Ақмола облысының аумағында жазғы каникулда 19 балалар сауықтыру орталығы жұмыс істеп келеді. Оқушылар үшін қызмет ететін бұл лагерьлерде жаз бойы еліміздің әр өңірінен келген жас жеткіншектер мазмұнды дем алуда. Осы орайда, Ақмола облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен балалардың жазғы демалысының қалай өтіп жатқанын көзімізбен көріп қайттық.
Бір күндік баспасөз туры барысында, алдымен Бурабай ауданындағы «Звездный континент» балалар сауықтыру орталығына атбасын тіредік. Жан-жағы қарағай, қайың, терекпен көз тартқан лагерь аумағы топ-топ болып ойнаған балалар үнімен құлақ тұндырып тұр. Орталықта жұмыс істейтін әртүрлі секциялардың мүшелері бір жерде би билеп, екіншілері ән айтып, үшінші топ спортпен шұғылданып, келесілері интеллектуалды ойындар ойнап, мәре-сәре болуда. Бара қалған бетте, лагерь құрылымымен танысып шықтық. Мұнда, 150 орындық асхана, спорт алаңдары, квиздық ойын секторы, жатақхана, би алаңы мен сахна орналасқан. Әрі қарай орталық қызметкерлері жұмыс барысын таныстырды.
– Еліміздің түкпір-түкпірінен 7-14 жас аралығындағы 2 мыңнан астам бала жазғы демалысын өткізіп келеді. Балалар сауықтыру орталығы маусым айынан бері жұмыс істеп тұр. Жазғы демалыс басталғалы 7 ауысым бойы балаларды қабылдаудамыз. Әр маусымда 300-ге жуық бала демалады. Негізінен, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Астана, Семей, Екібастұз және Орал қалаларынан келіп жатыр. Қазақстанның барлық өңірін қамтыдық деп айтуға болады. Осы жазда өз облысымыздың Есіл, Зеренді, Жақсы, Сандықтау және Атбасар аудандарынан келген 200-ден астам баланы тегін демалдырдық. Егер біздің орталықтың ерекшеліктері туралы айтатын болсақ, биыл біз сауықтыру бағдарламасын жан-жақты етіп әзірлеуге тырыстық. Бағдарламаны құру барысында осы жылы Оқу-ағарту министрлігі қабылдаған білім берудің бірыңғай бағдарламасын негізге алдық, – деп атап өтті өз сөзінде «Звездный континент» балалар сауықтыру орталығы педагогикалық жасағының басшысы Мая Беркімбаева. Орталықта балалар тарихи тұлғалардың өмірбаянымен, ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, өз білімдерін арттыра алады. Және де, балалардың демалысын тиімді әрі қызықты етіп өткізу үшін қолөнерден шеберлік сағаттары, интеллектуалды ойындар жиі өткізіліп тұрады.
– Мен негізінде, көптеген лагерьлерде болып көргенмін. Бірақ, осы «Звездный континент» орталығы маған өте қатты ұнады. Себебі, мұнда вожатыйлар әр баламен тіл табыса алады, қарым-қатынастары жақсы. Және де мұнда медициналық пункт сенің бір жерің ауыра қалса, бірінші болып көмегін көрсетуге әрқашан дайын. Тағамдары да өте дәмді. Өз таңдауың да табылады. Жатақханасы өте таза. Уақыт қызықты өтеді, – дейді осы лагерьде дем алып жатқан Аруна Маратқызы. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, күнде кешке тәрбиешілер мен балалар арасында «Шам сөнгенше» атты кері байланыс орнатылады. Мұнда балалар күндерін қалай өткізгенін айтып, өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салады.
Сондай-ақ, аудан орталығы Щучинск қаласында балалардың жазғы демалысына арналған екінші лагерь орналасқан. Өткен жылы осы қаладағы жоғары педагогикалық колледж жанынан «Жаншуақ» лагері өз жұмысын бастаған еді. Демалыс барысында оқушылардың қала ішінде бола тұрып, толыққанды демалып, табиғи орындар мен тарихи-мәдени көрікті жерлерді тамашалуға мүмкіндіктері бар. Колледж директоры Галина Бичунның айтуынша, бұл оқу орнында 3-4 курс студенттерінен педагогикалық тәлімгерлер жасақталған. Олар оқу барысында алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Бұл лагерьдің ерекшелігі де сол. Яғни, оқушыларға бас-көз болатын тәлімгерлерді білім ордасы өзі даярлап шығарады. Оған қоса, балалар үшін жазғы демалысты көңілді етуге бағытталған арнайы он күндік бағдарлама әзірленген. Онкүндіктің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып, уақытты тиімді әрі қызықты өткізудің сағаттық кестесі жасалған. Мысалы, бірінші күн «Достар арасында» тақырыбымен 22 түрлі сағаттық кестемен өтеді. Әрі қарай демалыс күндері «Дарындылар мен жанкүйерлер», «Синема Бурабай», «Туризм күні», «Шеберлер күні», «Ойын күні», «Спорт күні», «Жол іздеушілер мектебі», «Достық жұмыс емес», «Келесі кездескенше» сияқты тақырыптармен жалғаса береді. Аттары айтып тұрғанындай, әр күннің өзіндік маңызы бар. Лагерь құрылымында ойын алаңдары мен жатақхана, асхана, тиісті штат қарастырылған. Демалушылар ауысым барысында түрлі тілдік, ұлттық спорттық ойындарға, Қазақстан халқының билерін үйренуге, зияткерлік-танымдық викториналарға, конкурстарға қатысады, өздерінің қызығушылықтары бойынша үйірмелерге де баруларына болады.
– Бұл бізде екінші ауысым. Ерейментау ауданынан 80-нен астам бала келді. Ауысым өте қызықты өтуде. Балаларға жазғы демалыс орнын ұйымдастыру үшін материалдық базамыз жақсы. Штатымыз біліктілігі жоғары мамандардан тұрады. Балғындар үшін әртүрлі шеберлік сыныптары мен киелі жерлерге саяхаттар ұйымдастырамыз. Балалаларға осындай демалыс орны арқылы өзіміз тәрбиелеп жатқан тәлімгерлердің жұмысының нәтижесін көреміз. Келген балғындарымыз өте белсенді. Әр түрлі шығармашылық жұмыстармен айналысып, өз өнерлерін ортаға салады, – дейді орталық жұмысымен таныстырған лагерь тәлімгері Айгүл Сәлімжанова. Оның айтуынша, көзделген бағдарлама аясында балалар таңертеңгілік жаттығуларға, таза ауада өтетін спорттық іс-шаралар мен ойындарға, өлкені тануға, квесттерге, тренингтерге, бассейнге, Бурабай курорттық аймағына баруға көп қызығушылық танытады әрі сол үшінде осы сауықтыру орнын таңдайды.
– Менің лагерьге келгеніме жетінші күн. Мұнда әр күнім көңілді өтуде. Көптеген спорт түрлерінен, футбол, волейболдан жарыстар өтеді. Мен өзім футболды жақсы көремін. Енді үш күн уақытым қалды. Ол күндерді де, футбол ойнауға, балалармен қызықты шараларға қатысып, алаңсыз дем алуға арнаймын, – дейді ереймендік оқушы Шәкәрім Бекмұратұлы.
Қорыта айтқанда, маусым айынан басталып, тамыз айының аяғына дейін жалғасатын жазғы лагерь каникулдағы балаларды қуанышқа бөлеуде. Бізде сол қуаныштың бір сәттік куәсі болдық. Жаз жайнатып, күн күлдірген көңілді балғындар қолдарын бұлғап қала берді.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.