Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абылайдың қара жолы - АРҚА АЖАРЫ

Абылайдың қара жолы

 Хақ тағала хазарында қара жердің жаралғанына миллион жылдар өтсе де, пәни ғұмырға пенде баласының неше атасы келіп, неше атасы кетсе де қарт тарих қойнауынан сүбе тартқан арғы аталарымыз Сақ пен Ғұнның сарыны қалған, берісі Жәнібек-Керей хандардың нәлісінің ізі  жатқан, онан бері де Абылай жортқан қара жол әлі күнге мен мұндалап қойнына тыққан құпиясы мол көненің соқпағына жетелейді.

Осынау қиындығы мен қызығы, соқтықпалы соқпағы мол бабалар жортқан күре жолды өзіне мәнсұқ еткен «Абылайдың қара жолы» экспедициясы ескіше хижра жыл санауы бойынша 1445 жылдың (2023) Рәжәп айының төртінші жұлдызында Құдай тағаланың құтты күні, түркілердің бесігі, киелі мекені Күлтегін, Тоныкөктің тобыршығы жатқан жер Моңғолияға аттанды. Алдымыздағы мақсат «Уа, Тәңірім! Төбемізде көк аспан! Табанымызда қара жер! Сенің сөнбейтін нұрыңнан жаралғанбыз, Алтайдан төркүл дүниеге таралғанбыз. Жұпар ауадан, тұнық судан нәр алғанбыз! Көк бөріні көкке көтеріп тегім деп білгеміз, Алақанымызды аспанға қарата жайып, Тілек тілеуді сенім деп білгеміз. Ата-бабаның сүйегі қалған төбені, Жерім деп білгеміз! Ала байрақты аспанға көтеріп, Әруағымызды шақырғанбыз, Жау көрсе айбатқа мініп, Атойлап арыстандай ақырғанбыз! Қырандай биікте қалықтағанбыз, Шартарапқа шарықтағанбыз! Біз-Көк Түріктен! Он Оғыз, Тоғыз Оқтанбыз! Біз! Ұмай анадан-асыл тектінің жатырынанбыз! Айғырдай кісінегенбіз, Бұқадай бұлқынғанбыз, Бурадай жұлқынғанбыз! деп басталатын Күлтегін тасындағы жазулар ырғағымен жазылған азулы ақын Ерболат Баяттың жырындағы Күлтегін,Тоныкөк бабалардың мекеніне тағзым ету еді.

Ресей жерін баса көктеп, таспадай созылған тас жолдың апшысын қуыра, айшылық жолды алты аттап, шудаларын шаң басқан темір тұлпарлардың тұяғына таптатып, төрт бірдей шекара бекеттерін кесіп өтіп, Мұңғылдың шеткі шебінде жатқан қазақтар мекені Бай-Өлкеге бусанып келіп тоқтадық. Бұл өлкеде қаймағы бұзылмаған қазақы қалпын, ата-салтын сақтаған, байырғы көшпенді қазақ тұрмысының мәйегін емген, рухы биік, арманы асқақ қазақты көресіз. 2024 жылы Ховда бетін мекендеген бұл елге 157 жыл болған екен. Бұл жерге қалай келді, қашан келді дейтін болсаңыз, тарихқа аздап көз жүгіртсеңіз, кей ағайынның айтатын сталиндік нәубеттің тұсында қашып кеткен дейтін шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қотыр әңгіменің куәсі боласыз. Алтай таудың күншығысы Ховда бетіне, Шығыс Түркістан, Қытайдың Шыңжаң өлкесінен асып барған Абақ керейлер. Бұл мекендер қазаққа бағзыдан бері жат емес еді. Шыңғыс жорығына дейін де, онан кейін де керей мен наймандар мекен еткен. Бұл қазақтар Абылай, Әбілмәмбет хандар заманында, солардың сарабдал саясатының ықпалымен Қалба тау, ұлы Ертістің сан-саласына қанат жайып, 1790-1860 жылдар аралығында «төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деп Әбілмәмбеттің немересі Көгадайды өздеріне төре сайлап, Бейжің билігінен ақырып теңдік сұраған қазақтар. Алтайдан асқан ат төбеліндей аз қазақты ол жақта да ешкім маңдайынан сипап, айналайын деген жоқ, әрине. 1911-1912 жылдарда Дамбижанцан лаңы, яғни, «Жалама айдаған» жылдар атымен әлі күнге ел жадында қалған тарихи жара әлі жазыла қойған жоқ. Ел серкелерін тірідей сойып, тұлып жасап Өрікті көлден түре қуған бұл зобалаң тарих кешірмейтін қылмыс. Онан кейін де мұртты көсемнің саяси шалығы сорпа бетіне шығар жақсы мен жайсаңды сыпырып әкетті. Осылайша жатпен жарғыласып, жауымен жағаласып, жақын тартқанын андағыла жүріп, осыншама жерді иелігіне бағындыру бөрі мінезді қазаққа ғана тән. 1867 жылы шеруші руының биі Жылқышы, жәнтекей биі Көбеш, төре Қожамжар билер бастап, Ховданың Кебей амбысынан тұрақты қоныс етуді сұрап, түбегейлі орнығады. Шеруші руы Сүкірбай бидің тұсында ХХ ғасырдың басында Қаратаудан бастап Бөкентауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді Манжиң үкіметінен құжаттатып алған. Онан кейін де Қылаң басқарған жылдары Үш Ойғырдан Далынтолғайға дейінгі жерді қазаққа алып беруі жүрегі түкті адамның ісі. Тас маңдайына жазған тағдыр тауқыметімен таласа жүріп, тау барысындай қатпар жықпылы мол күрес жолында талмай жортқан бұл қазақтың да айы оңынан туар шағы бар екен. Бұл Моңғолияның Сүкэбатор бастаған халық қаһармандарының Мәнжіңнен қалған биліктің тамырын түп-қопара құлатып, мұңғыл елін қанды тырнағынан босатқан 1921 жылы еді. Бертін келе, 1940 жылы маршал Чойбалсан тұсында Бай-Өлке аймағын орнатып беріп, жеке қазақ аймағына айналды. Осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін төскейінде бес түлігі  жамырап, орман тоғайында бұлбұлы сайрап, елдің даму кезеңінде бірге қайнап мамыражай күн кешуде. Ақыт қажы Үлімжіұлынан бастап, кейінде ақын Қ.Тауданбек, Б.Ақтан, Р.Шынай, Т.Бұрқасын, Ж.Байыт, Р.Сұраған, тағы басқалар, күйші М.Бердібай, Қ.Өсерхан, М.Тұрымтай, тағы басқа әншілер Моңғолияның халық әртісі Ж.Қибатдолда, Ә.Қабылаш, бүгінде атажұртта тұрып жатқан, 200-ге тарта әндердің авторы, 400-ге жуық ұлттық және симфониялық оркестірге шығарма жазған әрі әрлеуші Құрмет Сақай сияқты тізіп жаза берсе, сан жетпес руханият әлеміне өлшеусіз үлес қосып, өшпес қолтаңбасын қалдырған ақын-жазушы, өнер тарландары қаншама. Киесіне иесі сай, берекесіне  мерекесі ұласып, жатына да, жақынына да бірдей қарасып, азаны мен қазаны жарасып, ұлттық салт-санасы ұйыған аз қазақтың бақыт мекеніне айналған Бай-Өлке жұртында екі күн ат арқасын суытып, тоқым кептіріп, күре Мұңғыл астанасы Улан-Баторға жол тарттық.

Екі мың шақырымнан асатын күре жолдың бойын жайлаған елді мекендерді баса жортып, ел астанасы Улан-Баторға да жеттік. Революция жылдарында дербестігін алған бұл елге жұмыс сапарымен келген Тұрар Рысқұлов «Қызыл Батыр» деп атын қойған екен. Содан бері Улан-Батор аталған мұңғыл елінің астанасы әлем жұртының назарында. Өзім дегенге есігі ашық, төрі кең, өзі елегенге етегін жимас қайсар рухты, тауында ұлары сайраған, белінде ұланы ойнаған, мыңғырған малын айдаған, айдарынан жел ескен, киген етігінен, мінген атынан, ас ішкен ыдыс-аяғынан бастап әспеттеп, қадір тұтатын көшпелі елдің көне мәдениетін көресіз. Ханынан қарашасы бұқпайтын, би төресінен бағыныштысы ықпайтын, сыйластығын сыйым деп білетін, елім дегенін елдестіре білетін, білектімен белдестіре білетін, алыс-жуығын ортақ тілде тілдестіре білетін ғажайып еркіндік бар. Орта Азиядағы дала демократиясы дамыған бірден-бір мемлекет. Оның куәсі ретінде бір ғана кішкентай элементті айтайын. Астана қаласының дәл ортасында орталық Сүхэбатор алаңында мемлекет үйі, біздіңше Ақордасы тұр. Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін осы алаңда тойын тойлап, биін билеп, сауық сайранын құрып, емін-еркін қыдырып жүр. Оған әрі жүр деп шектеу қойып, қақпайлап жатқан ешкім жоқ. Ақ ордасын айнала құрсаулап тастаған қамалы, болмаса есігін күзеткен қарауылы тағы жоқ. Қасқая қарап, Шыңғыс ханның ескерткіші тұр алдында. Баба рухына тағзым жасап, естелік фотаға түсіп еркін жүр. Көптен қаламыз ба, біз де бардық, есік алдын қорыған бір ғана күзетші тұр, қарусыз, бейне бір біздің ауылдық әкімшіліктің күзетшісі сияқты. Қорғасыннан қамал салып, етек-жеңін қымтап, қабат-қабат әскери күзет қоям десе әдді жетпей отырған жоқ, әрине. Бұл ненің белгісі? Билік пен халықтың арасында тығыз байланыс бар деген сөз, ешқандай перде жоқ, өз халқын өгейсітпейтін, өз дегенін өзегіне балаған, санасына селкеу түспеген сенімнің белгісі. Сенім бар жерде бірлік бар, бірлігі бекем елде ешкімнен ықпайтын өжеттік бар. Қарттар үйі иәки болмаса жетімдер үйі деген ұғым мүлде жоқ, нағыз түркілік дәстүр. Ұлттық ұстыны мен ұстанымына еріксіз тәнті боласың. Біз Шыңғыс ханның басына таласып әлектеніп жүргенде, олар Шыңғысқа қоладан құйып, алып ескерткіш орнатып жарты әлемді аузына қаратты. Талассаң да, тартыссаң да ешкімнің жарғысына салмайтын, ешкім тартып ала алмайтын түп қазығым деп тұрғандай. Әркімге бір жалтақтап, жалпақ шешейлік таныту қандарында жоқ. Түркінің тарихи тамырын түптен тартсаң, Көк Түркінің атасы Күлтегін мен Тоныкөктің көк тасы, мәңгілік мекені осында. Қалай десек те, бөрі байрақты Түркі жұртының Отаны бұл. Тауы мен тасында, сайы мен саласында бабалар салған із, мен мұндалап көне заман қойнауына сүйрейді. Айғақты дәлел айпара сайрап жатыр, ешкімнің дауы жоқ. Қарға бойлы, терең сойлы қазына көкірек Мұрат қажы бастаған аз топтың ойлаған ой, мұрат тұтқан мақсаты дәпі қанып, дәргейіне жеткендей. Олай дейтініміз, киіз туырлықты, ағаш уықты, түбі бір түркі баласы, қоңырқай өңді дөңгелек жүзді моңғол жұртымен Күлтегін Тоныкөктердің кіндігімен тамырлас ұлы қазақ даласының тарихы егіз. Күш-қуат алар рухани әлемі. Ел мен елді, жер мен жерді, ағайын мен ағайынды тамырластыру, табыстыру, тарихи жадын жаңарту, қайта түлетіп жаңғырту «Абылайдың қара жолы» ғылыми танымдық экспедициясының басты ұстанымы еді.

МҰХТАРХАННЫҢ Дәулеті,
Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры

 Степняк қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар