Сенбі табиғатқа жанашырлық күніне айналды

Көрікті Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында экоплоггинг өтті. Шараның ұйымдастырушылары мен бастамашылары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы болып табылады.

Іс-шараға азаматтық сектор өкілдері, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» республикалық жастар қанаты, Қазақстан студенттер Альянсы, жастар ұйымдары, Біржан сал, Бурабай және Бұланды аудандарының жастар-ресурстық орталықтарының басшылары, сондай-ақ, белсенді жастар, студенттер мен еріктілер, барлығы 300-ге жуық адам қатысты.

–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика бойынша жер-жерде ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты аудан тұрғындары мен туристердің, әсіресе, жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде патриотизмге, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын дәріптеу. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан республикалық экоплоггингке қатысып отырған барлық қатысушыларға алғыс білдіремін. Туған жерінің тазалығын сақтауға, табиғатты қорғауға және аялауға шақыру әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Іске сәт, достар, – деді өз сөзінде Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов.

Плоггинг салауатты өмір салты және қоршаған ортаға қамқорлық сияқты екі заманауи тенденцияны біріктіреді. Ол әдеттегі жүгіруден ерекшеленетін, өйткені, сіз өзіңізбен бірге қапшықты алып, оған жолда кездесетін барлық қоқыстарды жинайсыз.

–Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде жалпыұлттық сипатқа ие болып отыр. Осы орайда, Министрлік еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық экоплоггинг ұйымдастырып отыр. Бүгін міне, киелі Бурабай жерінде біз сіздермен бірге осы іс-шараны өткізгелі отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қазір ел бойынша игі істер марафоны да бастау алған. Сондықтан да, осы марафонның аясында, әрбір қазақстандық өзіне, жақынына, еліне, жерінедеген сүйіспеншілігін көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Яғни, біз, айналамызға мейірімімізді төгіп, жақсы істер жасауымыз қажет. Баршаңызды осы игі іске ат салысуға шақырамын, – деді Азаматтық қоғамдық істер комитеті төрайымының орынбасары Елдар Сапаров  іс-шара барысында сөйлеген сөзінде.

– Облыс әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен облысымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 5000-нан астам игі іс-шаралар өткізілген болатын. Ел игілігі, жер игілігі үшін жасалып отырған игі істер көп болсын, – деп жалғастырды бұл ізгі ниетті облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев.

Экоплоггингтің қатысушылары екі топқа бөлініп, бірі Абылай хан алаңында, екіншісі Бурабай көлінің бойында қоқыс жинады.

Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен Ақмола облысы бойынша 550-ден астам елді мекен қамтылып, осы уақыт ішінде 80 мыңға жуық тонна қоқыс шығарылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді, 200 түп көшет отырғызылды, су айдындарыөзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылып, 400 балалар алаңы абаттандырылды, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделді.Облыс бойынша барлығы 500 мыңға жуық адамның қатысуымен 3500-ге жуық бір реттік экологиялық іс-шаралар өткізілді.

Көрікті Бурабай баурайындағы экоплоггинг солардың ішінде ауқымдыларының біріне жатады. Жыл өткен сайын туристер ағынының молаюына байланысты тазалық, қоқыс жағы да көңілден шыға бермейтін мұндай экологиялық шара еліміздің басты курортына керек-ақ. Сондықтан, табиғатқа жанашырлық күніне айналған бүгінгі сенбі бұл тұрғыда текке өтпеді деп сеніммен айта аламыз

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар