Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында өткен жиында су тасқынының зардаптарын жою мәселелері талқыланды.
– Көктемгі су тасқыны кезінде Бұланды ауданының төрт елді мекенінде 200-ден астам үйді су басты. Техникалық қорытынды бойынша оның 127-сін қалпына келтіру мүмкін емес. 10 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда, ал, қалғандарына тұрғын үй құрылысын жүргізу қажет. Бұл жалпы тұрғын үй қорының 35 пайызын құрайды, оны уақытында қалпына келтіруге тиіспіз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен 57 үйдің құрылысын қаржыландыру үшін меморандум жасалып, қалған тұрғын үй қорын қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Жаңа үйлердің кілті тапсырылған соң, тозығы жеткен баспаналар сүріліп, жер телімдері ауылдық округ қорына беріледі.
Аудан әкімі Ардақ Смайылов 265 өтініш бойынша 100 АЕК көлемінде біржолғы көмек төленгенін хабарлады.
Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйлердің уақытында салынуына жағдай жасауды тапсырды. Барлық жұмыс бейнебақылау жүйесі арқылы бақыланады.
– Мүмкіндігінше құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды, соның ішінде қираған үйлердің тұрғындарын тарту керек. Бірақ ең бастысы, өңірде төтенше жағдайлардың қайталанбауы үшін су тасқынының себептерін талдау қажет. Жергілікті тұрғындармен болған әңгімеде тұрғын үйлердің көпшілігін жылма-жыл жүйелі түрде су басып, түбегейлі шаралар қабылданбағаны белгілі болды. Журавлевка, Воскресенка, Капитоновка және Иванковка елді мекендері бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет, – деп қорытындылады жиынды аймақ басшысы Марат Ахметжанов.
Наталья ЯКОВЛЕВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Бұланды ауданы.
![]()

