Қымбат Мұстафина

Кімің бар?!  Кімің қалды, кәнекей?!

Көшпелі өмірдің көгілдір аспанын бірде күн сүйіп, бірде ай қорғалап алар дүние көшесінің тіршілік атты жолына түсіп алып, кетіп бара жатар адам баласының жаратқаннан жазған тағдыры бары анық. Сол маңдайыңа жазылған тағдырыңның талқаны таусылғанша талмайсың, жолыңнан қалмайсың, әйтеуір жер басып жүрерің бар.

Сол өз тіршілігінде өз тағдыры небір сын мен сындарға салса да сынбай, жарқын жүзімен жарқылдап, ақ көңілімен аңқылдап, өзінің адами адал жолынан айнымай, талмай да, қалмай да келе жатқан кімің бар, Көкшетау?! Ол әрине – Қымбат Мұстафина!

Жер шоқтығы Көкшетаудың көгілдір нуына малынып тұрар Құдықағаш ауылында дүниеге келіп, жер басқаннан кейінгі бала ғұмыры Кішкентай деген ауылда өткені бар. Ақ қайыңы мен көк қарағайы жайыла өскен Мақпал таудың етегіндегі бұл ауылдың аты «кішкентай» болса да, атағы алты алашқа мәлім болған сал Біржанның ізі қалған, үні қалған әнді де сәнді мекен!

Сол әнді де сәнді мекеннің бір тұғырлы мекені – Кішкентай ауылында қыз ғұмырын өткізген Қымбат өз  айналасындағы табиғаттың сұлулығымен жан дүниесін суарып, бетегелі белдің таңғы шығымен бетін жуып, мына көркем де керім дүниенің тылсым сырына қаныға берді.

Әр адам баласының өмірдегі басты да құдіретті ұстазы – ол әркімнің өз әкесі мен анасы болса керек. Жарықтық Қайыркен бір шаңырақтың ғана егесі болған жоқ, тұтас бір елдің ақылға кен, алды кең адамы болған екен. Тұңғышы қыз болғанына да қарамастан, соңынан бір елі қалдырмай осы Қымбатын дүние байлығының бәрінен де қымбат санап, әкелік жүрегінің мейірімін аямай өтті.

«Кішкентай» ауылындағы кішкене бір дүкен ұстап, сол елдің халқына күнбе-күнгі керек-жарақтарын жеткізіп беріп, сауда-саттығын жасайтын кезде қаршадай Қымбат әке жанынан табылатын. Анасы Балкен болса, ақылға дария, бір үйдің берекесін келтіріп, өз отағасы Қайыркеннің қасы мен қабағына қарап өтті өмір бойы.

–Осы үй ішінің шаруасы бір өзімнен де қалмайды. Бар, ана әкеңе көмектес, шаршап жүр ғой, – деп  Қымбатты  дүкенге қуатын.

Бұған Қымбат қуанатын! Әкесінің жанында жүріп атқа да мінді, шалғымен шөп те шапты, орманнан отындық ағаш та кесті.  Әйтеуір, аты қыз болмаса, сол кездің әр үйінің ер балалары атқарар шаруаның бәрі де қолынан өтті. Әкенің жанында жүрер қыз бала қашан болсын өзін ерке де еркін сезініп, өзгелерге жасқанбай  қарап, батыл сөйлеп, батыл қимылдайтын кесек мінезді болып, қалыптасары бар. Бұл әке деген қасиетті жанның  бір құдіреті болса керек!

Сол құдіретімен Қайыркен әке де Қымбатының бойына батылдықты,  адалдық пен әділдікті, жалғаны жоқ, ақ сөйлеп әділін айта білер ақиқатшылдықпен біте қайнасар кісілік пен кішілік қасиеттерін де дарыта білді.

Текті жерден шыққан Балкен Жапарқызы сынды иманды ананың сүтімен, елі мен халқына жаққан Смағұлұлы Қайыркендей әкенің қанымен бір бойына біткен қасиетімен Қымбат осы бір әке мен ананың ғана қызы болып қалмай, Көкшенің… оны айтасыз, тұтас қазақ елінің Қымбаты… қалың елге Қымбат Мұстафина деген атпен таныла білді. Бұл да болса жаратқанның бергені!

Тағдыры сынаған кезде сынбай қалған, құлазыған шақтарында құламай қалған, алайда жылаған… жылаған да, көз жасын бұлаған да күндері аз болмаса да, қайран да, қайран әкенің бойына дарытқан өжеттілігіне басып, көз жасын құрғатып, шыр көбелек айналып жатқан мазасыз да ғапыл  дүниенің тіршілігіне араласып кете баратын.

