистордан берілетін әр хабарды ойын баласы болсақ та қалт жібермей, үлкен ықыласпен тыңдайтынбыз. «Шалқардан сөйлеп тұрмыз!»  деп басталатын хабарларды әсіресе, мен, асыға күтетінмін. Ол кезде елге танымал Ләззат Сүйіндікова деген керемет әнші апайымыз болды. Сол кісінің әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Бертін келе естіп-білдім, сол әнші түбі көкшетаулық екен. Ләззат Сүйіндікованың «Бір келіншек», «Тау ішінде» деген әндерді орындағаны қатты ұнайтын. Домбыра тарту білмесем  де, радиодан естігенімді, жатқа айтып үйреніп алғаным бар. Ал, домбыра тартуды мектепте намысқа тырысып үйрендім. Әкем домбырашы, анам әнші, өнер менің қанымда бар қасиет қой, – дейді Бисара апай балалық шағын есіне алып.

Иә, тегі жақсы тегін болмас деген, рас-ау, сірә! Анасы Рахима мен нағашы ағасы Рақымжан да өнерпаз болса керек. Анасының суырыпсалма ақындық өнері де болған екен.

– Анам өте қамқор, өте мейірімді жан еді. Біз мектептен келгенде жылы жұмсағын дайындап,  сағына күтіп отыратын. Ата-анамыз қыстақта тұратын, біз көрші ауылдағы мектепте оқимыз.  Біздің қыстақ таулы жерде орналасқан. Таудың арасында жалғыз-ақ соқпақ болатын. Сонда кейде автобус сынып, жартас-жартастың арасында жаяу жүретінбіз. Бір ғанибеті, сондайда үнемі әкеміз алдымыздан атпен қарсы алатын. Сөйтсек, анамыз қыздарды өзің барып қарсы  алшы, бір көмек керек болып қалса, қамқор боларсың дейтін көрінеді. Сондай сезімтал, мінезі жұмсақ, жақсы адам еді. Әншілігі де, ақындығы да бір төбе еді. Өнерге уызымыздан жарыдық десек артық айтпағандығым. Үйдің үлкені Гүлсім апайымды ауыл-аймақ əнші қыз деп те атап кеткен. Тіпті, ол кісінің өнеріне атақты Күлəш Бəйсейітованың өзі зор баға берген. Гүлсім апайым мектеп оқушысы болған кезінде біздің жаққа Қанабек Байсейітов бастаған өнер тарландары келіпті. Сол өнерпаздардың арасында қазақтың əйгілі əншісі Күлəш Бəйсейітова апайымыз да өнер көрсетіпті. Гастрольдік сапармен елге келген əртістерге Гүлсіма пайымыз ауылдың алты ауызын айтып, өз өнерін ортаға салса керек. Гүлсім апайымыздың дауысына тəнті болған Күлəш Бəйсейітова қолқа салып, «мен осы қызды өзіммен бірге Алматыға ала кетейін, арнаулы оқу орындарында оқытамын, болашағы зор əншіекен, маған аманаттап тапсырсаңыз, балаңыздың өнеріне өріс ашуғажəрдемдесемін» десе керек. Бірақ, əке-шешеміз«əлі кішкентай, қалың қалаға қызымызды қалай жібереміз» деп келісімін бермесе керек. Күлəш апай қоярда-қоймай «Гүлсімді маған сеніп тапсырыңыздар, өз үйімде тұрады, өзім оқытамын» деп өтінішін білдіріпті. Ауыл болып қолқа салса да, əке-шешеміз апайымызды Алматыға жібермей қойған екен. Ата-ана деген өз бауыр еті баласының көз алдында жүргенін қалайды ғой, – дейді апай.

Бисара Мәкенқызы әңгіме барысында өскен ортасы, отбасы, туған-туыс, бауырлары туралы сөз қозғағанда, жан дүниесіндегі ерекше бір тебіренісін аңғарып қаласың. «Бауырларымнан көз жазып қалдым, Тағдырдың жазғаны болар, осы ой менің жүрегімді қатты мазалайды». Өзі емес, жүрегі сөйлеп тұрғандай. Адам баласы үшін туған жердің, туған үйдің, туған бауырдың орны бөлек қой қашанда…

«Мектеп сахнасы – арманымның бастауы»

Бисара апайдың әсерлі де жылы әңгімесінен жалықпайсың. Керісінше, мұндайда уақыттың да қалай зымырап өтіп кеткенін аңғармай қалатының бар. Әңгімесі әдемі, образдап жеткізгенде, өзіңді тура бір сол оқиғаның ішінде жүргендей сезінесің. «Әнші боламын деп ойлаған жоқпын. Болашақта спортшы болатын шығармын деп ойлайтынмын. Өйткені,  жасымнан спортқа бейім болдым.  Мен сынып намысын қорғаймын деп әнші атанған баламын» дейді өзі жылы жымиып.

– Әкем Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін мал шаруашылығымен айналысты. Елдегі озат шопан болатын. Біз мектепті көрші ауылдардан оқыдық. Жоғары сыныпты да Кіндікті деп аталатын көрші ауылдың мектеп-интернатында оқып, тәмамдадым. Сол кездегі адамдардың өнерге деген ынтызарлығы ерекше еді ғой. Әр сыныптың оқушыларынан құралған мектеп ансамблі болатын. Мен сол ансамбль құрамының сахнадағы өнеріне, тіпті дайындық сабақтарына да сыртынан қызыға  қарап, үнемі бақылап жүретінмін. Арманым – сол ансамбльдің құрамында өнер көрсету. Кітапханашы Әмина апайдан «мені ансамбль құрамына алыңыздаршы» деп жалынып сұрайтынмын. Ол кісі маған алдымен домбыра үйренуің керек деді. Содан жаз бойы нота білмесем де, есту қабілетіме сүйеніп,  өзімше бірнеше күй тартып, үйреніп алдым. Сөйтсем, менің үйренгенімнің барлығы қате. Бірақ, менің талабымды ескеріп, мектептегі ансамбль құрамына алды. Сондағы алаулаған қуанышымды көрсеңіз! Болашақта әкем  сияқты күй тарта білсем деп армандайтынмын. Сол кездері сыныпаралық өнер жарыстары көп ұйымдастырылатын. Бір қызығы, барлығымыздың білетініміз бір күй, қоржынымызда бір репертуар.  Қарсылас сыныпты жеңу үшін сценарийге өзгеріс енгізу керек. Интернаттағы қыздар мұғалім апайға менің ән айтатынымды айтып қойыпты. Қыздар арасында ән айтқаным болмаса, дүйім жұрттың алдында ән салған емеспін. Мектепке келіп едім, сынып жетекшіміз Раушан апай мені көрген сәтте «Мәкенова ертеңгі өнер жарысында сен домбырамен ән шырқайсың. Айтпасаң, жеңуіміз екіталай. Намысқа тырыс!» – деді. Ал, содан не керек,  түнімен отырып өзім жақсы көретін «Бір келіншек» әнін домбыраға басып үйреніп, келесі күні ел алдында домбырамен ән айттым. «Сахнада – Бисара Мәкенова» дегенді естігенде жүрегімдегі толқынысты айтып жеткізе алмаймын! Бұл менің сахнаға әнші қыз болып шыққан алғашқы қадамым еді. «Мәкеннің қызы тәп-тәуір әнші екен!» деген мақтау сөздерді естіген сәтте арманыма қанат біткендей әсерге бөлендім. Сахнада өзімді сондай еркін сезіндім. Сол шағын ауылдағы мектеп сахнасы – өнер әлеміне жасаған алғашқы қадамым екендігін мен сол сәтте сезген жоқпын. Бәлкім, жүрек сезгенде болар…», – дейді Бисара апай өткен күндерді еске алып. Иә, бала жүрек алдамайды, сірә да. Мектеп сахнасы – арман жолға, жаңа жолға, дара жолға соны соқпақ салған бастау еді!..

«Майталман мамандардан дәріс алдым»

