Айналаңда адам бар
Мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына кейбір салада психофизикалық дамуы бұзылған жасөспірімдер мен ересек жандар жатады. Олардың да басқалар сияқты құрметке, теңдікке және қадір-қасиетке құқығы бар.
Сондықтан, олармен қарым-қатынас аяушылыққа емес, өзара сыйластық пен түсіністікке негізделуі керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың туа біткен өнерлерін халыққа таныту дегеніміз, олардың өмірге деген құлшыныстарын арттыру, кедергісіз кеңістікте өмір сүріп жатқандарын ұғындыру, жандарына демеу болып, қуаныш сыйлау және осы арқылы басқаларды еңбекқорлық пен қанағатшылдыққа тәрбиелеу. Олармен кездескенде, оған қозғалу қиын болса да, ақырын қол алысыңыз. Бұл қимыл сіздің құрмет пен жақсы ниетіңізді көрсетеді.
Қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының қызметкерлері «Қуаныш сыйлау бір бақыт» жобасы аясында «Қыс қызықтары» атты іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараға Көкшетау қаласындағы психоневрологиялық аурулар мен тірек-қимыл аппараты аурулары бар 18 жастан асқан ересек балалар мен осы адамдарға арналған әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бұл іс-шара әрбір адамның жеке басына, оның жеке ерекшеліктеріне деген құрмет пен қызығушылыққа негізделген ересектердің ынтымақтастығын қалыптастыру мақсатында өткізілді. Кітапхана қызметкерлері рухани қазына орталығына экскурсия жасап, сондай-ақ, әр түрлі көңілді ойындар мен тапсырмалар әзірлеп, қатысушылар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара барысында барлық тәрбиеленушілер осы шарадан жақсы әсер алды.
Халық мүмкіндігі шектеулі адамдарды көзбен көруі керек, оларды іштей қабылдауы қажет. Әр адамның өзінің бойында әртүрлі ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Ерекшелік деп қабылданған қасиеттер жағымды әсерін тигізбесе, кері әсерін тигізбейді. Тағдырдың тап қылған ауыр жағдайына байланысты түрлі ауруға шалдыққан балалардың да қалауы мен арманы бар. Біздің оқып жүрген мектебіміз, оған бара алмайтынның арманы. Біздің қиын жұмысымыз, әр жұмыссыздың арманы. Біздің деніміздің саулығы, әрбір ауруға шалдыққанның арманы! Сондықтан да, әр азамат пен азаматша бақытты өмірге лайықты.
«Адамның бақыты балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Отбасының бала тәрбиесіндегі алар орнын халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық оймен түйіндей білген. Қоғамымыздағы осындай балапандарымыздың ерекшеліктерін тани отырып, қанаттарын қатайтып, өмірдегі өз орнына орналастыру барлығымыздың міндетіміз. Қазақ халқы қашанда ұрпағының қамын ойлап, бауыр еті – баласы үшін жанын берген текті халық. Сол тектілігімізді, бауырмалдығымызды әрі қарай жалғастырып, ата-бабамыздың өнегелі жолын ұстана алатындығымызға сенім де мол.
Бұл «Бала тағдыры – ел тағдыры» деп қарап, дүниеге келген сәтінен бастап, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік өмірге даярлап, еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек.
Іс-шара соңында әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкерлері кітапхана ұжымына өз тәрбиеленушілеріне осындай жақсы көңіл-күй сыйлап, жандарына демеу болғандары үшін жылы сөздерін арнап, өз ризашылықтарын білдірді.
Ғ.ТАЙЛАҚОВА,
Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер
үлгілі кітапханасының кітапханашысы.