Өнегесі мол отбасылар абыройы

Достық үйінде 8 қыркүйек – Отбасы күнін мерекелеу және «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауы жобасының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау мақсатында салтанатты кеш болып өтті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Аталмышбайқау ғибраты мол, берекелі отбасыларындағы ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, жастарға отбасы мен некенің маңызын түсіндіріп, ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін үлгі етуге, халық арасында отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Салтанатты шарада құттықтау сөз алған Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин отбасы ұғымы мен әр шаңырақтың ұлттық құндылықтарды сақтауының мән-маңызына бойлай келе, елімізде отбасы институтын нығайту мақсатында қолға алынып жатқан бірқатар шараларға тоқталды. Біздің облыста да мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайып, салт-дәстүрлерімізді көпшілікке насихаттап жүрген өнегелі отбасылардың қатары қалың екендігін алға тартып, биылғы ұлттық байқаудың аудандық және қалалық кезеңдеріне 100-ге жуық өтінім келіп түскендігін атап өтті. Облыстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша олардың арасынан суырылып шыққан, ұрпағына тағылымды тәрбие беріп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген жеті отбасы жеңімпаздар қатарынан көрініп отыр.

Ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, ынталандыру сыйлықтарына ие болғанкөкшетаулық Ғаббасовтар мен бұландылық Бәпішевтердің көп балалыәулеттеріне және қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын сандықтаулық Тамбовцевтардың отбасына 50 мың теңгелік тауарлық сертификаттар мен дипломдар тапсырылды.

Байқауға Аршалы ауданынан қатысқан Ибадилдиновтер отбасы үшінші орынға ие болып, оларға 150 мың теңгенің тауарлық сертификаты табыс етілді. Жасұлан мен Риза Ибадилдиновтердің отау болып, отбасын құрғандарына 18 жыл толған екен. Бүгінде олар 9 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған өнерлі отбасы. Олай дейтініміз, облыстық «Өнерлі шаңырақ», «Отбасы – алтын қазына»  байқауларында Гран-При иегері атаныпты. Отбасының отағасы Жасұлан Ж.Тәшенов атындағы Аршалы орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Жүлделі екінші орыннан көрініп, 200 мың теңгенің тауарлық сертификатына ие болған зеренділік Сәдуақасовтар әулеті де көпбалалы, бақытты отбасы екенін айта кетуіміз керек. Бурабай ауданынан бірінші орынға лайық деп танылған Аймахановтар отбасы 350 мың теңгенің сертификатына қол жеткізсе, бұл да жайдан жай емес. Төрт баланы дүниеге әкеліп, ұрпақтарын шығармашылыққа баулып, қазақ халқының құндылықтарына бойлатып, салт-дәстүріміздің асылдарын сақтап келе жатқан үлгілі отбасына қандай жылы лебіз білдірсек те жарасады.

Ал, байқаудың облыстық кезеңінің Бас жүлдесін иеленген, сөйтіп 500 мың теңгенің ақшалай сертификатымен марапатталған Көңбай әулеті қай жағынан алсақ та, небір жылы лебізге лайық. Отағасы Көңбай Қыдыржанұлы мен отанасы Кәмен Тәтейқызы екеуі мына жарық дүниеге 6 ұл мен 4 қыз әкеліп, олардың жоғары білім алуларына, елге аянбай қызмет етулеріне толыққанды жағдай жасаған аяулы жандар. Бүгінгі күні осы он баласынан 38 немере, 45 шөбере сүйіп отыр. Балаларының арасында елге танымал мәдениет қайраткерлері, дәрігерлер, инженерлер, мемлекеттік қызметкерлер, әртістер, өндірістік сала мамандары мен ауыл шаруашылығының ғалымдары бар. Бүгінде тоқсанның төртеуіне келген әулеттің мәуелі бәйтерегі – Көңбай Қыдыржанұлы марапаттау сәтінен кейін жиналған қауымға алғыс білдіріп, бата берді.

Сөйтіп, жиналған қалың көпшілікке отбасы қадірін жеткізген салтанатты марапаттау рәсімі «Көкшетау» мәдениет сарайы өнерпаздарының  бағдарламалық концертіне ұласты.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суреттерді түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар