Ақмола облысында күзгі орақ науқаныесік қағып, диқандар дәнді дақылдарды іріктеп оруға кірісті.
Биыл көктемде облыс бойынша 5 миллион 400 мың гектар жерге дәнді және майлы-бұршақты дақылдар себілген еді. Оның басым бөлігі бидай дақылы. Орақ науқанына 9 мыңға жуық техника қатыстырылмақшы. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. Жергілікті шаруаларға биыл Үкіметтен арзандатылған бағамен 83 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазір ол шаруаларға жеткізіліп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, облыс диқандары 5 миллион тоннадан астам астық жинап, еліміздің ірі аграрлық аймағы екендігін тағы бір дәлелдеуден үмітті.
– Биыл жаз бойғы жауған жауыннан егіннің шығымы жақсы. Тек былтырғыдай ауа райы кедергі келтірмесе болғаны. Қазір ыстықтың жетіспеуінен егіннің күткендегідей пісе қоймауы алаңдатады. Дегенмен, бәрі өз орнына келіп, тыңғылықты дайындықтың арқасында көздеген межеге жетеміз деген сенімдеміз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.