Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құрылысты молайтып, әлеуметтік саланы жақсарту қажет - АРҚА АЖАРЫ

Құрылысты молайтып, әлеуметтік саланы жақсарту қажет

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аршалы ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты атқарылып жатқан істердің нақты жағдайына байланысты екенін бірнеше мәрте атап көрсетті.  Ал, аталмыш ауданның әлеуеті өте жоғары, себебі ол елордаға жақын орналасқан аймақтардың бірі. 

Аршалы ауданы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өндірісімен танылған аймақ. Өнеркәсіптік әлеуетті қалыптастыруға оң әсер еткен  негізгі кәсіпорындар  қатарында «ҚазШпал» акционерлік қоғамы, «SG BRICK», «Аркада-Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Алайда, облыстың өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлеміндегі ауданның үлес салмағы төмен, небәрі 5,5 пайызды құрайтын көрінеді. Сондықтан, облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өрістеуіне мүмкіндік бермей отырған өзекті мәселелерге тоқталып, ондағы статистикалық деректердің дұрыс еместігін, мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің төмен көрсетілуін және экологиялық жағдайдың қолайсыздығы да кері әсерін тигізіп отырғанын алға тартты.

Марат Ахметжановтың айтуынша, ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласына көп көңіл бөлінеді. 2024 жылы Аршалы ауданында Агро өнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға 6,4 миллиард теңге бөлініп, оның 2,8 миллиард теңгесі қайтарымсыз қаржы болған. Форвардтық сатып алу бойынша 354,4 миллион теңгеге 4 өтінім түссе, «Кең дала» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 1,4 миллиард теңгеге 34 өтінім төленіпті.

Жалпыұлттық пул шеңберінде «TENUS» серіктестігінің құрылыс қоспаларын өндіретін зауытын кеңейту, «SG Brick» серіктестігінің  кірпіш зауытының екінші кезегін салу, «US Лимитед» серіктестігінің «Разгуляй» демалыс аймағын қайта құру және салу жоспарланыпты. Бұл жобаларды жүзеге асыру ауданда 151 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

–Аршалы ауданында құрылған республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялды аймағы жедел дамудың бірегей мүмкіндігі.  Өйткені, индустриялды аймақ аумағында жаңа өндірістердің ашылуы қосымша жұмыс орындарын құрып қана қоймай, аудандық бюджеттің кіріс көздеріне де оң әсерін тигізеді. Соған қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің нақты көрсеткіштер индикаторында төмендеулер байқалады, құрылыс қарқыны баяулаған. Тағы бір алаңдатарлық көрсеткіш – инвестиция тарту жағы Биыл ауданда 6 жоба бойынша өтінім беріліп, 46,1 миллиард теңге ғана инвестиция тартылыпты, әлі де 110 миллиард теңгенің инвестициясын тарту қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

Аудан Астананы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету бойынша экономикалық тұрғыдан тиімді орналасқан. Алайда, қиыршық тас карьерлерінің негізгі бөлігі осында орналасқандықтан, ауыр жүк көліктерінің өтуіне байланысты жазғы уақытта Аршалы кентінің шаңдануы бойынша мәселе туындайды.

– Экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын жер қойнауын пайдаланушыларға заңңнамаға сәйкес экологиялық рұқсаттарды кері қайтарып алуға және кейіннен келісім-шарттарды бұзуға дейінгі шаралар қабылданатын болады. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, Аршалыға эколог-инспектор келді. Сондай-ақ, салықтық аударымдар ауданның бюджетіне түсуі үшін жергілікті жер қойнауын пайдаланушыларды Аршалы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына қайта тіркеу бойынша жұмыстар жүргізу қажет, – дей келе, Марат Ахметжанов аудан аумағында жұмыс істейтін қиыршық тас зауыты Қарағанды облысына тіркелгенін тілге тиек етті.

Өңір басшысы аудан әкімдігіне халықты қолдау шаралары туралы кеңінен хабардар етіп, қажет болған жағдайда бизнес-бастамаларды сүйемелдеуге, егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі жұмысты жандандыруға және сүт зауыттарының жүктемесін 83 пайызға дейін, ет комбинаттарын 38 пайызға, май зауыттарын кемінде 34 пайызға дейін қамтамасыз етуге тапсырма берді.

– Субсидиялар – бұл мемлекеттің көмегі ғана емес, ең алдымен, еңбек өнімділігін арттыру және нақты нәтиже алу үшін бизнесті ынталандыру тәсілі екенін есте ұстаған жөн. Сындарлы өзара іс- қимылдың арқасында біз халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деп қорытындылады сөзін Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге, аймақ басшысы көктемгі су тасқыны кезінде бірлесіп, әрекет еткен барлық қызметкерлер мен азаматтарға алғысын білдірді. Облыс әкімінің жеке қабылдауы аясында аршалылықтар ауданның инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік нысандар салуға қатысты өзекті мәселелерін айтып, жүгінді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі әлеуметтік нысандарға да назар аударды. Мәселен, Марат Ахметжанов қалада салынып жатқан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысының барысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетовтың айтуынша, бірінші қабаттың қабырғалары тұрғызылып, еден плиталарын монтаждау аяқталған, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым іске асырылып, екінші қабаттың монолитті темірбетон колонналарын орнату жүргізілуде. Марат Ахметжанов мердігерге жұмыстарды сапалы орындау және құрылысты белгіленген мерзімде толық аяқтау қажеттілігі туралы ескертті. Ол сондай-ақ мүдделі басқармалар мен аудан басшылығына құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстауды міндеттеді.

Екі жүз келушіге арналған аудандық емханада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Қазіргі уақытта оның шаруашылық блогында  тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Кенжеболат Бәкіров ауданға келген жеті медициналық қызметкерге көтермеақы төленіп, аудан әкімдігі тарапынан оларға арендалық пәтер берілетіндігі кадр тапшылығын жоюға біраз мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы №1 жалпы білім беретін мектептің оқытушылар құрамымен кездесіп, 11-сынып оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

– Сіздер – еліміздің жарқын болашағысыздар. Сіздер алдағы уақытта егеменді елімізді дамытуға зор күш салады деп сенемін. Сіздердің сапалы білім, саналы тәрбие алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Сіздерден үлкен үміт күтеміз. Ақ жол! – деп М. Ахметжанов түлектерге игі жақсы тілегін арнады.

Ауданға сапар барысында облыс әкімі «Ижевский» өндірістік кооперативіне де бас сұқты. Ірі қалақұраушы кәсіпорында 520-дан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың көпшілігі жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және өңдеуге маманданған. Мұнда жұмыртқа мен құс еті, сүт және сүт өнімдері, ұн, құрама жем және тағы басқа азық-түлік түрлері өндіріледі.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан басшылығына әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына тиісті бақылау жүргізіп, қарқынын жеделдету бойынша тапсырмалар берді.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Аршалы ауданы.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар