Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастар жұмысы қорытындыланды - АРҚА АЖАРЫ

Жастар жұмысы қорытындыланды

Жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында «Алға, жастар!» форумы өтті. Оған облыс жастар ұйымдарының басшылары, белсенділері мен еріктілер қатысты. Форумда ағымдағы жылдың жұмыс қорытындысы шығарылып, жастардың ұсыныстары тыңдалды.

Жастар ресурстық орталықтары жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеуді және қолдауды, жастар ортасындағы жағдайға мониторинг пен талдауды жүзеге асырады. Орталықтың қызметі жастардың әлеуметтік және жеке дамуына ықпал етуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары жастар жобалары мен бағдарламаларын іске асыру, бейресми білім беру, жастарды консультациялық қолдау және олардың өзін-өзі дамытуы үшін ашық кеңістіктер құру арқылы жастармен жұмысты жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 210 599 жас азамат тұрады. Оның ішінде ауыл жастары – 91 912 адам болса, қалалықтар 118 687 адамды құрайды. Жалпы, облыс бойынша 130-дан астам жастар ұйымы бар. Күн сайын кешкі уақытта кестеге сәйкес, Көкшетау қаласының жастар ұйымдары Сәтбаев көшесі, 1 Б мекен-жайы бойынша орналасқан акт залында жиналады. Мұндай алаңдар мен жиындар пайдалы танысу, жаңа ақпарат алу және өз жобаларымен айналысу, осының нәтижесінде біздің аймаққа пайда әкелуі мүмкін жастарға арналған жиындарды өткізу, қарым-қатынас жасау үшін еркін орта болып саналады.

–Өңірімізде бірнеше белсенді жастар ұйымдары қызмет етіп келеді. Әр белсенді ұйыммен облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп, түрлі форматта шаралар өткізіп отырады.Аталмыш бірлестіктер жастарымыздың рухани дамуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына және жастар саясатының алға жылжуына септігін тигізеді, – деді форумда сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабырхан Кенжебаев.

Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жеке жобаларды іске асырады, атап айтқанда, елді индустриялық-инновациялық дамыту бойынша мемлекеттік саясаттың басымдықтарын іске асыру, экономиканың түрлі салаларында инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу мақсатында  жыл сайынғы «Aqmola Power» инновациялық жобалар байқауын, бизнес саласындағы жастардың идеяларын іске асыру үшін консультациялар, сондай-ақ NEET санатындағы жастарға арналған жыл сайын «Bastau Talks» қоғамдық дәрісін өткізіп, оған бизнес-спикерлер, облыстың жас кәсіпкерлері және жоғары оқу орындарының студенттері мен өңір жастары қатысады.

Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермековтың айтуынша, әр жыл сайын студенттер арасында «Жастар фестивалі» атты облыстық ауқымды шара өткізіліп отырады. Аталған шара 4 аталым бойынша студенттердің қабілеттерін жан-жақты дамытуына әсерін тигізеді. Жалпы жүлде қоры – 1 500 000 теңгені құрайды. Волонтерлік орталықтар мен жастар бірлестіктерін тарту және біріктіру, олардың қызметтерін дамытып, нығайтуға және қолдауға, жастар көшбасшылары мен үздіктерін анықтауға бағытталған диалог алаңын өткізу мақсатында «Еліміздің болашағы – жастардың қолында» екі күндік облыстық жастарды оқыту лагері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, биыл облыстық көңілді жастар алаңы ойындарына еліміздің өзге қалаларынан да жас ойыншылар қатысты. Биылғы жылы «Aqmola Power» инновациялық жобалар байқауының жүлдегерілеріне 1 500 000 теңге бөлінсе, облыстық «Ақмола жастар кубогы-2024» көңілді жастар алаңы ойынының жүлделі орындарына 700 000 теңге, сонымен қатар, облыстық «Әкім кубогы-2024» көңілді жастар кубогына 2 300 000 тенге қаражат бөлінді. Аталмыш жоспар шеңберінде қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау мақстатында «Арқан тартыс», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» және тағы басқа ойындар өткізіліп, «Веломарафон» және «Street Workout» қозғалысын дамытуда жазғы маусымның ашылуы мен жабылуы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, нашарқорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылып квест-ойындар, кешкілік концерттік бағдарламалар өткізіп отырады.

Жалпы ағымдағы жылы облыстық жастар-ресурстық орталығы 30 мыңға жуық адамды қамтыған 130-дан аса шара өткізді. Ал, жалпы, облыс бойынша 300 мыңға жуық адам қамтылған 2500-ден аса іс-шара ұйымдастырылды.

Инстаграм желілерінде «@жастарға қызмет» атты ресми парақша жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аталған парақшада 6013 жазылушы тіркелген. Ақмола облысының жастар ресурстық орталықтары NEET санатындағы жастар санының ұлғаюын болдырмау үшін, жарғыға және қызмет мақсатына сәйкес, NEET санатындағы жастар мониторингін жүзеге асырады. Тоқсан сайын аудандық және қалалық әкімдіктерден NEET санатындағы жастардың тізімін жинау жүргізіледі.

Облыста, жалпы республика деңгейімен салыстырғанда, еріктілер қозғалысы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 89 волонтерлік ұйым тіркелген, 3 600-дан астам волонтер белсенді жұмыс жасауда. Волонтерлер өз қызметтерін 9 бағыт бойынша жүзеге асырып жатыр.

Биыл қазақстандықтарды аса толғандырған көктемгі су тасқыны еліміздің түкпір-түкпірінде жұртты қатты дүрліктірді. Одан Ақмола облысы да тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылдың наурыз айының 28-інен бастау алған апат Көкшетау қаласының өзен суларының көтерілуіне және қардың еруіне байланысты орын алды. Су тасып, қаламыздың жеке үй секторлары мен тұрғын үй кешенінің аулаларын су басты. Қаладағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 150-ге жуық ерікті ат салысты. Олар су ішінде қалған адамдарды сыртқа шығару, төтенше жағдай болып жатқан жердегі адамдарға және құтқарушыларға ыстық шәй мен тамақ ұйымдастыру және аулалардан арық қазып, судың бетін қайтару, қаптарға құм салып, су тасқынына тосқауыл қою сияқты жұмыстармен айналысты.

Шара соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі – Аида Балаеваның, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі – Евгений Кочетовтың атынан және Ақмола облысының әкімі – Марат Ахметжановтың атынан бірнеше жастар мен волонтер ұйымдарының мүшелері, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабырхан Кенжебаевтың атынан дипломдар және Алғыс хаттарымен «Jas volonter – 2024» номинациясының жүлдегері – Дінмұхамет Талғатов, «Jyl volonteri — 2024» номинациясының жүлдегері – Кенжегүл Смаилова, «Uzdik volonterlik top – 2024» номинациясының жеңімпазы – «МЕЙІРІМ» ВО, «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» деген номинациямен Ерейментау ауданының жастар ресуртсық орталығының қызметкері – Жансұлу Абсаматова марапатталды. Соңында жылдық ЖРО ретингісінің қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда жүрген Есіл ауданының жастар ресурстық орталығы марапатқа ие болды. Алғыс хаттар мен дипломдардан бөлек, бағалы және естелік сыйлықтар да табысталды.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар