Астана қаласында «Мисс Қазақстан-2016» сұлулар байқауы болып өтті. Аталмыш конкурста Көкшетау қаласының кермаралдай кербез, нәркес көз сұлу қызы Жанар Найманбаева еліміздің ең әдемі қыздарының арасында үздіктердің қатарынан табылып, екінші вицемисс атағын жеңіп алды.
Жиырма бес қыздың ішіндегі шолпан жұлдыз – бота көзі мөлдіреп, тал шыбықтай бұралған, бұрымы белінен, иманы жүзінен төгілген көкшетаулық Жанар Найманбаева облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің түлегі. Ол аталмыш білім ордасына 2009 жылы түсіп, 2013 жылы оны ойдағыдай тәмамдап, хореограф мамандығын меңгерді. Диплом алғасын өзі тәлім алған білім мекемесіне қызметке тұрып, колледждегі «Жарқын» би ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүргенде де ансамбльдің жұлдызы жанып, «Халықтық» атағына ие болды. Ажары айдай, жүзі нұрлы, мінезі мақпал Жанар көркімен ғана емес, өнерімен де талай асқарды бағындырған қыз.
Астанада өткен арулар байқауында да ол түрлі сыннан өтіп, ақтық бәсекеге жолдама алған 8 үміткердің қатарында болды. Еліміздің ең сұлу аруын ел тұрғындары тікелей эфирде СМС-пен дауыс беру арқылы таңдады. Осылайша «Қазақстан аруы-2016» байқауының жеңіс тұғыры қызылордалық Гүлбану Әзімхановаға бұйырып, Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, бірінші вице-мисс атағын астаналық Елназ Нұрсейітова, екінші вице-мисс атағы көкшетаулық Жанар Найманбаеваға бұйырса, үшінші орынды өскемендік Анастасия Усольцева қанжығасына байлады. Байқаудың жеңімпазына 5 миллион теңге көлемінде сыйақы табыс етіліп, «Әлем аруы-2017» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева бастаған қазылар алқасын кескін-келбетімен ғана емес, өзінің өнерімен де тәнті ете біліп, жүлделі орыннан көрінген жерлесіміз Жанарға біз де шығармашылық табыс, биік асуларды бағындыруына шынайы тілектестігімізді білдірсек дейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.