– Елордадан 17 шақырым жерде орналасқан Қараөткел ауылының аулаларында су жатыр. Десе де, ауыл әкімі үйге кіретіндей қауіп жоқ екенін, су дер кезінде сорылып, сыртқа шығарылып жатқанын алға тартып отыр. ҚазАқпарат тілшісі аталған ауылға арнайы барып келді.
Бұған дейін ауыл тұрғындары қардың дұрыс тазаланбағанын, салдарынан үйлерді су басу қаупі жоғары екеніне шағымданған болатын.
Ауыл әкімі Талаптан Дауылтаевтың айтуынша, тұрғындар «түймедей нәрсені түйедей» етіп, босқа дүрлігіп отыр.
«Осы уақытқа дейін ауылдан 125 мың текше метр қар шығарылды. Ауыл сыртында қар шығаратын арнайы полигон бар. Тұрғындар аулаға кірген аз мөлшердегі суға бола алаңдап отыр. Даладан келетін қар суынан қауіп жоқ. Облыстан 17 әскери мамандар келді. Астана қаласынан да төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тартылды. Мотопомпалар жұмыс істеп тұр. Жағдай толық бақылауымызда», – деді ауыл әкімі.
Мұнда бүгінде 37 мың тұрғын қоныс тепкен. Тұрғындардың бірі Айгүл Темірова күні-түні бір тынбай, қар суымен арпалысып жатқан азаматтарға алғысын білдірді.
«Ең бастысы жергілікті тұрғындарға алғыс айтқым келеді. Бір-біріне демеу беріп, барынша қолдау көрсетіп жатыр. Жергілікті әкімдікке де, арнайы қызмет өкілдеріне де ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Қолында техникасы бар ауыл тұрғындары әкімдікке қол ұшын созып, жергілікті тұрғындар құмды қапқа салу сияқты жұмыстарға белсенді атсалысып жатқанын атап өткен жөн.
Дереккөз: kaz.inform.kz