Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өшпес мұра, өлмес өнеге - АРҚА АЖАРЫ

Өшпес мұра, өлмес өнеге

Достық үйінде «12 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар» күніне орай, Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақ археологиясының атасы-Әлкей Марғұлан» атты тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференция өтті.

Аталған жиынды кіріспе сөзбен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ашып, конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтай келе, жұмысына сәттілік тіледі. Конференция модераторы, тарихшы Аманбай Сейітқасымов айтып өткендей, Әлкей Марғұлан еліміздің өлкетану мен археология ғылымын биік сатыға көтеріп кеткен ұлы тұлға. Оның еңбегінің арқасында екі мыңжылдықтарға жататын мәдениет пен өркениеттер ашылған еді. Ескерткіштер ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын барлық қазақстандықтардың мұрасын білдіреді. Ел Президенті өз Отанын шын сүйетін адам өз елінің табиғатын барлық жағынан қорғайтынын атап өткен еді. Бұл қоғамды дамытуға, ілгерілетуге қажет патриотизм болып саналады. Конференцияда әр түрлі саладағы ғалымдар ғылыми бағыттың жетістіктері мен даму перспективалары туралы ғана емес, археология ескерткіштерін сақтау және қорғау саласындағы әдістер, тәсілдер мен шешімдер туралы ойларын ортаға салып,  тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде, әлемдік мұраның алуан түрлілігі және оны қорғауға, сақтауға жұмсалатын күштер туралы көбірек білуге мүмкіндік туды.

Іс-шараның бағыттарына сәйкес, конференцияда археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы, филолог, әдебиеттанушы, өнертанушы Әлкей Марғұланның археологияның дамуына қосқан зор үлесі туралы Астана, Көкшетау қалаларынан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарынан онлайн және офлайн форматта 12 тарихшы ғалымдар мен археологтардың баяндамалары ұсынылды. Археология адамзат қоғамы қызметінің материалдық қалдықтары негізінде өткенді зерттейтін ғылым ретінде тарихи ғылымның құрамдас бөліктерінің бірі болып табылып, маңызды рөл атқарады. Археология мен тарихи өлкетанудың өзара іс-қимылы жас ұрпақты туған өлкенің тарихи-мәдени құндылығын түсінуге, отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни, олардың тарихи дамудағы аумақтардың өзара байланысын, адамзаттың өткенін зерттеудің қажеттілігі мен маңыздылығын түсінуі болып саналады.

Әлкей Марғұлан 28 жыл бойы  Жетісу, Оңтүстік және Батыс Қазақстанда ежелгі қалаларды ашты. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясын басқарды.

–Ол Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашты, біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықта Қазақстан аумағында жоғары дамыған мәдениеті бар өркениет болғанын дәлелдеді, – дейді Қарағанды облысынан келген «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім меңгерушісі  Елдос Әлкей.

Сондай-ақ, ғылым қайраткері көзі тірісінде 400-ден астам түрлі ғылыми еңбектері жарық көрді. Бұл бүкіл әлемге танымал монографиялық еңбектер. Ә.Х.Марғұлан ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Ғылым академиясының этнография бөлімінің меңгерушісі болып, зерттеліп, ашылмаған көптеген тарихи мұраларды жарыққа шығарды. Сол жылдары тұңғыш ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектерін шығару жөніндегі топқа басшылық  жасады. Оған қоса, Әлкей Марғұланның басшылығымен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Жарық дүниедегі осы мол еңбегі бағалаусыз қалмай, 1946 жылы ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал, 1958 жылы академигі болып сайланса, бес томдық «Қазақ КСР тарихы» еңбегінің жетекші авторларының бірі ретінде 1982 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Академик Әлкей Хақанұлы берілген мәліметтер бойынша 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми мұра қалдырған. Тек шығармаларының толық жинағы, орасан еңбегінің өзі ғалымның ұлы мақсатын түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Осы мерейтойға орай, Қазақстанның пошта маркасы мен естелік монетасы шығарылды. 2008 жылдың қаңтар айында Алматыда Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы ғимаратында  Әлкей Марғұланға ескерткіш ашылды. Қазақстан Ғылым академиясының Археология институтына, Қазақстанның көптеген қалаларында көшелерге, музейлер, ғылыми-зерттеу орталықтар мен оқу орындарына ғалым есімі берілген. Бүгінде А.Марғұлан атындағы халықаралық қор бар. Осылайша артына өшпес мұра, өлмес өнеге қалдырған ұлы қайраткердің есімі ел есінде, ұрпақ жадында сақтала бермек. Тарихи тұлғалардың тағылымды еңбектері қазақ ғылымының қарыштап дамуына жол ашып, бағыт берері анық.

Айта кетейік, жыл сайынғы археологиялық қорғау-құтқару жұмыстарына Ш.Уәлиханов атындағы және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің студенттері, облыс орталығы мен аудандарының, қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысады. Шара соңы археологиялық қорғау-құтқару жұмыстарының жас қатысушыларын жас археологтар қатарына қабылдау және сертификаттар тапсыру рәсімімен аяқталды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар