«Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің бас директоры Олег АГОЕВ: «Біз үшін басты мақсат  – жолаушылар тасымалы мен қауіпсіздігі»

Көкшетау қаласында жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту    мақсатында 1946 жылы құрылған «Көкшетау автобус паркі» серіктестігі қазіргі таңда облыс орталығындағы ең ірі кәсіпорын. Ағымдағы жылы серіктестіктің құрылғанына 78 жыл толып отыр. Осы 78 жылдық белестер қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру бағытында халық игілігіне қажетті жұмыс атқарылып, міндет абыроймен жүзеге асырылып келеді. Біз мерекеге орай, осы «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің Бас директоры Олег Агоевпен тілдесіп, ұжымның тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.

Алдымен серіктестіктің құрылу тарихына зер салар болсақ, автобус паркі алғашқы жылдары бейімделмеген әрі арнайы жабдықталмаған ескі ғимаратта орналасса керек. 1972 жылы 200 автобусқа арналған жаңа типтік автобус паркі пайдалануға беріліпті. Кәсіпорын жаңа автобустармен толықтырылғанына байланысты автобус паркінде қосымша цехтар салынып, жабдықталған. Жаңа әкімшілік корпус салынып, ал ескі ғимаратта тұрмыстық кешен қайта құрылды. 2000 жылдан бастап цехтар мен әкімшілік ғимарат жөнделіп, арнайы  жабдықтар мен станоктар пайдалануға берілді. Ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді арнайы тамақпен, киіммен және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз ету үрдісі де қолға алынды.

Қазіргі таңда он цех жүйелі жұмыс істейді. Бұл күнде «Көкшетау автобус паркі» серіктестігіне қалалық тасымалдау қызметі көлемінің 67 пайызы  тиесілі. Оның  14-і қалалық маршрут болса, біреуі маусымдық. Жылжымалы құрамның техникалық жай-күйін сақтау үшін жөндеу қызметінің жұмысы ұйымдастырылады. Автобустарды жөндеу жұмыстары арнайы цехтарда жүргізіледі. Мұнда қажетті жабдықтардың барлығы бар. Өндіріс шеберлерінің, слесарьлардың, газбен дәнекерлеушілердің жүйелі жұмыстарының арқасында ақау шыққан автобустар тез арада іске қосылып, жұмыста кідіріс болмайды. Автокөліктің жұмысына бақылауды жүзеге асыру үшін бақылау-техникалық өткізу пунктінде, диспетчерлік бөлмеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып тұрады. Барлық бақылау-диспетчерлік пункттермен байланыс бар, бұл техникалық ақаулық бойынша маршруттан шыққан автобустарды жедел ауыстыруға мүмкіндік береді.

– Бұл күнде кәсіпорында 226 адам жұмыс істейді, оның ішінде 117 жүргізуші, 55 кондуктор бар. Бір жылда орта есеппен 19 миллионнан астам адам тасымалданады, жолаушылар айналымы 68,8 мың шақырымды құрайды. 2019 жылы Көкшетау қаласындағы автопаркті жаңарту бойынша «Көкшетау автобус паркі» серіктестігі мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде қанатқақты жобаны қолға алды. Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПром» серіктестігі қазақстандық автоөндіруші зауытында жиналып, құрастырылған Yutong ZK 6108 HGH маркалы 44 қалалық автобус сатып алынды. Автобустар Көкшетау қаласының климаттық жағдайларына бейімделген. Жаңа автобустарда екі қабатты терезелер, салонды қосымша жылытқыштар, бейнебақылау камералары, GPS-навигациясы, жолаушылар ағынының датчиктері, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар және стационарлық электронды жол ақысын төлеу терминалдары бар. Сонымен қатар, 2020 жылы  мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде 30 тағы жаңа көлік сатып алынды.  Бұл автобустар да біздің өңірдің климаттық жағдайларына бейімделген,  аспалы дезинфекциялық қондырғылары, ауаны дезинфекциялауға арналған ультракүлгін шамдары бар заманауи жабдықталған қоғамдық көліктер, – дейді Олег Агоев.

Әрине, көлік қызметкерлері саласында қордаланған мәселелер де жоқ еместігін де тілге тиек етті ол. Бас директордың айтуынша, басты мәселенің негізгісі жүргізушілер мен кондукторлардың жетіспеушілігі болып табылады.  «Жасырары жоқ он екі жылдан бері «Д» санатты куәлігі бар жүргізушілер тапшы» дейді Олег Агоев.

–  Алайда, кәсіпорында өз мамандығына адал,  40 жылдан астам жұмыс істейтін жандар да бар. Кезінде біздің серіктестікте ата-аналары адал қызмет атқарса, бүгінде сол игі үрдісті олардың балалары жарасымды жалғастырып, жұмыс істеп жүр. Төл мереке қарсаңында осындай озат еңбеккерлерімізді атап өтсем деймін. Олардың қатарында Ысқақовтар, Нұрқұтовтар, Әшімовтер, Яфиясовтар династиялары бар. Автопаркте отыз жылдан бері адал еңбек етіп жүрген жүргізушілерімізді де атап өткім келеді.  Олар В.И.Правнюк, К.Т.Әутәліпов, Г.Г.Чернявский, Ф.С.Сунгатуллин, В.И.Зайцев. Бүгінде жас жүргізушілер де өз жұмыстарына адал қарайды, салондағы тазалықты және автобустардың техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстап, жолаушылар көңілінен шығып жүр. Осындай ұқыпты, мақтаулы мамандар қатарына А.К.Ысқақов, С.Н.Латыш, А.Б.Можебаевтарды қоссақ әбден лайық. Сондай-ақ, А.С.Туканова, С.В.Кирсанкина, Ж.З.Маженова, Г.А.Филипьева сияқты тәжірибесі зор кондуктор-консультанттарды атап өткім келеді. Көлік саласында қызмет ету – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Бұл мәртебелі мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді, адамгершілік асыл мұратты көздейді. Сол себепті де, облыстық газет арқылы өз әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтап, оларға  қажымас қайрат пен еңбектің адал жемісін тілеймін! Кәсіби біліктілік пен жауапкершілік көрсете отырып, халықтың алғысына бөлене бергейсіздер! Біз үшін басты мақсат  – жолаушылар тасымалы мен қауіпсіздігі. Осындай ізгі мұрат жолында абырой биігінен көріне берейік деген ізгі тілегімді өз әріптестеріме білдіргім келеді, – дейді басшы.

Шынымен де, қоғамдық көлікті тізгіндеу оңай-оспақ шаруа еместігі анық. Себебі, жолаушы тағдыры ойыншық емес! Жолаушы тағдыры – жүргізушіге аманат! Мереке құтты болсын, құрметті көлік қызметкерлері дейміз біз де ақжарма тілекпен.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар