– Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны және бір артықшылығы бар – елордаға жақын орналасқан. Әттеген-айы, онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Сол себепті, жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы олқылықты сынға алған еді. Он жылдан астам уақыт бұрын қолға алынған Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылмағанын қадап айтты. Агенттік тілшісі бұл жоспардың созбалаңға салыну себептеріне үңіліп көрді…
«Көлеңкелі бизнестің» көлеңкесі
Щучье – Бурабай курортты аймағы орналасқан Ақмола облысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің үлесі 0,4 пайыз болды. Бұл – көрікті де курортты өңір үшін өте төмен көрсеткіш, әрине. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, бұған басты екі себеп бар.
Оның бірі – статистика органдарының туризм саласына тартылған объектілерді толық қамтымауы. Нақтырақ айтқанда, ойын-сауық, жолаушылар тасымалы, қоғамдық тамақтану қызметтері, азық-түлік және басқа да тауарларды сату сияқты көптеген бағыттар, әсіресе курорттық орындармен байланысты. Ал есепке алу тек екі экономикалық қызмет түрінің жалпы жіктеуіші бойынша жүргізіледі: орналастыру орындарында тұру және тамақтану. Қалған салалар есепке алынбайды, дегенмен олардың әлеуеті мол.
Екіншісі – көлеңкелі айналым немесе кәсіпкерлердің елдің басқа аймақтарында тіркелуі. Курорттық орындардағы пәтерлердің 90 пайызы заңсыз жалға беріліп келеді. Көптеген тұрғын үй иелері салықтан жалтару үшін үй және пәтер құнын төмендетеді. Қызмет көрсету саласында да осындай жағдай. Әрбір үшінші адам заңсыз жұмыс істейді. Айта берсе, мұндай фактор көп. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер уәкілетті органдармен бірлесіп, жұмысты жандандыруы және туризм саласының әрбір сегментін мақсатты түрде пысықтауы қажет.
Инвестиция тартуға ілкімді істер қажет
Щучье-Бурабай курортты аймағына инвестицияларды тарту – күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы ретте облыстық туризм басқармасы туризмді дамыту әлеуеті бар 11 өңірге баса назар аударылған декомпозицияны әзірледі.
Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 6 есе төмен (2023 жылғы қаңтар-мамырда – 12,6 млрд теңге). Жалпы, биыл инвестициялық жобалардың қалыптасқан пулы бойынша инвесторлар жалпы құны 8 млрд теңгеден асатын әртүрлі санаттағы 17 орналастыру объектісін салуға тиіс.
Инвестор тартудың маңыздылығына қарамастан, көптеген ауданда бос жер учаскелері туралы толық карта жоқ. Қолда бар карталар ескі және кейде сенімсіз. Көбінесе жер учаскелері елді мекендердің бас жоспарына енгізілмейді. Ал ол жерлер инвесторларды қызықтырмайды. Бүгінгі таңда әкімдік үшін жер учаскелерін бөлудің жалғыз заңды нұсқасы – аукцион. Бұл рәсім әлеуетті инвесторлармен жұмысты қиындатады, өйткені әкімдіктердің инвесторлар алдында жер учаскесін беру жөніндегі міндеттемелеріне кепілдік берілмейді.
Туризмнің бір мәселесі – жол қатынасы
Туристер демалатын жерлерге әуе және теміржол тасымалының болмауы, демалыс маусымында жол қатынасының қиындық туғызуы – туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөніндегі кеңесте Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттерін жүктеген еді.
Туризм басқармасынан түсіндіргендей, соңғы 5 жылда Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары бойынша 200 км-ден астам жол (148 км) салынған және реконструкцияланған. Биыл облыстық бюджеттен туристік аумақтардың көлік-коммуникациялық инфрақұрылымының 6 жобасын іске асыруға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті:
- «Щучье-Степняк-Уәлиханов» автомобиль жолын күрделі жөндеу
- Бурабай кентінің (II кезек) жол желісін салу және дамытуды реконструкциялау
- Облыстық маңызы бар «Щучье-Зеренді-Веденовка» автомобиль жолын орташа жөндеу
- Бурабай ауданындағы «Щучье-Николаевка» автомобиль жолын күрделі жөндеу
- Бурабай ауданының «Бурабай-Қатаркөл» автомобиль жолын күрделі жөндеу
- Бурабай ауданы Қатаркөл ауылының Ленин көшесіндегі тротуарды орташа жөндеу.
Автомобиль жолдарынан басқа туристер теміржол көлігі мен әуе тасымалын белсенді пайдаланады. Теміржол көлігі желісі бойынша 2018 жылдан бастап «Бурабай» курортына 14 рейс қатынайды, 2023 жылы 2,8 мың жолаушы жүрген. Биыл туристер жиі көтеретін мәселелердің бірі – Астана қаласынан Щучье қаласындағы «Бурабай» станциясына дейін жедел электр пойызын іске қосу мәселесі шешілді әйтеуір. 14 маусымнан бастап аптасына 5 рет жүре бастады, жол жүру уақыты – 2,5 сағат, билеттердің құны – 2271-2943 теңге.
«Бурабай» курорты еліміздегі туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып белгіленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан Бурабайға экспресс-пойыздарды іске қосу мәселесін қосымша пысықтайды.
Бұл шаралар басқа аймақтардан ішкі туристер ағынын арттыруы керек. Ал Щучье қаласындағы теміржол вокзалы шетелдік және ішкі туристерді қабылдауға лайық деуге келмейді. Сол себепті, оны қайта құру және аумағы мен оған кіретін жолдарды абаттандыру мәселесі өткір тұр.
Әуежайға келсек, нысан 2018 жылы қайта құрылды. Қазір ол бір уақытта 8 әуе кемесін қабылдай алады, жолаушылар терминалының өткізу қабілеті – сағатына 200 жолаушы. Алматы (аптасына 3 рет), Шымкент (аптасына 2 рет) және Ақтау қаласы (аптасына 2 рет) арасында рейстер орындалады. Барлық рейстердің жүктемесі – 63-85 пайыз. Биылғы 17 маусымнан бастап Көкшетау қаласының әуежайы мен SCAT авиакомпаниясы арасында ұшақтардың борттарын Шымкент және Алматы қаласы бағытында 150 орынға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осыған қарамастан, әуежайдың жүктемесі – небәрі 2 пайыз. Бурабайдың курортты аймақ екенін ескерсек, жүктемені жыл бойына туристер ағылып жатуы арқылы ғана арттыруға болатыны түсінікті. Бұл үшін қосымша субсидияланатын рейстер қажет. Қолдағы мәлімет бойынша, қазір Көлік және коммуникация министрлігі Көкшетау – Қызылорда, Көкшетау – Ақтөбе субсидияланатын рейстері мәселесін қарастырып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым жаңарту мен жөндеуді қажет етеді
Кез келген курортты аймақ үшін инженерлік инфрақұрылымның заман талабына сай болуы маңызды. Бұл еліміз бойынша туристерді көп қабылдайтын Шучье-Бурабай курортына да қатысты. Бурабайдың инженерлік инфрақұрылымы көптің көңілінен шыға бермейді.
«Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл — көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген», — деген еді Президент кеңесте.
Туризм басқармасынан атап өткендей, осы жылы Бурабай курортының инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін 3 жобаға 1,1 млрд теңге ғана бөлініпті.
Иә, курорт инфрақұрылымдық проблемаларға батып отыр. Энергия тасымалдаушылардың жұмысы тұрақсыз. Бурабай кенті судан таршылық көреді, әсіресе жазғы маусымның шыңында мәселе аса өзекті. Кәріздің жоқтығы да – шешімін күткен мәселенің бірі. Айта кетсек, жақында Сарыбұлақ кенті аумағында электр желісіндегі ақауға байланысты бизнес нысандары қиындық көрген. Осы мәселелерді шешу үшін Ақмола облысы туризм басқармасы мен ҚР Президенті Іс Басқармасы, аудан әкімдігі бірлесіп, Бурабай курортының 2029 жылға дейінгі даму жоспарының жобасын әзірлеуді қолға алмақшы. Бұған курорттың толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық жобалар кіреді.
«Мемлекет басшысы атап өткен Қатаркөл, Текекөл, Жүкей көлдерінде туризмді дамыту нүктелері де осы жоспарды жасаған кезде ескерілетін болады. Біз әкімдіктермен және туристік қоғамдастықпен бірлесіп осы орындарға қажетті инфрақұрылымдық жобаларды пысықтаймыз. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Бурабай ауданының әкімдігімен бірлесіп, курорттың инженерлік инфрақұрылымының қамтамасыз етілуіне тексеру жүргізеді. Курорттың жұмыс істеуі үшін қажетті аяқталмаған жобаларды қаржыландыру жалғастырылу көзделген», — деп түсіндірді ведомстводан.
Айтуынша, Қатаркөл мен Жүкей көлдерінде туризмді дамытудың перспективалы, лайықты туристік нысандары бар. Бірақ бұл жерде проблема да жоқ емес, яғни жер телімдерінің жоқтығынан әлеуетті инвесторларды тарту қиын болып отыр. Сол себепті, Бурабай және Біржан сал аудандарының әкімдіктері осы локацияларда пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару жұмыстарын ширатуы қажет.
Ал туристер табиғаттың сұлулығын емес, қоқысты «тамашалап» жүр
Жалпы 2023 жылы курортты аймаққа барлығы шамамен 1,3 миллионнан астам турист келді. Қызмет көлемі 21 пайызға өсіп, 21,1 миллиард теңгеге жетті. Туризм басқармасының дерегі бойынша, 2024 жылы 1 миллион 300 мың турист келетіні болжанып отыр.
Бурабайға келетін туристер санының артуына байланысты қоқыс мәселесі қиындай түскен. Туристер көрікті жерлерді тамашалаудың орнына, әр қадам сайын шашылған қоқысты суретке түсіріп әлек. Бұған әрине, курортты аймақтағы қоқыс жәшіктерінің аздығы мен санитарлық тазалық бойынша жұмыстардағы сылбырлық себеп болып отырғаны жайы бар. Сонымен бірге, әсіресе, ішкі туристердің демалу мәдениетінің аздығын да жоқ шығара алмайсың.
Дегенмен, осы мәселені шешу үшін биыл Бурабай курортын абаттандыруға және санитарлық тазартуға жергілікті бюджеттен 18,3 млн теңге бөлінді (санитарлық тазалау – 8,3 млн теңге, абаттандыру және көгалдандыру – 10 млн теңге).
Жазғы маусымға дайындық шеңберінде Бурабай кентінде және ұлттық парк аумағында 27 қоқыс алаңы, 279 стационарлық урна, 80 орындық, 35 барбекю аймағы орнатылды. Ұлттық парк қосымша қоқыс шығаруға көлік сатып алды, мереке және демалыс күндері жиілігі күніне 6 ретке дейін қоқысты жинау және шығару кестесі бекітілді.
Сонымен бірге, жазғы маусым басталғалы Щучье-Бурабай курортында 88 санитарлық-гигиеналық торап іске қосылды (5 – Бурабай кенті, 1 – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, 7 – «Бурабай-Даму» ЖШС, 74 – МҰТП жалға алушылары).
Қонақтардың ыңғайлылығы мен жайлылығы үшін биыл санитарлық-гигиеналық торап қызметтерінің құны 50 теңгеге дейін төмендетілді. Ал, Бурабай кенті аумағында 5 санитарлық-гигиеналық торап тегін қызмет көрсетеді.
Дереккөз: kaz.inform.kz