Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Адал азамат» сыйлығы жаңа істерге жігерлендіреді - АРҚА АЖАРЫ

«Адал азамат» сыйлығы жаңа істерге жігерлендіреді

Астана төрінде мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастық пен еліміздің барлық өңірлерінің табысты кәсіпкерлерінің басын қосқан «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумы өтіп, онда Ақмола облысының «ЭКО-DUMP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Адал азамат» сыйлығы иегерлерінің қатарынан көрінді. Аталмыш сыйлық иегерлерін марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Райымбек Батталов қатысты.

Жоғарыда аталған «ЭКО-DUMP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Көкшетау қаласында қауіпті емес қалдықтарды өңдеуді және жоюды жүзеге асырады. 2023 жылы кәсіпорынның басшысы Мариям Әбішева полигонды заңдастыру, рұқсат құжаттарын сәйкестендіру жұмыстарын қолға алды. Бұған дейін қала сыртындағы полигон жұмысы бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған еді. Серіктестік жарты жыл бойы полигон аумағындағы өрттерді жою шараларын жүргізіп келген, өйткені, қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің тек 24 пайызы ғана қайта өңделетін екінші реттік шикізат болып табылады. Қалғаны – биогаз тудыратын, қоқыстың тұтануына себепші болатын өтімсіз қоқыстар. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, полигонда жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, күніне шамамен 150 тонна қоқыс әкелініп, төгіледі. Сонымен қатар, жылдар бойы жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар қайта өңделуде. Жалпы алғанда, кәсіпорынға шамамен 400 миллион теңге қаржы салынған. Кәсіпорында 70 адам қоқыс шығарумен айналысса, 21-і полигонда жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда бұл кешенді кәсіпорын заңды және жеке тұлғалардан қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, сақтау, жинау және тасымалдау, оларды оқшаулау, көму жұмыстарын жүзеге асырады. Бұны қоршаған ортаның экожүйесіне зиянды азайту және азаматтардың тұрмыс жағдайларын жақсарту мақсатында жасалып жатқан игілікті іс деп санауға болады. Сонымен бірге, кәсіпорын «Таза Қазақстан» акциясының белсенді қатысушысы.

«ЭКО-DUMP» серіктестігі жоғарыда атап өткеніміздей, облыс орталығы тұрғындарынан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысып, сол қалдықтарды сұрыптап, бөлек жинауды алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. Осы мақсатта кәсіпорынның өз қаражатына 1 мың еуроконтейнер сатып алынған екен. Биыл кәсіпорын Көкшетау қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарында жылына 150 мың тонна қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін 3 кешен салу бойынша бірегей жобаны алғашқы болып қолға алыпты. Сондай-ақ, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында қоқысты бөлек жинау пилоттық жобасын іске асыру үшін 500 торлы контейнер мен 10 электрлі қоқыс тасымалдағыш сатып алмақшы.

Жобаның құны – 7,2 миллиард теңге. Ол «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен (70 пайыз) және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Ақмола облысы әкімдігімен (30 пайыз) бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру шамамен 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, қоқысты екінші реттік шикізат ретінде өңдеудің үлесін ұлғайтып, бұл облыс бойынша қалдықтарды көму көлемін едәуір азайтады.

–Компания қызметінің жоғары бағалануы – барлық қызметкерлердің ұжымдық еңбегінің нәтижесі. Қалдықтарды басқару экологияның маңызды салалардың бірі болып табылады. Біздің командамыз үшін осы байқаудағы жеңіс алдағы қызметімізге күш-жігер береді деп ойлаймын, – дейді серіктестік басшысы Мариям Әбішева.

Әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде «ЭКО-DUMP» серіктестігі облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селолық округіне су құбырын тартуға, осы ауылдың №1 мектебіне жылыжай сатып алуға көмек қолын созып, қаржылай қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, биылғы көктемгі су тасқыны салдарын жою кезінде кәсіпорын азық-түлік, жанар-жағар май материалдарын, арнайы техника мен инертті материалдар сатып алуға 3,5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлген.

– Ақмолалық компанияның жеңісін заңды деп санаймыз. «ЭКО-DUMP» ЖШС-нің инновациялық жобаны енгізуі өңірде жаңа полигондардың салынуын болдырмауға, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын рекультивациялауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жалпы алғанда қоқысты өңдеуге байланысты экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді, – деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар