Астанада өткен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» тақырыбындағы конференцияны теледидардан көрдім.
Онда Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа мерейтойлық 10 мың теңгені таныстырып, жаңа купюра 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, шектеулі таралыммен бас-тырылатынын атап өтті. Өз басым бұл бастаманы толық қолдаймын. Өйткені, Елбасымыздың Қазақстанның әлеуметтік-экономикасын дамыту, ішкі және сыртқы саясатын жүргізу сияқты өзге де бағыттарда атқарған жұмыстары орасан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүкендердің сөрелері босап қалғаны белгілі. Бар тауарлардың өзі талонмен берілгенін көзіміз көрді. Кейін төл теңгеміз тауар ақша айналымына еніп, сауда-саттық реттеле бастады. Бүгінгі таңда дүкендердің саны артып, тауар таңдау мүмкіндігі туды. Шетелдермен қарым-қатынас орнатылып, инвестиция тартылуда. Осының арқасында көптеген ірі кәсіпорындар іске қосылып, өнім өндіре бастады. Өңірімізде «ЕНКИ», «Көкше Цемент» және өзге де ірі кәсіпорындардың пайдалануға берілуі осының айғағы. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде елді мекеннің өрісіндегі мал басы көбеюде. Егіншілік саласы дәстүрлі технологиямен экологиялық таза өнім өндіруге кірісті. Қалалар мен ауылдарда мектеп, балабақша, аурухана мен амбулатория тәрізді әлеуметтік саланың нысандары көптеп бой көтерді. Осының бәрі Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асты. Бүгінгі таңда тәуелсіз елімізде әртүрлі ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Сондықтан, халқына қалаулы, еліне елеулі біртуар тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі он мың теңгеге орналастырылғаны әбден жөн деп санаймын.
Шегендік БЕКБОЛАТОВ,
Еңбекшілдер аудандық статистика басқармасының басшысы.