Достық үйінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс жетінші пленумы өткізілді. Алқалы жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Сондай-ақ, қалалық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ардагерлер кеңестер тұрақты комиссияларының төрағалары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара басында, өмірден өткен ардагерлер еске алынып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Әрі қарай Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасын сайлау, осы бірлестікке жаңа мүшелер қабылдау мәселелері қаралды. Орталық кеңес пен Ақмола облысы әкімдігінің келісімі және ардагерлердің бірауыздан қолдауымен Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болып Ермек Бекенұлы Нұғыманов сайланды. Оған қоса, тұрақты комиссияның ұсынуымен бұрын аудандық, қалалық кеңестерді, бірлестіктерді басқарған зейнеткерлер «Ардагерлер ұйымы» өңір филиалына мүшелікке қабылданды.
– Бүгін, барлығыңыздың қолдауларыңызбен бірауыздан ардагерлер ұйымының басшысын сайлап жатырмыз. Ермек Бекенұлына абыройлы қызмет тілеймін. Алдағы уақытта бірлесіп қызмет жасаймыз деп ойлаймын. Ел басқарған, орта көрген басшылардың ардагерлерді басқарғаны өте дұрыс. Өйткені, ардагерлер деген күні кеше басшы болған, өндірістер мен үлкен жұмыстардың басында болған ұстаз, дәрігер, заң қызметкерлері. Біз ең алдымен елімізді басқарып отырған Президентіміздің, қала берді, Үкіметтің алға қойған міндеттерін орындау үшін халық арасында дұрыс ықпал жасап, жастарға тәрбие көрсететін адамдармыз, – дей келе, Бақтықожа Салахатдинұлы аймақ басшысына алғысын білдіріп, ардагерлер Кеңесінің жаңа төрағасын қызметімен құттықтады. Сонымен бірге, республикалық Ардагерлер ұйымының атқарып келе жатқан бірқатар жұмыстарына тоқталып, «Ардагерлер ұйымына» келетін болсақ, 2,3 миллион зейнеткерді топтастырып отырған ең үлкен қоғамдық ұйым. Біз екі үлкен жобаны іске асырып жатырмыз. Әуелгісі «Дәнекер» жобасы. Бұл адамдардың арасында келіспеушіліктерді сотқа дейін екі жақтың келісімімен шешіп отыру. Өздеріңіз білетіндей, сотқа дейін барған жағдайда екі жақтың арасында ізгі қарым-қатынас сақталмай қалады. Соңғы төрт жылдың ішінде 6896 даудың 4563-і сотқа жеткізілмей шешілген. Және де жоба заң қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдетуде. Екінші істеп жатқан жұмысымыз «Іскерлік және жанашырлық» деп аталатын жоба. Мақсатымыз – іскер адамдарды, жағдайы бар азаматтарды жүйелі түрде тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге тарту, – олардың еңбегін де елеусіз қалдырмау. Қазіргі уақытта Атырау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында аталмыш жоба белсенді түрде жүріп жатыр. Дегенмен, біз қаншалықты көмектесіп, жағдайын жасап жатсақ та, арамызда мұқтаж отбасылар, жалғызбасты, мүгедек адамдар әлі де бар. Сондықтан да, бұл осындай жандарға көмек болсын деп ұйымдастырып жатқан жұмыс, – деді.
Аталған пленум барысында, облыс әкімі Марат Ахметжанов сөз сөйлеп, өзінің Бақтықожа Ізмұхамбетовпен қызметтес болғанын, сол сияқты, Ермек Бекенұлы Нұғымановтың іскерлік қасиетін тілге тиек етіп, құттықтау сөзін жолдады.
–«Қарттары бар елдің қазынасы бар» демекші, әрқашанда мен төңірегіме айта жүремін. Осында отырған әрбір аға буынның, ардагердің өзіндік ғұмыр жолы бар. Жастарға өнеге болған ақсақалдар да отыр осы жерде. Сіздердің берген ақыл-кеңестеріңіз бізге үлкен дәріс. Бүгінгі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынды. Мемлекеттің жаңа дәуірі басталды деп айтуға болады. Өйткені, Мемлекет басшысының қойып жатқан талаптарымен халықтың сұранысы сәйкес келіп жатыр. Еліміз алдағы бес жылда экономикамызды екі есеге арттыруды көздеп отыр. Осы жолда экономикалық сарапшылармен және сіздермен бірлесіп, қалай осы міндетті іске асырамыз дегенді пысықтап, жан-жақты қараудамыз, – деп Марат Ахметжанов аймақтың дамуындағы бірқатар олқылықтар мен артықшылықтарды айтып өтті. –Соңғы үш жыл ішінде созбалаңқыға салынып, мерзімінде бітпеген құрылыстардың салдарынан бюджетімізге 70 миллиард теңге шығын келтірілген. Бұндай жағдай орын алмағанда, бұл қаражатқа жаңа жобалар, мекемелер, жолдар салынып, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсаратын едік. Өкінішке орай, олай болмады. «Осыған байланысты, алдағы уақытта қоғамдық бақылау мен цифрлық жобалардың арқасында бюджет қаражаты бақылауға алынады. Онда жұмыстың сапасы, мерзімі, әрбір теңгенің қайда жұмсалып жатқаны тексеріледі. Мен әрдайым айтамын, қолы таза, ары таза әкім ешқандай қоғамдық бақылаудан қорықпауы тиіс.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта аймақтың әл-ауқатын арттыруда өмір көрген аға буын өкілдерінің тәжірибесі мен білім-білігі жастарды тәрбиелеуде де кеңінен пайдаланылатын болады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.