Ақмола облысында су тасқыны қаупі сақталуда. Аршалы, Атбасар, Целиноград, Қорғалжын, Астрахан аудандарында және Қосшы қаласында үлкен көлемде еріген сулармен қарқынды күрес жүргізілуде.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, соңғы тәуліктің ішінде Аршалы ауданында 75 адам, 17 бірлік техника және 9 мотопомпаның күшімен 4460 текше метр су сорылды.
Атбасар ауданында арық жүйелері тазаланады, инертті материалдар салынады, жұмысқа 40-тан астам адам және 10 түрлі техника қатысады. Сағат 15.00-дегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД күшімен Қорғалжын ауылында Рахымжанов, Жангелдин, Сейфулин, Бөкейханов, Жабаев көшелерінде 180 текше метр су сорылды.
Қосшы қаласында бөгетті нығайту жұмыстарына 300-ден астам адам тартылған. 31 наурыз күні таңертең инертті материал салынған 3000 мыңнан астам қап төселді. Су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер белсенді қатысады.
Су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар облыс орталығында да жалғасуда, онда тәулігіне Ақмола облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдар мен Жамбыл облысы ТЖД 304 адам, 87 бірлік техника мен 16 мотопомпаның күшімен шамамен 47 мың текше метр су сорылды.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайларына қарсы күресте жергілікті атқарушы органдар мен құтқару құрылымдарының өкілдерінен басқа қатардағы тұрғындар, еріктілер жасақтары мен белсенділер қатысуда.
Дереккөз: www.gov.kz