Халықтық штабтың мүшелері жұртшылық өкілдерімен кездесті

Әлемнің 30-дан астам елінде 427 реактор жұмыс істейді. Қазір атом энергетика стансалары бүкіләлемдік электр энергиясы өндірісінің 10 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, Қазақстан да АЭС салуға ықылас танытып отыр.

Жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасымен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылып, оның құрамына 6 саяси партия, 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірген болатын. Штабтың басты мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеяның айналасында топтастыру.

Осыған орай, Халықтық штаб мүшелері Көкшетаудағы ірі кәсіпорын, мекемелерде жұмысшылармен және тұрғындармен кездесіп, оларды 6 қазанда өтетін атом электр станциясын салу бойынша референдумға қатысып, ел тағдырының бірін айқындайтын маңызды шешім қабылдауға шақырды. Олардың арасында облыс орталығын жылумен қамтып отырған «Көкшетау жылу» мекемесі, «КАМАЗ Инжиниринг»зауыты және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі бар. Аталған ұжымдармен штаб мүшелерінен басқа энергетика саласының сарапшылары, партиялардың филиал төрағалары,  депутаттар, жергілікті тұрғындар мен азаматтық сектордың өкілдері кездесті. Жиында сөз алған мамандар АЭС салудағы ең басты қажеттілік электр энергиясы тапшылығын шешу екенін назарға алды.

– Атом энергиясы мүлдем қауіпсіз, экологиялық таза және жасыл энергияға жатады. Атом реакторынан шығатын түтін, бұл шындығында жай ғана бу. Табиғатқа бірде-бір қалдық таралмайды. Табиғатқа зияны жоқ дей аламыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде, 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ, ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталықта 800-ге жуық маман және Ядролық физика институтында көптеген ғалымдар жұмыс істейді, – деп штаб мүшесі,Қазақстан Азаматтық альянсының Президенті Бану Нұрғазиева елімізде АЭС салынған күннің өзінде мамандарды даярлау, энергетика саласындағы кадр мәселесі, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма деген тұрғыдағы жұртшылық сауалдарына жауап берді.Бану Ғаниқызының айтуынша, АЭС-ті негізінен, дамыған елдер пайдаланады. Әсіресе, Франция, АҚШ, Қытай, Жапония, Канада, Оңтүстік Корея елдерін атауға болады.

Сонымен бірге, «Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы» акционерлік қоғамының төрағасы Талғат Темірханов,«қалай болған күннің өзінде де еліміз түптің түбінде атом электр станциясының энергия көзіне тәуелді болады. Бұл қауіпсіз жасыл энергетикаға жататын электр өндіру көзі», – деген пікірді алға тартты.

– Қазір еліміз Ресейден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Ал, алдағы он жылда бұл үлкен проблемаға айналмақ. Сондықтан, қазірден бастап дұрыс шешім қабылдау маңызды. Себебі, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі сағатына 13 миллиард киловаттан асуы мүмкін. Ғалымдар түйткілдің түйінін тарқату үшін атом электр станциясын салуды ұсынып отыр. Сарапшы мамандар станция салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтуда. Мұндай орталықтар көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Осыны ескерген дамыған мемлекеттер ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен. Атом электр станциясы басқа станцияларға қарағанда, экологиялық таза. Өздеріңіз білесіздер АҚШ немесе Еуропадағы біраз елдердің, соның ішінде Францияның 80 пайызға дейін электр энергиясы өзінде. Яғни, олАЭС арқылы өндіріледі.Ол жерде бірде-біррадиацияның тарауы, басқа жағдайлар болып жатқан жоқ, –деді Талғат Темірханов.

Қазір әлемнің 18 елінде жалпы қуаттылығы 57,6 гигаватт болатын 56 реактордың құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Тарқатып өтсек, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш және Түркия алғашқы АЭС-терін салуда. Тағы 5 ел –Эстония, Польша, Мысыр, Сауд Арабиясы және Өзбекстан алғашқы АЭС құрылысына қажетті инфрақұрылымды дайындау кезеңінде. Чехия, Болгария, Франция, Мажарстан, Аргентина және Бразилия қосымша реакторлар салу бойынша жоспарлары бар екенін жария еткен.

Жиында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы Жабал Ерғалив Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырды.

–Біздің болашағымыз зор. Білімді, парасатты, техникалық жағынан қаруланған жас ұрпақ өсіп келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Кадр даярлау жөнінде айтылды ғой. Бізде атом реакторлары болған. Соңғы кезде жаңадан әлемдік төрт институттың филиалдары ашылады. Соларда энергетика саласының мамандары даярланатыны айтылды. Сондықтан, өзіміздің АЭС еліміздің, мемлекетіміздің, өскелең ұрпақтың болашағы екенін білуіміз керек, – деді Жабал Ерғалиұлы.

Оған қоса, кездесу аясында саяси партиялардың өкілдері де үгіт-насихат жұмыстарына белсенді араласты.

–Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен атом электр станциясын салу ісіне қолдау білдіреміз.Осыған байланысты арнайы штаб құрылды. Оған, бүкіл саяси партиялар, ұйымдар кірді. Бүгінде, кәсіпкерлермен кездесіп, референдумның маңыздылығын түсіндіріп жатырмыз. Станцияның өзіне тоқталсам, құрылыс кезінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, құрылыс аяқталғаннан кейін 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Және де шетелден инвестиция тарту, салық жинаудың артықшылықтары да бар, – деп атап өтті бұл ретте,«Республика» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Алмат Тоқмағанбетов.

Қорыта айтсақ, жиындарда АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір көп айтылды. Десе де, мәселенің нүктесін халық қояды. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзЖолдауында 6 қазан күні референдум өтетінін айтқан және осы Жарлыққа қол қойған болатын.

Халықтық штаб мүшелері аталған мәселе бойынша бұған қоса, Бурабай ауданында туризм саласы қызметкерлерімен және Бұланды ауданында Макинск құс фабрикасының ұжымымен кездесті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар