Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов, депутаттар Саят Сыздықов пен Умар Шоназаров гуманитарлық миссиямен келген Тәжікстан Республикасының делегациясымен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанға Тәжікстаннан су тасқынынан зардап шеккендерге және апат салдарын жоюға 3,5 мың тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Олардың бір бөлігі Ақмола облысына, атап айтқада Кокшетау қаласы мен Атбасар және Есіл аудандарына бөлінді.
Атбасар ауданында гуманитарлық көмекті ресми тапсыру рәсімі Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзоданың, аудан әкімі Аманбек Қалжановтың қатысуымен өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Б. Жүсіпов депутаттық корпус атынан және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан қазақстандықтарды қолдағандары үшін бауырлас тәжік халқына алғысын білдірді.
Бұған дейін Ақмола облысындағы тәжік этномәдени орталығын басқаратын облыстық мәслихат депутаты Умар Шоназаров елшімен Тәжікстан нарығына терең өңдеу өнімдерін экспорттау мәселелерін талқылады.
«Бүгінде Ақмола облысы – Тәжікстан нарығындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі жеткізушісі. Ынтымақтастық барысында біз тауар айналымын 25 есеге арттыра алдық. Біздің фермерлер үшін тұрақты сыртқы нарық өте маңызды», – деп атап өтті У.Шоназаров.