Әйтпесе, өзінен кейінгі бес бірдей сіңлілері мен туған інісін, былайша айтқанда, алты бірдей туған бауырларын аңыратып ажал алып кеткен сәттің де бір адам баласының  құлазып жүнжіп кетуіне боларлық жағдай еді.

Дүние дәулеті бар ғұмырында тарықтырып көрген емес ешқашан. Қымбат Мұстафинаның өзінің адал ниетіне берген мол ырысы мен ақ дастарханын қашан болсын қараға да, ханға жайсаң да жерге қаратпайтындай  молшылықпен қайысып тұрары бар осы күнге шейін. Мол дүниенің берекесін келтіріп, уыста ұстап тұруға да ақыл мен парасат керек. Және де ол  үшін дүниеге Қымбат Мұстафина болып келсең абзал! Тағы да және Қымбат Мұстафина бола алсаң абзал!

* * *

Адам баласын өмір бар мен де, жар мен де сынары хақ екен. «Бар» деп отырғанымыз дүние  – дәулеті болса, «жар» дегеніміз өзіңнің бір жастықта басың қосылар өмірлік қосағың емес пе?!

Жастайынан Иманжанұлы Лұқман сынды азаматпен бір жастықта басы қосылған Қымбат Қайыркенқызының жар жағынан да бағы жанған жан! Ғұмыры қысқа болды қайран азаматтың. Соңынан аңыратып жан-жары Қымбатын, балапандары Лейла, Серік пен Берігін қалдырды жәутеңдетіп. Дүние солай!.. Сол балаларының бәрі де азамат болды, үй көтерді, түрлі қызметтер атқарып, олар да өз ұрпақтарын өсіріп, тамырларын жайып жатыр.

Әйел затының бағы өзі қосағымен бірге өткізген жылдардың ұзақтығымен  өлшенбесі бар. Қол ұстасып бірге аз өмір сүрдің бе, көп өмір сүрдің бе, жар бақытының өлшемі бұл емес шығар?!

–Лұқмандай жаны жайсаң адал азаматқа жар болғанымды өмір бойы мақтан етемін, шүкіршілік қыламын! Қаржы саласының үздік маманы Лұқман өз әріптестері, жолдас-жоралары арасында сыйлы болатын. Мені алақанына салып аялады,  – дейтін Қымбат Қайыркенқызының өз жан-жарына деген сағынышқа толы сарғайған жүрегінің сезімін ақтарудан бір танған емес, айтумен келеді.

Бұл аз ғана уақыттағы сонау бір жарлық ғұмырдың тәтті де мәнді өткен сәттерінің жүрекке сіңген мәңгілік ғашықтық әні еді. Сол Лұқманға деген мәңгілік сүйіспеншілігінің жүрек күйін шертумен күні бүгінге шейін өтіп келе жатқан ғұмырында әйел затының бір өзі ғана сезе алар, бір өзінің ғана жанына бататын және де жан баласына айта алмайтын мұңы да аз болмаса керек-ті.

Жастайыңнан, отыз жеті жаста жесір қалу оңай ма еді? Жастайыңнан әкесіз қалған балаларыңды асырау, тәрбиелеу, қатарынан қалдырмай, тарықтырмай, тырнақтыға  алдырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсіру бір әйелге оңай жүк деп кім айта алар?! Әрине, оңай емес! Сол өмір жүгін Қымбат Мұстафина  көтере білді!  Баяғы Ғабеңнің, жазушы  Ғабит Мүсіреповтың «Ер Ана» атты шығармасына арқау боларлық, бүгінгі күннің ер анасы осы – Қымбат Мұстафина!

* * *

Өзіңнен туған балаға да, өзіңмен бірге туған бауырларыңа да бірде солардың әкесі, бірде анасы болып та қара шашыңды ағартып, беліңді талдырып, солардың тағдыры мен келешектерін ойлап ғұмыр кешу де оңай болып па?! Әрине, ол да оңай емес! Осы күндері Орал мен Ораз, Алтын өз алдарына бір-бір үй болып, түрлі саладағы қызметтің тізгінін ұстап отырса, бұл да қашан болсын өз інілері мен сіңлісіне деген әпкелік шынайы бір бауырмалдылықтың белгісі емес пе?

Әттең шіркін, жалындап өсіп, талпына жүріп Новосібірдің энергетика институтын, одан соң сауда инситутын бітіріп, енді-енді қызметке кірісер шағында небәрі жиырма алты жасында дүниеден ерте озған Оразбекті  айтсайшы!

Былтырғы жазда сол Оразбектің аруағына арналып құран оқылып, бата жасалғанда  осы  бауыры және де көзі тірі жүрген бауырлары жайлы тебірене сөйлеген, жүрегі алқына сөйлеген, көзінің жасын бұлап сөйлеген Қымбат Қайыркенқызының бойында кез келген ер азаматтың бойына біте бермес қайсарлық бар деп жүрсем, жанарындағы сол жасты көріп, жан-жүрегінің нәзіктігін көріп,  менің де көңілімнің босағаны сол арада!

Өйткені, менде де, өз бауыры мені ойлап, тілеуімді тілеп, ұзақ уақыт көре алмай сағынып отыратын, елге келе қалсам,  осылайша көңілін босатып, көз жасын төгіп алатын қырық бестің жылында туған әпке  менде де болған еді!.. Қайран дүние!..

Қайран біздің аналарымыз өздері дүниеден озғаннан кейін, бірге туған бауырларын сағынып жүрсін, іздеп жүрсін, қолдап, тілеуші, ақылшысы болып жүрсін, көздерінен таса қылмасын деп өз жүректерін өз қыздарына қалдырып кеткен-ау осы! Сол ана жүректі бауырмал әпке – осы Қымбат Мұстафина!

* * *

Адам болып келгеннен кейін өмірден өз орныңды табуға талпынарың да бар. «Кішкентай» атты кішкентай ғана ауылдан шыққан Қымбат сынды қазақтың қаршадай қызының талабы оның қайраткер тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Жан-жары Лұқманның қолдауымен Ресейдің Новосібір қаласындағы сауда институтын 1969 жылы бітіріп алып, содан кейінгі бар ғұмыры сауда ісімен байланысты болды.

Әуелгі кезде Целиноград облыстық сауда басқармасында 1964 жылы басталған қызметі, одан кейін бастықтың бірінші орынбасары қызметінде жүріп, 1985 жылы  Көкшетау облыстық сауда басқармасына басшы болып  өзінің туған еліне жиырма бір жылдан кейін оралуды жазды.

Өз елің… өз жерің… өз Көкшетауың! Ал, кәне намысыңды қамшыла, жігеріңді жаны, оқыған-тоқығаныңды, көрген-білгенің мен біліміңді өз Көкшетауыңның игілігіне аямай жұмсап бақ! Осы бір ішкі ойымен қызметіне кіріскен сәттен бастап, аттан да, тақтан да түспеген, бір қолы шот қағудан да кетпеген Қымбат Қайыркенқызына жарықтық әкесінің бала күнінде атқа мінгізіп өсірген ер мінезі өзіне серік болып, билік тізгінін берік ұстауға зор ықпал еткені бар.

Әйел адамға соңыңнан сөз ертпей қызмет ету және де басшылық қызметте болу оңай деп айта алмас едік. Сырт көздің арбауынан да, сұқ тілдің қармауынан да өзінің ары мен жанын қашан болсын таза ұстай білген Қымбат Қайыркенқызы аз уақыт аралығында Көкшетау облыстық сауда басқармасын республика бойынша үздіктер қатарына шығарып, Кеңес Одағына таныта білді.

Сауда саласының барлық көрсеткіштері мен талаптары бойынша Қымбат Мұстафина басқарған басқарма қатарынан жеті мәрте бірінші орынды иеленіп, ақыр соңында республиканың ауыспалы Құрмет туы Көкшетауда мәңгілік сақтауға қалдырылды! Бұл әрине, жеңіс және де ірі жеңіс еді!

Сол кезде Көкшетау облыстық сауда басқармасы негізінде озат тәжірибе мектебін құру туралы Үкіметтің арнайы қаулысы да шығарылып, Қымбат Мұстафина басқарған саланың жақсы істері қалың елге үлгі ретінде ұсынылды, сауда ісін ұйымдастыруды өзгелер Көкшетаудан үйренді. Бұл іскер басшы, талантты ұйымдастырушы – Қымбат Мұстафинаның мектебі болатын!

* * *

Дүние дегеніңіз бір орнында тұрған ба?! Мәңгілік не бар дейсіз?! Күрсіне отырып, өтпелі де, көшпелі де заманның бір кезеңін – өткен жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылын еске алар едік. Кешегі дүние жүзінің алтыдан бір бөлігін алып жатса да, бір сәтте ыдыраған Кеңес Одағының құрамындағы елдермен бірге Қазақстан да тәуелсіз ел болып жатты. Бұл – 1991 жыл еді!

Алайда, сол тәуелсіз ел болудың қарсаңында, тоқсаныншы жылдардан бастап бар шаруаның қиюы қашып, жұмыссыздық белең алып, халық дүкен сөрелерінен күнбе-күнгі керекті заттарын да таба алмай ел дағдарысқа түскен-ді. Кеңес үкіметімен бірге кеңестік сауда жүйесі де тарағаннан соң, Қымбат Қайыркеқызы 1992 жылы «Ынтымақ» атты сауда-коммерциялық фирмасын ашты.

Бұл Көкшетауда былай қойып, сол кездегі Тәуелсіз Қазақстанда құрылған тұңғыш бизнес нысаны болатын. Сөйтіп, іскер Қымбат Қайыркенқызы туған Көкшетауын, оның халқын азық-түліктен бастап, банктен қарыз несие ала отырып, тігін жабдықтарын сатып алып, түрлі керекті тұтыну тауарларын да шығарып, сонымен де халықты қамтамасыз ете білді. Бұған қоса, азық-түлік шығару… одан кейін егін егумен де айналысу, әйтеуір, сол бір өтпелі кезеңнің тіршілік дөңгелегін тынымсыз айналдыра білді.

Тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның бір топ іскер адамдарымен бірге  1994 жылы Америка Құрама Штаттарына да барды. Дамыған елді көрді, сол дамыған елдің шаруасын, халқының бақуатты тұрмысын көрді, көп нәрсені көңіліне түйіп те қайтқан Қымбат Қайыркенқызының  көкейіне «менің де елім осындай дәрежелі өмірге жетсе екен» деген арман да қонған-ды. Сол арманмен жалғасқан тіршілік – Қымбат Мұстафинаны алдағы жауапты міндеттерге жетелеп алып кете барды.

* * *

Сіз бен біздің Көкшетауымыз өзінің облыс орталығы деген мәртебесінен айырылған күн де туды. Туғанда да тұғырынан Көкшетаудың туы ғана тайған жоқ, «Көкшетауым» деп соққан жүректерді де қапаландырды, назаландырды, талай тағдырлар да таразыға тартылды. Қызметтің  құлағы қылтиып көрінген жерлерге кетіп жатты талайлар. Көкшетау қалды жадап-жүдеп. Қыс болса жылуға жарымаған, электр қуаты әр үйге санамалап берілген, жағатын газды отыны жоқ, халқының істейін десе жұмысы жоқ… Әйтеуір, ел басына бір күн туғандай заман келді.

Сол бір ауыр күн туған шақтарда Көкшетауда кім қалды деймісіз?!  Қымбат Мұстафина қалды! Білуімізше, сол кездің өзінде түгел жұртқа танылып, абыройы аспандап тұрған Мұстафинаға да Астанадан бастап  не бір қызметтер ұсынылды, төрден орын да берілді. Көкшетауда қалды. Көкшетауда сол кезде бір ғана Қымбат Мұстафинаның еш жерге қоныс аудармай қалуы елге ес болды, халыққа демеу болды. Өйткені, ол –  Қымбат Мұстафина еді! Көкшетаудың қымбатты Қымбаты еді!

* * *

Сондай бір аласапыранды кезеңдерде Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Қымбат Қайыркенқызы Мұстафина осы қызметінде  бес жылдай отырды. Құр ғана отырып кеткен жоқ, баяғы сол өзіне тәне елге деген шынайы жанашырлығымен Көкшетаудың мүдделі біраз мәселелерін шешіп кетті. Абыроймен кетті. Бес жылдың ішінде Көкшетау қаласының айлық  бюджеттік түсімнің толығуына қол жеткізді. Экономикасы құлдырап қалған қаланың бюджетін толтыру үшін салық жинауды жақсарту керек еді. Солай жасады. Әкімдік жанынан сауда орындарынан салық жинайтын арнайы бөлім ашып, бұл істі де жолға қойып, тәртіп орнатты.

Бұл кезде Көкшетаудың да бағы қайра бір жанып, Ақмола облысының орталығы мәртебесіне де ие болған-ды. Жүдеулеу сол кездегі Көкшетаудың қай мәселелеріне көңіл бөлу қажеттігін облыс басшылары ең әуелі Қымбат Мұстафинадан сұрап, ақыл-кеңес алатын да еді. Өйткені, жалғандықты білмейтін және де қарақан басының жеке мүддесінен де елдің, халықтың жайын бәрінен де жоғары қоятын қасиетімен әбден танылған мемлекетшіл тұлға еді. Заты әйел болса да  Қымбат Мұстафина  Көкшетаудың ел ағасының сөзін ұстады. Әлі күнге шейін ел ағасы!

* * *

Әкімнің орынбасарлығынан кейін 2006 жылы Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды да, мәслихатқа төрағалық етті. Сол кездегі Қымбат Мұстафина басқарған Көкшетау қалалық мәслихаты небір іскерлер топтасқан орталық болғандай еді. Әр салада басшылық қызметте болғаны бар, Қымбат Қайыркенқызы мәслихаттың әрі депутаты әрі хатшысы ретінде не бір бағалы бастамалардың жаршысы бола білді.

Соңғы жылдары өз Көкшетауының құлдырауы мен дамуы көз алдында өткені бар-ды. Осы жай да, бюджеттік қаржыны қай жерге, қай салаға салу керектігін де жақсы білетін хатшы мәслихаттағы өз әріптестерін ортақ бір мүддеге жұмылдыра білді. Мұстафина басқарған мәслихат халықтың сеніміне ие болған ең бір абыройлы құрылым болды.

Көкшетаулықтарға дәрігерлік көмек көрсетуді жақсарту, жолдарды қалпына келтіру, тоқырап қалған тұрғын үй-коммуналдық қызметті жандандыру сияқты өмірлік маңызды осы мәселелердің барлығына Мұстафина басқарған мәслихат депутаттары асқан жанашырлықпен қарады, жауапкершілікті биік ұстады. Бала бақшалары да көбейді. Бала бақша демекші, Көкшетаудың «Бурабай» шағын ауданындағы бұрынғы жап-жаңа бала бақша жекешелендіріліп кетті де, оны алғандар сол бала бақшаны спирттік өнім шығаратын шағын цехқа және сол өнімдерін сататын жайға айналдырып алған еді. Айнала көп қабатты тұрғын үйлер… мектеп те тиіп тұр… балалардың ойын ойнайтын алаңдары да жақын. Міне, осы жай қалалық мәслихаттың депутаты әрі хатшысы Қымбат Мұстафинаны қатты алаңдатты.

Көкшетауда сол тұста бала бақшаларының жетіспеушілігі де күйіп тұрған мәселінің бірі болатын. Баяғы өзінің халық мүддесіне деген жанашырлық қасиетімен облыстың да, қаланың да басшыларының мазасын алып, мәслихат  депутаттарының күшін қосып, сол арақ-шарап құятын орынға айналып кеткен бұрынғы бала бақшаны қала иелігіне қайтарып алып, Мұстафина тағы да  ерлік танытты.

Көкшетауда жаңа тұрғын үйлер де көптеп  бой көтерді. Содан да болар, тұтас бір жаңа тұрғын үй Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне беріліп, қарт майдангер жауынгерлердің қуанған сәттерін де көз көрді. Бұл адам баласына қуаныш сыйлап жүретін тағы да Қымбат Мұстафинаның ірілігі мен өрелігі еді!

* * *

Қымбат Мұстафина! Бұл  адамның  өзі атақ, өзі даңқ, өзі абырой біз үшін! Солай бола тұрса да, өзінің ұзақ жылғы қызметінде «Сауда ісінің үздігі» атанып, «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды, мұны да ғұмыр шежіреге жазып, тіркеп қойғанымыз абзал. «Көкшетау қаласының құрметті азаматы»  деген атағы және де бар. Сол және де өзге де толып жатқан марапаттар мен атақтар Қымбат Қайыркенқызының өзіне керек шығар, өзіне қымбат болар.  Ал біз үшін бір ғана «Қымбат Мұстафина» деген аттың өзі бәрінен де қымбат!

Қазақ елінің Қымбаты! Көкшенің Қымбаты! Өмірдің өз Қымбаты! Інілік пейілмен тілерім, әйтеуір, жасай берсе етті осы бір қымбат та, асыл да, ардақты жан!..

                                                                   Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
                                          Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
                   Сенаторлар  кеңесінің мүшесі,
Ақмола облысының құрметті  азаматы.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар