Қазақ жұртында сахна өнері, оның ішінде би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Ол халқымыздың мәдениетін дене қозғалыстары арқылы жеткізеді. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Тіпті тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй сынды мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған би өнерінен мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды», –деп айтып кеткен екен. Біздің ортамызда осы өнерге қызығушылығы басым, үнемі ізденіс үстінде жүретін жастар қатары аз емес. Ғасырдан қалыптасқан өнердің бұл саласын өркендетуге өз үлесін қосып, ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келе жатқан ансамбльдердің бірі – «Көкшетау» халықтық би ансамблі.
«Көкшетау» халықтық би ансамблі Ақмола облысының және облыс орталығы Көкшетау қаласының бойтұмары болып табылады. Қазіргі уақытта би ұжымының құрамындағы он саусағы майысып, жүзінен нұр шаша күлімдеп тұрған көркем бишілердің бейнелері әрбір көрермен көңілінен ерекше орын алары хақ. Ансамбль өз шеберлігімен барша халықты қуантып, жақсы көңіл күй сыйлап, би тілімен, өнерімен өлкеміздің сұлулығын суреттеуде. Аталмыш ансамбльдің ғұмырнамасы 1974 жылы сол кездегі Ленин атындағы, қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайында басталған. Ансамбльдің тұсаукесері Көкшетау қаласының 150жылдығына арналған мерекеде өткен еді. Биыл «Көкшетау» халықтық би ансамблі жарты ғасырлық мерейтойын атап өтуде.
Ансамбльдің әртүрлі бағыттағы бағдарламасы бар, қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейін ансамбль Қазақстанның көптеген танымал балетмейстерлерімен жұмыс істеді. Олар ҚР халық әртістері Зәурбек Райбаев және Болат Аюханов, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, профессор Мыңтай Тілеубаев, ҚР еңбек сіңірген әртістері Тойған Ізімова және Гүлнәр Саитова, ҚР Мәдениет қайраткеріЗәуре Әжібекова, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Алмат Шамшиев.
Қазақ ұлттық өнерін насихаттай отырып, «Көкшетау» ансамблі көптеген таяу және алыс шет елдерде республика туын көтерді, түрлі халықаралық байқаулар мен фестивальдардың бірнеше мәрте лауреаты болып табылады.ҰжымЮгославия, Венгрия, Түркия, Молдова, Болгария, Польша, Жапония,Қытай, Корея, Малайзия, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Румыния, Германия, Литва, Ресей, Индонезия, Италия, Австрия, Кабардино-Балкария, Испания, Қырғызстан, Чехия, Андорра сынды 20-дан астам мемлекеттің сахнасында өнер көрсетті.
«Көкшетау» ансамблі туралы үздіксіз айта беруге болады. Бірақ, ансамбль табысының орасан зор бөлігі оның басшыларының, атап айтқанда, ұжымды құрудың бастауында тұрған ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Марат Қуанышбеков, бірінші басшысы Леонид Ваев, одан кейін көптеген жылдар бойы ұжымға жетекшілік еткен Елена Болотова, 1995 жылдан бастап бүгінгі күнге дейіносы ансамльді басқарып келе жатқан «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, дарынды, ұйымдастырушысыМадина Тілеулинаның қажырлы еңбегінен тұрады деп айтпасқа болмайды.
Көптеген жылдар бойы ансамбль өзінің ең басты ерекшелігі мен дәстүрін сақтап, шығармашылықтағы бастапқы бағытын, яғни, қазақ халқының ұлттық билерін насихаттауды арттыра түсті. Ансамбльдің жалғыз біздің өңір ғана емес, республикамызда және шет елдерде небір даңқтарға ие болуы соның айқын дәлелі. 50 жыл бойы жемісті жұмыс істеген қалың жұртшылықтың қошеметі мен құрметіне ие болды. Ұжымда би әуесқойларының бір буыны ғана тәрбиеленіп қоймай, талай буыны түлеп ұшты. Хореографияны жан-тәнімен сүйетін олардың көбі бұл күнде тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де жұмыс істеуде.Бұл«Он алты қыз» халықтық би ансамблінің жетекшісіМадина Дусмогомбетова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның «Гәкку» ансамблінің жетекшісіГүлмира Ордабаева, АҚШ-та Лос-Анджелесте жұмыс істейтін Рузанна Какенова, Астанадағы Қазақ театрының балетмейстеріСалтанат Жолумбаева, Түркияда жұмыс істейтін Махаббат Букина және тағы басқалары.
«Көкшетау» ансамблі классикалық лексикаға негізделген өте әдемі, пластикалық, сұлулығымен, қол қозғалысымен ерекшеленетін қазақ ұлттық билерін насихаттайды. Ал, сезім мен сұлулықты паш ететін мың бұралған бишілері өнер сүйер қауымды би құдіретімен баурап алады. Ансамбль де адам сияқты, қызықты және көңілді өмір көрінісі. Бәрі әрдайым сәтті бола бермейді, ең бастысы, ұжым мүшелері осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, барынша алға талпынады. «Көкшетау» халықтық би ансамбліне алда да шығармашылық табыс, көрерменнің ыстық ықыласын және ұзақ ғұмыр тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.