Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
Ақмола облысының құрметті азаматы:
Көкшетау атты құдыретті де киелі елдің топырағынан жаратылған өткен дәуірлердегі ұлылар мен даналарды көзіміз көрмесе де, бертінгі жақсылар мен жайсаңдардың біразын таныдық, білдік! Сол таныған да, білген де жақсы аға, жайсаң жанның бірі – Бүркітбай аға Батырханов! Сол кездегі, өткен дәуірдің жетпісінші жылдары Бүркітбай Мәсіпұлы сынды ағалардың легі біраз бар болатын. Баян Жанғалов, Еркін Әуелбеков,Чапай Әбутәліпов, Мәулітбай Кәрімов, Естай Мырзахметов, Кәмәли Мырзахметов, Балташ Сейітов, Өмірбек Бәйкенов, Бүркітбай Күшбаев, Алпысбай Жақыпов, Орынбасар Назаров.
Қашан болсын әрқайсымызды өзінің баласындай көріп, әкелік бір мейіріммен бауырына тартатын, кең құшағын ашатын Бүркітбай ағаның жылы жүзі, мейірімі төгіліп тұрар қос жанары, шынайы ықыласты таза ниеті қазір де көз алдымда, кейде сағынасың да!Сол осы өмірдің және өз дәуірінің арлы да барлы, жақсы да жайсаң адамы Бүркітбай аға Мәсіпұлы Батырхановтың тектілік тамыры тереңде жатыр. Сол тереңнен тартқан тектілік тамырының қуатымен саясы мол бәйтерек болып жайылған Бүркітбай ағаның ғұмыры мен үшін Адал да Жақсы Адамның символы!
Ғасыр құрдасы атанып, өз өмірін жақсылыққа, үлгі-өнегеге арнаған майдангер, қоғам қайраткері Бүркітбай Мәсіпұлы Батырхановтың ғибратты ғұмырынан сыр ақтарған сайын Көкшенің шежіреге толы танғажайып тарихынан санаңа сәуле шашқандай сезімге бөленесін. Қазыналы қарияның көзі тірісінде өз қолымен жазып кеткен естелігі мен әріптес-шәкірттерінің жүрекжарды лебіздері, майдангер тұлғаның өмірін әр қырынан айшықтайтын фотосуреттер, архивтік деректер екі дәуір көрінісін көз алдымызға елестеткендей әсер қалдырады. Өскелең ұрпақ үшін тағылымдық, танымдық мәні зор құнды бұл дереккөздерімен Бүркітбай ағаның 100 жасқа толуы құрметіне «Көкше-Полиграфия» баспасынан күні кеше ғана басылып шыққан «Екі заманның куәгері» кітабынан оқып, жақынырақ танысуға болады. Енді рет-ретімен тарихи мұрағаттарға зер салайықшы.
Атығай-Қалқаш руынан тарайтын Батырхановтар әулетінің атақонысы Ботай ауылы өзінің ғылымға қосқан баға жетпес жаңалықтарымен бүгінгі таңда әлемдік брендке айналды. Ертеде ауыл тұрғындары орман қойнауындағы жұпыны үйлерде қыстап, жаз Борлық өзенінің жағасына көшіп киіз үйлерде тұрған. Отызыншы жылдардағы аштықта біраз отбасы Себкрайға көшіп, орыс қалаларын паналаған. Елге тек 1935 жылы ғана қайта орала бастады.
Соғыстың алдында Мәсіп атаның география пәнінің мұғалімі болып істеген Хами інісі Иманбұрлық өзенінің жағалауынан судан шығып жатқан малдың сүйектерін көріп, музей қызметкерлеріне хабарлайды. Бертін 70-80 жылдары сол жерде археологиялық қазбалар жүргізіліп, бұдан 5 мың жыл бұрынғы адамдардың қонысы, әртүрлі заттары табылады. 1995 жылы Американың Кембридж университетінің профессорларының ұйымдастыруымен халықаралық симпозиум өткізіліп, оған шет елдің оқымыстылары қатысады. Жалпы, Ботай қорығы жайлы ғылыми тұрғыда толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізуге өлкетанушы ғалым Виктор Зайберттің қосқан үлесі зор. Ал, Бурабайдағы «Ботай» табиғи музейіне келуші туристер мен тынығушылар мұндағы мұрағаттармен танысқан сайын, көне тарихқа ерекше қызығушылық танытуда.
1885 жылы туған Мәсіп ақсақал орта бойлы, жұқа, ақ сары, қимылы ширақ кісі болыпты. Жігіт шағынан жүйрік ат баптап, қансонарға шығатын бүркіт, қасқыр, түлкі алатын тазы ұстаған. 1930-шы аштық жылдары өз отбасын және ауылдағы бауырларын өлім құрсауынан құтқару үшін аң аулап, асыраған. Аңның терісін «Живсырьеге» тапсырып, оған шай, қант, май, тағы басқа заттар алған. Кезінде «СССР-дің аңшылық кәсібінің үздігі» деген төсбелгіні алған жалғыз қазақ Мәсіп қария ғана болатын. Туған-туыстарына, ағайынға қолынан келетін көмегін де аямаған. Елде, маңайдағы ауылдарда қазалы қайғы, дұғаларға қатысып, солардың өткізілуін басқарып, көмектескен. Ауылдағы молдалардан оқып, арабша оқуды, жазуды жақсы білген.
Төңірегіне жылылық шуағын төгіп жүретін Мәсіп Батырханұлы жайлы аңыз әңгімелер көп. Соның бірі мынадай. 1920-1930 жылдары Айыртау өңіріндегі орыс қаласынан өгіздер ұрланып, тұрғындар іздеу салады. Атай салт келе жатып далада орыстың мужиктеріне кез болады. Олар өгіздерді ұрлаған сенсің деп, оған бас салады. «Жоқ мен емес» дегеніне көнбей, ендеше ұрлаған кісілерді айт, әйтпесе өлтіреміз»,– дейді. Қолдарында шоқпарлары бар. Олар екеу, бұл жалғыз. Маңайда ешкім көрінбейді. Жағдайының мүшкіл екенін сезген Мәсіп қария мінген атына сенеді де, қаша жөнеледі. Олар біраз жерге дейін қуып, жете алмайтын болғасын, кері қайтады. «Сондағы мені өлімнен құтқарған, бүркіт саларда мінетін, қара көк айғырым»,–деп жиі айтатын.
Саятшылық өнерімен еліне жасаған рақымшылығы алдынан шығып, жыл сайын Ақмола облысында Мәсіп ата құрметіне «Қансонар» жарысы өтуде. Дәстүрлі бұл сайысқа Моңғолия, Қырғызстан, Қытай, Түркия мемлекеттерінен құсбегілер қатысып, бақтарын сынауда.
Бүркітбай ағаның анасы Жаңылдық Базарбекқызы 1892 жылы қазіргі Сергеев ауданында туған, руы Көшқұлы. Әке-шешесі Алладан ұл тілегенімен үшінші бала да қыз болған соң, есімін Жаңылдық қойыпты. Шешесі ұзын бойлы, ақ сары, қара шашты сұлу әйел болыпты. Үлкенді үлкендей, кішісін кішідей құрметтеген. Ол кездегі қазақ әйелдерінің жүріс-тұрысы, мәдениеті, үйге, отбасыға деген көзқарастары өзгеше еді ғой. Өте таза, істеген тағамдары дәмді, қымызы балдай, шай ішкенді жақсы көретін. Сондықтан да ағайын-туғандар бұл кісінің шайы етке де бергісіз деп мақтайтын.
«Жаңылдық шешей өте балажан, күн-түн демей біздің қасымызда болатын, айғайлап ұрсу дегенді білмейтін.Өкінішке орай, балаларының қызығын көре алмай, нағыз арманда кеткен осы кісі. Әкем мен шешемнің, аға-інілерімнің, аруақтары разы болсын деп, «Фатиха», «Аср», «Ықылас» сүрелерін Құраннан әдейі үйреніп, елдегі зират басына барғанда дұға оқимын»,–деуші еді Бүркітбай аға.
Ата-анасы жайлы әңгімені осымен түйіндей отырып, Көкшенің асыл перзенті Бүркітбай Мәсіпұлының аңызға бергісіз өнегелі өмірінен сыр шертелік. 1924 жылдың 1 желтоқсанында Ботай ауылында дүниеге келген балғын Бүркітбайдың балалық шағы арпалыспен өтті. Бір әке-шешеден өрбіген тоғыз ұл мен бір қыздың бесеуі ерте шетінесе. Бөкең, Ишан, Бекзат, Тайжан, Тоқтар бауырларымен бірге тағдырдың тәлкегіне мойымай ашаршылықты, саяси-қуғын сүргінді де жеңе білді.
1942 жылы Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищені бітіргеннен кейін Бүркітбай Батырханов арнайы жолдамамен Бірлестік бастауыш мектебінде мұғалім болып істеді. 1942 жылдың тамыз айында Қызыл Армияға шақырылып, Орловтағы әскери училищесінде жауынгерлік даярлықтан өтті. №250 атқыштар дивизиясының 916 атқыштар полкінде бөлімше командирі ретінде Орлов-Курск иініндегі шайқастарға қатысты. Майданда үш рет ауыр жарақат алды. Госпитальда емделгеннен кейін К.Ворошилов атындағы Одесса Қызыл тулы әскери училищесінде оқып, лейтенант атағын алған соң, 1944 жылдан Батыс Украинаны, Польшаны, Чехословакияны азат ету шайқастарына атсалысты. Ұлы Жеңіс күнін Чехословакияның Пардубице қаласында қарсы алды.
1946 жылдың қазанында майданнан оралып, Айыртау аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы қызметтерін атқарды. 1949 жылдың наурызында Көкшетау облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалып, кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында Алматы екі жылдық партия мектебінде оқыды. Тәжірибелі партия қызметкері ретінде 1953-1957 жылдары Қызылту аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Бұл кезең қазақ даласындағы тың және тыңайған жерлерді игерумен тұспа-тұс келгендіктен оның қаншалықты ауыр да азапты болғандығын ойласақ, сол кездегі ел ағаларының, шаруашылық басшыларының жауапкершілік жүгін көтере білудегі қажыр-қайратына таң қаласың.
Орда бұзар отызынан жаңа ғана асқан Бүркітбай ағаның ендігі арманы – КПСС Орталық Комитетінің Мәскеудегі жоғарғы партия мектебінде оқуы. Көкшетау обкомының бірінші хатшысы А.Клещевтің тікелей қолдауымен ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған ол аталған білім ордасын сырттай оқып бітіреді. Оған тағы бір себеп, обкомның жаңа бірінші хатшысы А.Брыжиннің ұсынысымен ерекше бөлім ашылып, оның жетекшілігіне Бүркітбай Батырханов бекітіледі. Партиялық құжаттарда құпиялылықты сақтау мақсатында құрылған бұл бөлімге тікелей бірінші хатшылардың өздері жетекшілік етті. Сол себепті Бүркітбай аға да Мәскеуде, Алматыда өткен салиқалы жиындарға сан мәрте қатысып, сол кездегі партия көсемдерінің сөздерін тындап, тәжірибе алмасты.
Жиырма үш жасынан Коммунистік партияға мүше болып, соның арқасында билікке де ерте араласып, шыңдалды. Елінің қалаулысы атанды. Әр заманның ерекшеліктеріне сай жұмыста кемшіліктер де, жетістіктер де көп болды ғой. Әр ісін ақылға салып, ойланып-толғанып істеуге дағдыланған Бүркітбай аға барлық сынақтан сүрінбей өтті. Бұл да өмірдің заңдылығы болар.
Өздеріңіз білесіздер Ұлы Отан соғысы әлі де жүріп жатқан 1944 жылдың 16 наурызында Көкшетау облысы құрылды. Өңірді атақ-даңқы Одаққа кеңінен мәлім тұлғалар басқарды. Ал, Бүркітбай Мәсіпұлы болса алғашқы бірінші хатшы А.Купаевтан кейінгі А.Орашев, М.Бейсебаев, М.Рогинец, А.Клешев, С.Новиков, А.Брыжин, Е.Әуелбеков, О.Қуанышев, М.Сағдиевтің тұсында аудандық, облыстық деңгейде бірқатар лауазымды қызметтер атқарды. Жиырма жыл ол жетекшілік еткен обкомның жалпы бөлімі тікелей бірінші хатшылардың бақылауында болды. Әрине, әр басшының өзіндік қалыптасқан жұмыс дағдысы, қарамағындағыларға қояр талабы болады. Бұл орайда, басшының көңілінен шығудың өзі де үлкен өнер.
Майданда өжеттігімен, бейбіт өмірде алғырлығымен танылған сымбатты сұлу жігіт Бүркітбай аға 1950 жылы Биіктесіндегі ауыл мұғалімі Тақан Мұқашев пен Шәмшия Жарасқызының тұла бойы тұңғышы Күлнараймен махаббаттары жарасып, отау құрады. Әйел затына тән адамгершілік қасиеттерді тал бойына жинақтай білген апамыз ағайындар арасында да сыйлы болды. Әсіресе, Мәсіп атасы бүркітке қалай күтім жасауды келініне ғана сеніп тапсыратын, Күлнарай келіні түлкінің, қоянның терісінен сырт киімді шебер тігетін. Отбасының барлық жауапкершілігін ерінің мойнына жүктей бермей, 1960-1970 жылдары Комсомолдың 40 жылдығы тігін фабрикасында тігінші болып істеді. Қажырлы тыл еңбектері, аяулы ана тоқсан жыл бақытты өмір сүріп, ұрпақтарының ыстық ықыласына бөленді.
Ал, одақтық деңгейдегі дербес зейнеткер атағымен құрметті демалысқа шыққан Бүркітбай аға Батырханов бірнеше мәрте облыстық кеңеске депутат және облыстық партия конференциясына делегат болып сайланды. Майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі ескеріліп, І дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен және жиырма медальмен марапатталды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағын алды.
Көк аспанға қыран құсын самғатқан Мәсіп ақсақалдың ұлы Бүркітбай да мына жарық дүниенің көгіне өз ұрпақтарын самғатты. Бүркітбай ағамыз бен Күлнарай анамыздың тұңғыштары Мұнарбектің кім болғандығын қалың елге таратып айтып жатудың қажеті де бола қоймас. Дегенмен де кезінде, партия-совет жұмыстарында жауапты қызметтер атқарып, Көкшетау қаласының әкімі бола жүріп туған қаламыздың өсуі мен көркеюіне өз үлесін қосқан «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағын алған абыройлы азамат! Осы шаңырақтың қызы Гауһар Бүркітбайқызы денсаулық саласының үздігі, Шынарбек пен Темірбекте қызметтерін жауапкершілікпен атқара білген ел жақсыларының қатарында тұр. Асыл да ардақты Бүркітбай аға тоқсан үш жасында дүниеден өтті. Біреуге бұйырар, біреуге бұйырмас жас бұл! Бұйрықты осы ғұмырының тоқсан үш жасында жан баласына қиянат жасамаған, еш адамға жамандық қылмаған, тірі пенденің бетіне қарап ауыр сөз айтпаған, адалдығы мен жан тазалығынан айнымаған Бүркітбай аға осы ұзақ ғұмырды да, адами бар бақытты да Құдайдың өзі берген дер едім. Осы бір бақ енді ұрпақтарына, елі мен халқына жұғысты болсын!
Хабиболла ҒАЗИЗОВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.