Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Поэзия падишасына арналды - АРҚА АЖАРЫ

Поэзия падишасына арналды

Біздің қазақ елі киелі де ұлы тұлғаларға кенде емес. Солардың бірі – жыр өлкесінде жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңын бағындырған ақын, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты Фариза Оңғарсынова.

Ол 1939 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Атырау облысының Новобогат ауданындағы Манаш ауылында, Нарын құмының арасында, асып-тасыған байлығы болмаса да, өзіндік дәулеті бар отбасында дүниеге келген. Әкесі еліне сыйлы, ашық-жарқын адам болған көрінеді. Фариза әкесінен жастай қалып, анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани толысқан, сұлу адам болған. Фариза анасы арқылы ертегі, аңыздарды кішкентайынан бастап құлағына құйып өседі.

Жуырда Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасында ақынның туғанына 85 жыл толуына орай, «Поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынова» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушылары қатысты. Шара барысында кітапхана қызметкерлері ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында әңгімелеп, кітап көрмесімен таныстырды. Оқушылар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқыды.

Ұлы Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін ұлағаты бар. Жанартаудай жасын жырларымен өз үнін, өз бағытын айқын танытқан қазақтың аяулы ақыны өз өмірінде осы үш  қасиетті темірқазықтай берік ұстанды. Қаламгерлігі мен қайраткерлігі қатар өрілген ақын туған елін де, жылы жүрегінен төгілген лағыл өлеңін де аялады. Өзгеге ұқсамайтын талантымен, қайталанбайтын өршіл мінезімен қыздарымыздың поэзиясын заңғар биікке көтерді.

Фариза Оңғарсынова – ұлт мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол төл әдебиетімізге жаңа леп әкеліп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Халқының ыстық ықыласына бөленіп, поэзия падишасы атанды. Қайсарлық пен қайраткерліктің символына айналған  сыршыл ақын ер мінезімен,  өршіл жырларымен дараланды. Теңдесіз туындылары арқылы адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеген Фариза Оңғарсынованың  шоқтығы биік шығармалары мен өнегелі өмір жолы әлі талай ұрпаққа  тағылым берері анық.

Әдеби кеште осы туралы ой өрбітіліп, ақын рухын асқақтататын өшпес өлеңдері тағы бір мәрте жас ұрпақ зердесіне құйыла түсті.

Эльмира ЫҚЫЛАСОВА,
Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар