Әкімнің құрметі мен қолдауы – елдің де  мерейі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тәуелсіз еліміздің тарихындағы тұңғыш қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, даңқты шаңғышы, жерлесіміз Владимир Смирнов бастаған ақмолалық бірқатар таңдаулы спортшыларды қабылдады.

Облыс әкімінің қабылдауында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Анна Нұрмұхамбетова, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында, биыл жазда өтетін Париж Олимпиадасына бокстан жолдаманы жеңіп алған Карина Ибрагимова және оның жаттықтырушысы Александр Высоцкий болды.

–Біз бүгін Сіздермен жақсы әрі қуанышты жағдай бойынша кездесіп жатырмыз. Бүгін бізге қонаққа атақты жерлесіміз, Олимпиада ойындарының чемпионы Владимир Смирнов келіп отыр. Биыл жерлесіміздің туған жері Щучинск қаласында Қазақстанның Олимпиада ойынындағы тұңғыш алтынының 30 жылдығын тойлаған едік. Бұл бір өте жақсы іс-шара болды дегім келеді. Сонымен қатар, әділдік әрқашан үстем болады демекші, медальдарға апарар жол ұзақ та қиын болса да, табандылық пен еңбек өз жемісін береді екен. Яғни, Лондондағы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Анна Нұрмұхамбетова бесінші орын алғанымен, басқа спортшылардың допинг сынамаларын қайта тексеріп, медальдарды қайта тағайындағаннан кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы мен CAS спорттық арбитраждық соты біздің Аннамызға күміс медаль беру туралы шешімін қабылдады. Осылайша 12 жылдан кейін әділдік орын алып, қызымыз күміс медаліне қол жеткізді. Міне, жуырда ғана 25 мамыр күні Перу қаласында өткен әлемдік ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем  чемпионатында бүкіл халықаралық спорт қауымдастығы алдында Аннамызға Олимпиаданың лайықты күміс жүлдесі табыс етілді. Бұл біз үшін керемет жаңалық болып қана қоймай, сонымен қатар, спорттағы этика және әділ шешімнің бар екенін дәлелдей түсті. Сондай-ақ, арамызда жуырда Францияның астанасы Парижде басталатын жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқалы отырған Карина Ибрагимова бар. Қасыңда, міне, Олимпиаданың алтын, күміс медальдарының иегерлері отыр, бұл саған үлкен ынталандыру болады деген ойдамын. Каринамыз талантты әрі мықты боксшылардың бірі екенін көп рет дәлелдеген. Оның әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанғанын бәріміз білеміз. Өкінішке орай, ол біздің облыстан Париж ойындарына атаулы лицензияны жеңіп алған жалғыз спортшымыз. Бұл жаттықтырушысы Александр Высоцкийдің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы тандем өте жақсы нәтиже беретініне сенімдімін, ­– деді жерлес спортшыларға қарата айтылған өз сөзінде облыс басшысы.

Қабылдау соңында көп жыл өткен соң 2012 жылғы Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Анна Нұрмұхамбетоваға облыс әкімі қолынан екі бөлмелі пәтердің және үш миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Карина Ибрагимова биылғы жазғы Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алғаны үшін екі миллион теңгенің, оның жеке бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкий бес жүз мың теңгенің сертификатына ие болды.

Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар