Биыл 9 мамыр – Жеңіс күнінде әскери шеру өткізілмейді. Тек қана екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік шаралар ғана аталып өтіледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандаулет Қылышбаев айтып өтті. Өңірдегі ауқымды су тасқыны мен су тасқыны салдарынан туындаған күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, алдағы барлық мерекелік іс-шараларды өткізудің ұстамды форматы ұсынылып, әлеуметтік маңызы бар және пайдалы бастамаларды жүзеге асыру қажеттігіне ерекше назар аударылған.
– Жеңіс күнін мерекелеу аясында арнайы платформада «Ер есімі – ел есінде» онлайн науқаны іске қосылады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі және жалпы әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, аймақтағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін «Өшпес полктің» шеруі болмайды. Еріктілер желісі мен жастар ұйымдары арқылы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдау мақсатында «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Және де, білім беру ұйымдары соғыс ардагерлері мен әскери қызметкерлерді шақыра отырып, «ерлік сабақтарын» өткізеді. Белгілі болғандай, мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету үшін 3 миллион теңге біржолғы жәрдемақы беріледі, — дейді өз сөзінде Жандәулет Қылышбаев.
Сонымен бірге, Отан қорғаушылар күні аясында Ақмола облысы әкімінің екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен олардың отбасы мүшелеріне, оның ішінде мемлекет қамқорлығында қалғандарға жеке сапары ұйымдастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштер, Жеңіс тақырыбында материалдар топтамалары жарық көреді, – деді ол.
Қазақстан халықының бірлігі күніне арналған мерекелік шара өңір басшысының қатысуымен бүгін облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында өтетін болады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.