– Мектепті бітірген соң біз Көкпекті ауданының  Егіндібұлақ ауылына қоныс аудардық. Сол ауылда әкемнің ағайындары тұратын. Мен ауылдағы балабақшаға жұмысқа орналастым. Әншілік өнерім бар, ауылдағы мәдени-көпшілік жиындардың барлығына қатысып жүретінмін. Сөйтіп, бірде ауданда өтетін өнер додасына шақырту алдым. Ол жерде жақсы өнер көрсеткенім болуы керек, Көкпекті ауданындағы мәдениет үйіне жұмысқа  шақырту алдым. Бірден көңілім дауаламады. Бірақ, ата-анам өздері қолқалап,  аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Мәдениет үйінде еңбек ете жүріп, аудандық халық театрында да өнер көрсеттім. Бірде біздегі іс-шараға Семейден Есмұхан Обаев бастаған өнерпаздар келді. «Шұғаның белгісінде» Шұғаның рөлін сомдадым. Өнеріме тәнті болған Е.Обаев мені облыстық театрға жұмысқа шақырды. Ол кезде ұяң мінезді ауыл қызымыз, тағы да арманыма тосқауыл қойдым.  Бірақ, өнерді шыңдау керек дегендей,сол мақсатта Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің домбыра класына сырттай оқуға түсіп, М.Айдаболовтың сыныбында білімімді жетілдірдім. Ұстазым мені үнемі «оң қолыңның серпіні мықты» деп мақтайтын. Сырттай оқуымды жалғастыра жүріп, аудандағы мәдениет үйінде еңбек еттім. Ол кезде өнер майталмандары аудандар мен елді мекендерді аралап, ел ішіндегі өнерлі жастарды іріктеп,  топ жарғандарды Алматыдағы өнер ордаларында оқытуға жолдама беретін еді. Осындай бір мүмкіндік біздің де бағымызға бұйырып, аудандағы Қарлығаш есімді құрбым екеуіміз, облыс орталығындағы халық шығармашылығы орталығына жолдама алдық. Бірақ, Қарлығаш отбасылық жағдайына байланысты бара алмайтын болып, мен облыстағы мәдениет ордасына бір өзім барып, облыс орталығына аудандардан жиналған өнерлі жастардың қатарында Алматыға жол тарттым.  Алматыда Е.Серкебаев бастаған өнер майталмандарының алдында өнер көрсеттік. Бізді іріктеуден өткізді. Комиссия алдында «Ақ Жайықты» орындадым. Сол жерде атақты әнші, Майра Ілиясовамен таныстым. Күні бүгінге дейін Майра менің өнерде де, өмірде де рухтас, сырлас, сыйлас жан құрбым. Осылайша Алматыдағы эстрадалық-цирк студиясыныңтабалдырығын аттадым. Осы сəттен бастап, өнерге кәсіби тұрғыда ден қойдым. Өнер ордасында біз Қайрат Байбосыновтан Арқа əндері класы бойынша тəлім алдық. Қайрат ағамыз гастрольде жүрген кезде Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов, сияқты мықты майталмандар дәріс берді. Небір қиын-қиын әндердің иірімдерін нәшіне келтіріп орындауды үйрендік. Студияны бітірген соң жолдамамен Көкшетау облыстық филармониясына орналастым, одан кейінгі өмірім көз алдарыңызда. Сахнада өнер көрсетіп жүргеніме биыл 50 жыл екен. Менің өнеріме өріс ашқан, өнерімді бағалаған Көкше жұртына, шығармашылық ұжымдағы əріптестеріме алғысым шексіз. Осы елу жыл сахнада өнер көрсеткен жылдары халқымды əнге бөлей жүріп, өзіме мəңгілік сыйлас, сырлас достартаптым. Солармен сыйласып, сахнада бірге жарасып өнер көрсеткенжылдарымды ең бақытты сəттеріме балаймын. Əншілік тағдырыма ризамын! – дейді апай шынайы көңілмен.

Иә, апай дұрыс айтады, өнер адамының өмір жолы өзі сүйетін көрерменінің көз алдында өтеді емес пе. Бисара Мәкенова қазақтың ән өнеріне өзіндік өрнек салған өнер иесі. Ол аталған филармонияда еңбек еткен жылдары гастрольдік сапарлармен Қазақстанның, алыс-жақын шет елдердің, Франция, Түркия, Индонезия, Польша, Венгрия, Германияның ірі қалаларында өнер көрсетті. Ауыл-аймақты жаяу-жалпылай аралаған күндері де болатын. Өнер жолының ыстық-суығына төзіп, бар мақсаты ән сүйер жүректі әнмен тербетсем деп ұстанымда ғұмыр кешіп келеді. Ауыл сахнасынан әлем сахнасына дейін қазақтың əн өнерін насихаттауда. Францияға бір емес, бірнеше рет гастрольдік сапармен барып, əнші Əміре атамыз аузына қаратқан француз елін Бисара Мәкенова да қазақтыңқара домбырасымен əнге бөлеуі тағдырдың бір сыйы емес пе?! «Шағын ауылдың сахнасында тұрсам да, шет елдерде өнер көрсетсем де, мендегі жалғыз мақсатқазақтың əн өнерін асқақтату. Сол биіктен аласармау» дейді апайдың өзі сөз арасында. Бисара апай қазақтың əн өнерін насихаттап жүрген асқақ əнші ғана емес, ұлағатты ұстаз, аяулы ана. Ол кейінгі жылдары Көкшетаудағы балалар музыка мектебінде сабақ берді. Шəкірттерінің арасында Саян Мұхамедияров, ГүлденТілеубердина, Жанар Сақтанова есімді əншілердің барынмақтан тұтады. Қазіргі таңда «Көкшетау» мәдениет сарайында жас жеткіншектерді қазақтың ән өнеріне баулып жүр.  Ғұмыр жалғасы, баласы Арман нағашы атасының жолын қуған домбырашы. Арман – Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжі мен Астанадағы «Шабыт» университетін  қызыл дипломмен үздік бітірді. Қазіргі таңда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында қызмет атқарып жүр. «Мен бақытты ана, бақытты əншімін!  Алла осындай бақты өнерді сүйген əрбір жанға нəсіп етсін деп тілеймін!», – дейді апай ағынан ақтарылып.

Қазақтың əн өнерін асқақтатқан əн ғұмырыңыз мəңгілік болсын дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар