Су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының Атбасар ауданында төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Жабай өзеніндегі су деңгейі 5,5-тен 5 метрге дейін төмендеді, бұл жағдайдың біртіндеп жақсарғанын көрсетеді.
Жергілікті әкімдіктің ақпараты бойынша, Атбасар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары су тасқыны кезінде халыққа берілетін ауыз судың сапасын бақылау мақсатында қала көшелеріндегі сумен жабдықтау жүйелерінен су сынамаларын алды. Атбасар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары алдын ала куәландырғандай, суды пайдаланудан қорқудың қажеті жоқ және сараптама нәтижелері жақын арада жарияланатын болады.
Сонымен қатар, Атбасар қаласының бүлінген көше жолдарын қалпына келтіру, сондай-ақ су басқан аулалардан су айдау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, зардап шеккен тұрғындар су тасқынынан туындаған шығындарын өтеу үшін өтемақы алуға өтініштерін беруді жалғастыруда.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялады. 12 сәуірде ауданда ТЖ салдарынан келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия құрылды.
Дереккөз: www.gov.kz