Бурабай ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы

Бурабай ауданында 2 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 45 отбасы баспаналы болған. Бұл туралы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы өткен брифингте аудан әкімі Арай Садықов айтып берді.

– Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру маңызды міндет болып табылады. Жыл соңына дейін тағы тоқсан отбасы баспаналы болады. Бұдан басқа, бюджет қаражаты есебінен коммуналдық-тұрғын үй қорына кезекте тұрған, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін қырық пәтер сатып алу жоспарлануда. Жеке инвестициялар есебінен тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Ағымдағы жылы тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы басталып, Циолковский көшесіндегі алғашқы авариялық екі қабатты үй бұзылып, жаңа үйдің құрылысы басталды. Жыл басынан бері инвесторлар есебінен алпыс алты көппәтерлі тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысы есебінен жиырма алты үй пайдалануға берілді.Жыл соңына дейін сондай сегіз көппәтерлі үй іске қосылады. Бұл 544 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді өз сөзінде аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудан аумағының 89,1 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда су тартылмаған Наурызбай батыр, Ұрымқай, Жасыл, Николаевка, Баянбай, Шиелі, Молбаза қатарлы 7 ауылға су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.

–Тиісті қаржыландыру болған кезде жыл соңына дейін 3 мың адам сапалы сумен қамтамасыз етілетін болады. Оған қоса, сумен жабдықтау бойынша үш жобаны қаржыландыруға өтінім берілсе, жыл соңына дейін тағы үш ауылдың су құбырына жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұл жобалар аяқталған кезде ауыл тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуі жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасының 100 пайызға орындалуы қамтамасыз етіледі, – деп сендірді баяндамашы.

Сонымен бірге, қазіргі көктемгі дала жұмыстарына байланысты аудан жағдайына үңілсек, 175 мың гектардан астам алқапта егіс науқаны жүргізілуде. Оның ішінде майлы дақылдарға арналған алқаптар 5,5 мың гектарға ұлғайтылып, 27,1 мың гектарды құрап отыр. Аудан тұқыммен жүз пайыз қамтамасыз етілген, 2,3 мың тонна тыңайтқыш та сатып алынған. Егіс науқанын жүргізу үшін үш шаруашылық 1 миллиард теңгенің мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізіп, арзандатылған бағамен 2,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Әкімнің сөзінше, ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі әрі қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі болып табылады. Оған қоса, ауданда пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы алаңы 718 гектар болатын  5 жер телімі мемлекеттік меншікке қайтарылған.

–Бұл ретте, «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдаланылмай жатқан 1,2 мың гектар жерді ерікті түрде қайтарып отыр. Бұған қосымша 12,5 мың шаршы метр жер анықталды. Осыған қатысты материалдар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде жалпы ауданы 38 мың гектар жайылымдық жерді пайдаланбай жүрген 90 субъекті анықталды. Оларға қатысты материалдар да тексеру іс-шараларын жүргізу үшін жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілетін болады, – деді одан әрі аудан әкімі.

Айта кетейік, еліміздің басты курорттық аймағы – Бурабай ауданына алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша 311 мыңнан астам турист келген.

–Әрине, ауданда сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік салаларда халықты толғандыратын бірқатар мәселелер бар. Бұл мәселелер тұрақты бақылауда. Біз олар жайлы жақсы хабардармыз әрі аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деген әкім сөзі де бұл бағытта алда көп жұмыстар тұрғанын аңғартады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар