Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының Зарап Темірбеков көшесіндегі инженерлік желі құрылысы мен Қопа көлінің жағалауы бойындағы, Кенесары көшесінен Қан орталығының бұрылысына дейін жалғасқан жол құрылысының бүгінгі ахуалымен танысты.
Өңір басшысы алдымен З.Темірбеков көшесі №2 мекен жайында орналасқан паркингі бар 292 пәтерлі тұрғын үйге инженерлік желілер салу және абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен танысып, бақылап көрді. «СЭМ-Стройэнергомонтаж» серіктестігінің бас инженері Сергей Крутоустың баяндауынша, қазіргі таңдақұрылыс нысанына диаметрі 500 мм канализациялық коллектор салу көзделген.
– Бұл кәріз сорғы жүйесін орната отырып, қалалық кәріз ағынды суларын Гагарин көшесі бойымен Темірбеков көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, сондай-ақ, Есенберлин көшесіне үздіксіз тасымалдай аламыз, – деді ол.
Бас инженердің айтуынша аталмыш құрылысқа қажетті жабдықтар Ресей елінен әкелінген, алайда, белгілі себептерге байланысты жабдықтар кешігіп келіп, құрылыс сәл кешеуілдеу қолға алынған. Бірақ, бұл нысанды белгіленген уақытта тапсыруға еш бөгет болмайтындығы баса айтылды. Нысанды қазан айында тапсыру жоспарланып отыр.
– Алдымен тұрғындар өтініші ескерілуі керек. Нысан қатаң бақылауға алынады. Құрылыс нысанын белгіленген уақытта сапалы жасап, тапсыруымыз керек, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімі Кенесары көшесінен Көкшетау қаласындағы Қан орталығының бұрылысына дейін жалғасқан Қопа көлінің жағалауындағы жол құрылысының барысымен танысты. Облыс әкімінің бастамасы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған қанатқақты жоба ойдағыдай жүзеге асырылса,бұл қаламыздың көлік инфрақұрылымының дамуына оң әсерін тигізіп, негізгі көшелердегі көлік ағынын жеңілдетеді және жалпы қаламыздың ажарын аша түсетіні анық. Компания жол салумен қатар, абаттандыру, жарықтандыру, веложол, су бұру арналары мен көгалдандыру жұмыстарын да жүргізеді.
Инвестор компания – «Казцинк» серіктестігі. Қазіргі уақытта жарамсыз топырақты игеру бойынша құрылыс-монтаждаужұмыстары жүргізілуде, негізгі және таблоидтық бөліктерде жер төсемінің негізін салу көзделген. «АБК-Автодор НС» серіктестігінің жоба жетекшісі Азамат Бірсейтовтың баяндауынша, жұмыс кесте бойынша қарқынды жүріп жатыр. 1 тамыздан тас жол салына бастайды. Жыл соңына дейін Қопа көлінің жағалауы қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс алаңына айналатынына сенім мол.
Айта кетсек, «Казцинк» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт бойынша мердігер BI Group компаниясының бөлімшесі – «АБК-Автодор НС» ЖШС болып табылады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.