Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан көрікті Көкше қысы да ғажап! Биік көктен билеп ойнап жауған қар мәңгі жасыл қарағайдың ұшар басына қонақтап, сай-саланы толтырып, саф ауа тазара түскендей.
Күздің зерлі шапанын сыпырып тастап, ақ тонын киген аймақ сырбаз сұлулығымен көз қарықтырады. Таза ауада шыны мұздың нақ ортасындағы Жұмбақтастың жұмбақ сыры қалыңдай түскендей. Ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғай, құзар жартас көркем кейіпке енген. Бурабай мен Зерендінің курортты аймағы қысқы демалысты ұнататын қыруар халықты құшақ жайып қарсы алмақ, құр атқа мінгендей шынықтырып, көкірегіне рухани нәр сыйлап аттандырмақ. Күміс көлдер шыңылтыр мұзбен көмкеріліп, жалаулы жасыл дүние жаздың жанға рахат сәті саябырлағанымен, ауасы шаң-тозаңнан арылып, сүзгіден өткендей тазара түскен. Курортты аймақтағы мекемелер экотуризмді дамытпақ. Сан түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылмақ. Ең бастысы, адам ағзасына тың күш, соны серпін беретін сауықтыру бағдарламалары көп-ақ. Кірпияз меймандарды қабақ шыттырмай қарсы алып, бар жағдайын жасамақ. «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучинский», «Террасса Парк», «Самал», «Дискавери Боровое», «Гранд Прикс», «Зерен» тәрізді санаторийлер қызмет етпек. Бір айта кетерлігі, уақыт өткен сайын туризмді тегеуірінді дамытуға мейлінше мән беріліп отыр. Оның ішінде қайыңды, қарағайлы орманды алаңсыз аралап, қолтығыңыз сөгіліп шаңғы тебуіңізге әбден болады. Киелі жердің аңызбен ажарланған алқаптарына, шоқылар мен ылдиларды бойлап, шаңғы жолы салынған. Туристердің қауіпсіздігі де қатаң ескерілген. Коньки теуіп, шанамен сырғанаймын десеңіз қалауыңыз білсін. Кәсіби шаңғы спортымен айналысатындарға да бар мүмкіндік тудырылған. Мұндай шаңғы жолы Бурабай баурайында да, зерлі Зерендіде де бар. Тіпті, қауіп-қатерге толы шытырман жол, шырғалаңы мол кезеңдер де туристерді тосуда. Бұл жол адамның бойындағы алпыс екі тамырындағы қанды ойнатып, естен кетпес қызық сыйламақ.
Жыл сайынғы жаттанды көріністен ада, жаңа заманның талабына толық жауап беретін «Бурабай Лэнд» ойын-сауық паркі желтоқсан айының орта шенінде шартараптан келетін туристерге есігін айқара ашпақ. Жылдың басты жаңалығы да осы. Бұл жерде ит шаналармен ақша қардың үстінде сырғанап, құтты қияндағы Сібірдің бір шетінде жүргендей әсер аласыз. Атқа мініп, қыдыруға да болады. Әр жастың ерекшелігі ескерілген. Балалардың бойына, ойына лайықталған алаңдары бар. Ал, ересектер әр белесі, әр төбесі аңызға тұнған курортты аймақтың көрген көзді сүйсіндіретін алқаптарын аралап, бағзы заманның ел жадында жатталып қалған естелігімен танысуына толық мүмкіндік бар. Айтпақшы, қиялқұмар кішкентайлар үшін Сантаның резиденциясы жұмыс істейді.
Осындай көркем дүние қызықтырмай қоя ма? Көрікті Көкшенің қысын тамашалауға, тылсым табиғат аясында демалуға келетіндер саны жыл сайын өсе түсуде. Бір ғана мысал келтіре кетелік, «Бурабай Лэнд» паркі әрбір қысқы маусымда елу мыңнан астам туристке қызмет етеді екен. Тағы бір айта кетерлігі, дүмеп келетін қонақтар жолда бейнет көрмеуі үшін желтоқсанның 10-ынан бастап «Астана-Бурабай» жаңа жылдық вагоны қатынайды. Бұл да жағымды жаңалық санатында.
Щучье қаласындағы олимпиадалық ойындарға дайындық орталығында халықаралық жарыстар ұйымдастырылуда. Кәсіби шаңғышылар байрақты бәсекеге түсетін ірі жарыстардың жиырмаға жуығы өткізіледі деп жоспарлануда. Жұлдызша аққан ержүрек шаңғышылардың мінсіз суреттей шалт қимылы мен қаршығаша құлдилайтын көрінісін тамашалағысы келгендер өкінбесі анық. Қазақстан Республикасының шаңғы туризмі ашық чемпионаты мен туристік көпсайыс өткізілгелі отыр. Жалғыз табиғатты ғана емес, спортты серік еткен ағайынға бұл да қызық болуға тиісті.
Қарап отырсаңыз, қызығы мол қысқы туризмнің жөні бөлек. Ендеше, көрікті өлкенің қысқы демімен, қызықты лебімен танысқыңыз келсе, ат басын бұра кетіңіз, ағайын!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.