«Өнегелі өмір» жүздесуі жүректе қалды

Қарай берем альбомыма үңіле,
Шүкір Алла, жеттік осы күніме.
Өтседағы асқаралы алпыс жыл,
Құлағымда соңғы қоңырау үніде.

Қырау шалып, самайлары ағарған,
Сол самайда болып еді сан арман.
Жар салады тойың құтты болсын деп,
Қарсы алады нұрлы зейін ағарған, –

деп ақын жырға қосқанындай, бұл жан тебірентерлік бас қосуды «Өнегелі өмір»деп атадық. Біз 1964 жылы 10 сыныпты бітіргеннен бері 60 жылдың жүзі болыпты. Басқосу пікірін ұсынған Сауан Сәдуұлы, арнайы эмблеманың жобасын жасаған Сәкен Мәжекұлы, оны әрі қарай толықтырған Арыстан Қалибекұлы. Осы пікірлерді үн қосып, қолдаған «Армандастар» тобы. Сауан пікірін ұсынған сәттен бастап сондайтоп ашылып, жұмыс істеді. Мақсат –«Сол жылы онжылдық мектепті бітірген жүзден астам оқушы қайда жүр? Қазір қаншасы бар?» деген сұраққа іздеу салу еді. Іздеу салудың нәтижесінде көбінің хабар-ошары шығып, фотосуреттері мен өмір және еңбек жолдары туралы материалдар жинақталып, Сауанға ұсынылды. Бұл жұмысқа бір жылдан астам уақыт кетті. Сапалы қағаздан алып жүруге қолайлы, ықшам, тамаша альбом жасалыпты. Альбомды жасауда әкесіне қолғабыс етіп, бәрін дайындап, компьютерден өткізіп, редакторлық қызмет атқарған Нұргүл Сауанқызына алғысымызды айта келе, Жаратқан қол-аяғына дерт бермесін, еңбегі жемісті болсын демекшіміз. Бұрынғы фотомонтаждың ескірген суретін қайтадан қалпына келтіріп, көмек жасаған Арайлым Сәкенқызына алғыс айтамыз.

Басқосудың ерекшелігі ара-тұра көріп, жүрген, тіпті,алпыс жыл бойы көрмеген, мүлде көрмеген жолдастармен дидарласқанымызда болып отыр. Онжылдықтан бері әр бағытқа жол алып, содан бері көріспегеніміз қаншама, бізбен бірге оқыған жігіттердің жан жарлары немесе бірге оқыған қыздардың жұбайлармен де алғаш танысып жатырмыз. Осындай үш топтың адамдары бас қостық деуге болады. Басқосуға кімдер келгенін баяндайын. Ұланбатыр қаласынанТөлеубай мен Күләш, Жазира мен Ұлықпан, Әлен,  Смайыл, Аймағымыздан Арыстан мен Жәзікей, Қажихан, Әбікей мен Кәбира, Жәңгірхан мен Қырғауыл, Шұғайып пен Гауһар, Оңай, Сүйеніш, Арпан (Батайдың), Әрімхан, Күлімхан(Қабылдың),  Мұратхан, Каспи, Аман, Жәзен (Матайдың), Қазақ елінен Қидолда мен Март, Сауан, Әдебиет пен Торғай, Сәкен мен Гүлжан (кластастар), Мәрия, Шинэхүч, Қуаныш пен Үдікей, Закия (Өканың),  Баяпи (Депутаттың), Күлдан, Зағипа (Қуанбайдың), Казбек (Солтанханның), Зәурен (Мәдеттің). Жалпы алғанда, 60 жылдық мерейтойға 41 адам қатыстық. Өздері жоқ болсада, жолдастарымыздың жанжарлары – 8 ару қатысты. Бұл біз үшін аса үлкен мерей, қуаныш болды және жұбайлары үшін мәңгі бізбен бірге екенін дәлелдеп тұрғандай. Екі күнгі дастархан мәзірін сөзбен айтып жеткізу оңай емес, аста-төк, қымыз, тағы басқа сусындар.

Кездесуге арналып альбомнан тысқары төсбелгілер, кәде-сыйлар жасалып үлестірілді. Келісім бойынша 27шілде күні таңертең Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласындағы Ікей Батыр атындағы алаңға жиналып, арнайы фотоға түскеннен кейін автобуспен Достық шыңынашығып, «Қайдасыңдар достарым» әні шырқалды, қайта айналып «М» қонақ үйінің 11-іншіқабатындағы залда отырыс жасадық. Бұл «М» Мұрат Дәкейұлы, Жанғабыл Қажекберұлы, Саясат Қақтанұлы атындағы қонақ үй. Әуелде ортамыздан кеткен жолдастардың рухына арналып дұға бағышталып, бағдарламалық жұмысқа көштік. Іс-шараны ұйымдастырған Арыстан Қалибекұлы, Сүйеніш Камештайұлы, Жәңгірхан Атшыбайұлы қатарлы азаматтардың еңбегі орасан зор болды. Әр адам өз басынан өткерген оқиғалары, табыс-жетістігі, жанұясы туралы қысқаша баяндады. Қонақ үйде бір күн болып, ертеңінде Тұлба жағасындағы демалыс орнында кездесуімізді әрі жалғастырдық. Екі күн бойы автобус,арнайы адамдар даяшылық жасап, фото, камераға түсірумен қатар, асаба басқарып, басшылық жасады. Жиында Шұғайып, Сәкен, Мәриялар ән шырқап, басқалары би билеп, оқушы партасындағы шақтарын еске алып, әзіл-әңгіме өрбітіп, жасымызға жас қосылғандай күйге ендік. Барлық процесс флешкаға жазылып, иелеріне табысталды. Осы жиынға денсаулығына байланысты келе алмасада, телефон арқылы қоңырау шалып, Мәрияш, Канат, Жұлдыз, Қоғай, Мүтай, Жайнағандар той процесін жоғары бағалап, бара алмағанына өкінетінін жеткізумен болды. Әрине, біз оларды осы тойдың ішінде деп есептейміз. Жолдастарымыз елінің есінде қалатындай, ұрпағына мақтан болатындай еңбек жасағаны айқын болды. Оның дәлелі, жиналғандардың ішінде 1 ғылым докторы, 5 Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер, басқада әр саланың үздіктері бар.

Басқосу рухани байлыққа толы болды. Ш.Мұратхан Мизамхан жайлы «Парасат биігінде»,  Мәрия  Шегебек жайлыжазылған «Арман парақтары», Ұлықпан «Мақал-мәтелдер» жинағын, Сүйеніш «60 жылға алғыс» естеліктерін, Мүтай «Ару жұлдыздар» журналындағы мақаласын, мен10«б» класының оқушылары туралы, сынып жетекшіміз Қапшан туралы жазылған газеттегі мақаламды ұсындым.

Басқосудың жоғары деңгейінде өткені айтылып, «Армандастар» тобын жаппай, Алла амандық берсе, тағы да жолығамыз деген үлкен үмітпен тарастық. Сексен жасқа келген ата-әжелердің басқосуына таңданушылар да көп болды. Бізге де сондай бақыт бұйырса ғой дейтіндерде, газетке, радиоға материал алушылар да келіп, хабарласып жатты. Мұның себебі, сол жылғы төлдерден еліне еңбек сіңірген қайраткер, ғылым докторлары көптеп шығып еді, соны насихаттағысы келетіндерін айтады. Мен осы тойға жыр шашу ретінде «Туған жердің топырағы» атты өлеңімді оқып бердім. Екі күн тойлап, әңгіме-дүкен құрып, өткен күндерді еске алып, әр бағытқа аттандық.

Аттанамыз ата жұрттан түгелдей,
Қалай шыдар парталасын бір көрмей,
Алпыс жылдың асқарынан ой толғап,
Сексен жастың қазандарын төңкермей.

Кіндік кескен, туған жерім Өлгейім,
Сені көрсем бүлкілдейді көмейім.
Алыс жерден келіп тұрмыз ауылға,
Сағыныштың жыр қоржынын сөгейін.

Орқаш-орқаш тау тізбегі сөгіліп,
Жатқан қауым мал-жандарын өсіріп,
Жүргіншіміз тез жетуге асыққан,
Жол бойында ара-тұра көз іліп.

Ташантыдан өткен кезде Қызылүй,
Туған жерің топырағын, тасын сүй.
Жүрген өлке, таныс дауыс баяғы,
Сезіміңді баурап алар ғажап күй.

Сенің әкең шопан болған атақты,
Менің әкем егін сеуіп, жан бақты.
Бәзбіреулер ағаш қашап, үй салып,
Қаптап жүріп тұрғызыпты аймақты.

Көрініп тұр кеңге қанат жайғаның,
Береке мен бұзылмаған қаймағың.
Сенен ұштық тілекшіміз бәріміз,
Өркен жайсын Баян-Өлгий аймағың.

Өлгий жайлы ақтарылар сыр сандық,
Сол аймақтан әр бағытқа жол алдық.
Содан бері алпыс жыл да өтіпті,
Дәм тартты ма? Бүгін қайта оралдық.

Анау тұрған «Келін төбе» деген жер,
Сонда барсаң, жас жұбайға бата бер,
Қазақ, дөрбіт, тувасы бар ұранхай,
Мекен еткен, қандай ыстық туған жер.

Антеннасы көзге түсер алыстан,
Биіктігі Бөкентаумен жарысқан.
Бөкентауы қар боранның қорғаны,
Антеннасы хабар алар ғарыштан.

Аңдар жортқан Бесбоғданың саласы,
Жеміс-жидек айналаңа қарашы.
Шегіртай мен арасаны Ақсудан,
Шипа тапқан талай адам баласы.

Тасқорада, киіз үйде тудым дер,
Жаратушы ырыздығын берген жер.
Туған жердің топырағы жұмсақ деп,
Бір-бір аунап қайтады екен келгендер.

Мен аунадым, сенде ауна сол жерге,
Төреші жоқ теріс деуге, жөндерге.
Асау Қобда, Бұянт пен Өмөнгол,
Бір сүңгіп қайт Тұлбадағы көлдерге.

Қар жамылып, мұз төсенген жон-жерде,
Жасыл жайлау, асыр салған төлдерде.
Туған жердің топырағы мамықтай,
Сағынсаң, бір аунап қайтшы сол жерге!

Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.

Майлан ауылы,

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар