Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік коммуналдық мүлікті басқаратын және оны жекешелендіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
Аталған Заңды жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен Жекешелендіру нысандарын сату қағидалары бекітіліп, ол республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газетінде жарияланған болатын. Осы қағидаларға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде коммуналдық мүлікті, сондай-ақ, мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, жекешелендіру нысанын бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру нысанының сатып алу-сату шарттарын дайындау мен шарт жасасуды және ондағы талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1174 қаулысымен жекешелендіру нысандарын сату қағидаларына өзгертулер енгізіліп, жекешелендіру нысанын екінші және үшінші сауда-саттыққа шығару кезінде бастапқы баға алдыңғы тендердің немесе жабық тендердің бастапқы бағасынан елу пайызға төмендетілді.
Егер мүліктік кешен ретіндегі мемлекеттік кәсіпорын және мемлекетке жүз пайыз қатысы бар акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы үлестеріне өткізілген үш сауда-саттықтың нәтижесінде сатылмаған болса, осы заңды тұлғалар таратылуы тиіс. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру саудасы «Ақпараттық – есеп орталығы» АҚ-ның мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор – www.gosreestr.kz сайтында электронды нысанда (бұдан әрі – тізілімнің веб-порталы) өткізіледі.
Мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің саудасына белгіленген тәртіппен саудаға қатысу үшін тiркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар қатыса алады.
Жекешелендіруге жататын коммуналдық мүлік тізімін бекіту туралы шешім қабылдаған соң сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он бес күн бұрын мерзімді баспасөз басылымдарында және тізімнің веб-порталында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануы тиiс.
Хабарлама жарияланғаннан кейін теңгерім ұстаушы нысанды сатып алғысы келетін тұлғаға жекешелендірілетін нысанды көруге еркін мүмкіндікті қамтамасыз етеді.
Сауда-саттыққа қатысушы ретінде тіркелу үшін тізілімнің веб-порталында қатысушының ЭЦҚ қойылған, белгіленген нысан бойынша сауда-саттықта қатысу өтінімі тіркеледі. Қатысушының тіркеу бойынша көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ, мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілді жарнаның сауда-саттық басталғанға дейін екі сағат бұрын түспеуі тізілім веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Аукционға қатысуға рұқсат берілген қатысушыға тізілімнің веб-порталымен берілетін аукциондық нөмір бойынша аукцион залына қосылуға мүмкіндік беріледі. Аукцион қатысушылары аукцион басталмай тұрып, бір сағаттың ішінде ЭЦҚ және сауда-саттыққа қатысуды растайтын аукцион нөмірін пайдалана отыра, аукцион залына кіреді. Сауда-саттықта жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.
Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор жеңiмпазға – ол сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда; сатып алушыға – сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда кепiлдiк жарнаны қайтармайды. Бір кепілдік жарна қатысушыға сол бо-йынша сауда-саттыққа қатысу үшін осы кепілдік жарнаны енгізген жекешелендіру объектісін сатып алу құқығын береді.
Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бойынша сауда тізілімнің веб-порталында ҚР заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі – жұма аралығында, Астана қаласының уақытымен сағат 10.00-ден бастап 17.00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұған қоса, аукцион сағат 15.00-ден кешіктірілмей басталады.
Әрбір сатылған жекешелендіру нысаны бойынша аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттық өткiзiлген күнi тізілімнің веб-порталында қол қояды. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама сау-
да нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының жекешелендіру объектісін сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартына қол қою міндеттерін белгілейтін құжат болып табылады. Жеңімпаз сатып алу-сату шартына сауда өткізілген күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде қол қояды.
Ағымдағы жылдың он айы ішінде, облыс бойынша 184 коммуналдық меншік нысаны сатылды. Олардың 124-і облыстық коммуналдық мүлік, 60-ы аудандық коммуналдық мүлік нысандары.
Сатудан бюджетке 44 397,9 мың теңге қаржы түсті. «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен Жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Соған сәйкес Ақмола облысы бойынша 11 ұйым бәсекелі ортаға беруге жатады. Оның ішінде, бекітілген кестеге сәйкес, 2016 жылы саудаға 2 ұйым шығарылды. Нәтижесінде, бір кәсіпорын – «Степногорск – Тазалық» ЖШС-і – 2016 жылдың 9 қыркүйегінде үшінші сауда-саттықта сатылды. Екінші нысан бойынша («Атбасар қаласының жолаушылар тасымалы» ЖШС-і) өтінімдердің болмауына байланысты сауда-саттық үш рет те өтпей қалды. «Тазалық» МКК банкрот деп танылып, осыған байланысты кәсіпорынды сату банкротты басқарушымен жүргізілетін болады. «Көкшетау Қала Кадастры» таратылатын болады, осыған байланысты олардың қызметі мемлекеттік монополияға жатады.
Қалған жеті нысанды бәсекелі ортаға беру («Көкше-Жәрдем» МКК, «Көкше-Қамқор» ЖШС, «Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКК, «Спорттық ойын түрлері бойынша спорт клубы» МКК, «Арлан» кәсіби хоккей клубы» ЖШС, «Оқжетпес» футбол клубы» МКК , «Бурабай» спорт сарайы» МКК) 2017-2020 жылдарға жоспарланған.
Жекешелендіруге жататын мемлекеттік мүлік нысандары туралы ақпарат www.gosreestr.kz веб-сайтында орналастырылады және мерзімді баспа басылымдарында жарияланады.
Талғат БӨЛТЕНОВ,
облыстық қаржы басқармасының басшысы.