Еліміздің ең танымал курортты аймағы – Бурабайға Елордадан жүретін жаңа туристік пойыз іске қосылды.
Жаңа пойыздың вагондарында елорданың бірегей көрнекі жерлері, атап айтқанда, Бәйтерек, Қазақ елі монументі, Нұр-Әлем және басқа да нысандары бейнеленген. Сондай-ақ, вагондарда Visit Astana және Visit Aqmola туристік брендтері орналастырылған. Вагондардың ішкі безендірілуінен Астана қаласының мәдени ерекшеліктерін және Бурабай курортты аймағының табиғи сұлулығын көруге болады.
Пойыздың тағы бір ерекшелігі – сапар барысында жолаушылар вагондарда орнатылған аудиожазба арқылы Астана мен Бурабайдың тарихы, мәдениеті мен табиғи байлығы туралы қызықты деректермен таныса алады.
–Жаңа туристік пойызды іске қосу – ішкі туризмді дамыту және Қазақстан бойынша саяхаттауға жаңа мүмкіндіктер ашу жолындағы маңызды қадам. Бұл жоба ел тұрғындары мен қонақтары үшін көрікті Бурабай курортты аймағына еркін жетуге мүмкіндік береді, – дейді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Пойыз Нұрлы Жол (Астана) станциясы мен Бурабай курорты арасында көктемге дейін тоқтаусыз жүреді. Жол жүру уақыты – 2 сағат 26 минут.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.