Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді - АРҚА АЖАРЫ

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

 Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәдениет және өнер саласының ардагерлері мен қызметкерлерін  кәсіби мерекелерімен құттықтап, ең ізгі тілегін жеткізді және тиісті марапаттарды тапсырды.

 – Мемлекетіміз әрқашан мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде осынау ұлы мұраны ұрпақтарына жеткізген даңқты бабаларымызға тағзым ететінімізді ерекше атап өтті. Мәдениет – ең  ізгі қасиетті құндылық. Бабамыздан жеткен асыл мұра. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізген – сөз ұстаған шешендер, ел билеген көсемдер, халқын өрге бастаған зиялы қауым өкілдері. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениет қорына қосқан үлесімен бағаланады. Қазақ даласын әсем әнімен тербеп, сал-серілік дәуренімен көрікті еткен, аты аңызға айналған атақты ұлт мақтаныштары: биыл 190 жылдығы тойлану үстіндегі Біржан сал, аққуға әнін қосқан Ақан сері, гәккулетіп өткен Үкілі Ыбырай, ат ойындары мен ақындығын қатар алып жүрген Балуан Шолақ, сегіз қырлы, бір сырлы Иманжүсіп соның дәлелі. Алаштың осынау талантты  әнші-сазгер, ақын-жыршы, сал-серілер өнері үзілмей, жалғасып келеді. Оны талмай жалғастырып келе жатқанмына залда отырған мәдениет саласының өкілдері – сіздерсіздер! Бүгінгі таңда Ақмола облысында 3 мыңнан астам мәдениет қызметкері өз өнерін халыққа арнап келеді. Олардың ішінде Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысова, «Құрмет» орденінің иегерлері Тұрлығожа Базаров, Людмила Багапова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова, Шолпан Дүкүмбаева, Мара Есмұханова, мәдениет қайраткерлері  Әбсалық Салық және тағы басқа белгілі  талант иелері бар. Ақмола – асыл өнердің алтын бесігі, дарынды тұлғалар мекені. Бабалар аманатын арқалаған сіздерге шалқар шабыт тілеймін. Ұлтымыздың төл мәдениеті мен өнері қарыштап дамып, өркендеп, өрлей берсін! – деді өз сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Соңғы жылдары мәдениет саласында көптеген оң өзгерістерді байқауға болады. Осы салаға бөлінген қаржы айтарлықтай өсіп, мәдени құрылыстар бой көтеруде. Облыста 600-ге жуық мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Соңғыүш жыл ішінде аймақта 9 нысанның құрылысы және 55 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. Биылғы жылы 6,2 миллиард теңгеге 27 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары  қолға алынуда.

Мәдениет – ел мәйегі. Мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да, ұлттық өнерін сүйген, өнерпазды мәпелеген елдің мәртебесі қашан да биік саналады. Аймақ басшысы мәдениет саласының бірқатар таңдаулы қызметкерлеріне марапат табыс етті.

– Құрметті Марат Мұратұлы, құрметті мәдениет саласының қызметкерлері! Бәрімізге бүгінгі төл мереке құтты болсын! Еліміздің тәуелсіздігіне адал қызмет жасап келе жатқан екі мамандық иесі болса, соның бірі осы мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері екендігіне ешқандай дау жоқ. Өнер саласының қызметкерлері өздері байымаса да, бай болмаса да, халықтың рухын байытып, жанын байытып, өздеріңіздің әндеріңізбен, өнерлеріңізбен қызмет етіп келесіздер. Қазіргі уақытта еліміздің береке-бірлігі үшін, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін, жақсылықтың барлығы тұрақты болуы үшін, адам баласының көңілінде адалдық пен сенім ұялауы үшін мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жауапкершілігі өте зор. Сол сенімнен шыға берулеріңізге тілектеспін, – деді өзінің сөйлеген сөзінде жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев.

Облыс әкіміне ақжарма алғысын білдірген мәдениет қызметкерлері арасында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актеры Ержан Әубәкіров, облыстық орыс драма театрының актрисасы Оксана Науменко да болды.

Салтанатты шарада мәдениет саласының бір топ қызметкерлері «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталары жәнеАлғыс хаттармен марапатталды. Атап айтсақ, «Еңбек ардагері» медалімен Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Кенжебай Мұқышев, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының талдау, мониторинг және әдістемелік көмек бөлімінің басшысы Ғалия Киреева марапатталды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне 15 адам ие болды. Олардың қатарында Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Мәлік Ғабдуллин музейі» КММ ғылыми қызметкері, ақын Ерболат Баятұлы, М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық  филармониясы К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің жоғары санатты дирижері Руслан Қойшыбаев және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, бірқатар мәдениет саласының майталмандары Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар