«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен, сапалы тамақпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Отырысқа кеңестің мүшелері, облыстық білім басқармасының бөлім басшылары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысып, кеңес төрағасының орынбасары Марат Ибраев төрағалық етті.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасының мектеп бөлімінің меңгерушісі Әсемгүл Сүлейменова баяндама жасап, кеңес мүшелері тарапынан қойылған, жалпы, ата-аналарды толғандыратын бірқатар сауалдарға жауап берді.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 39135 бүлдіршін 599 мектепке дейінгі білім беру ұйымында тәрбие алуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 273-і балабақша болса, 326-сы шағын орталықтар. Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың сатылай жоспары әзірленіпті.
–Жыл сайын елімізде балабақшалар салуға қыруар қаражат бөлініп, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар ашылуда. Бұл 2 жастан асқан балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Өткен 2024 жылы облыс бойынша 2 мемлекеттік, 12 жекеменшік балабақша салынып, жалпы саны 1964-ті құрайтын бұл жаңа орындар бүлдіршіндер игіліне берілді. Жоспар бойынша былтыр 1623 орынды қамту көзделген, сондықтан, бұл көрсеткіштік индикаторын біз 121 пайызға артығымен орындадық. Енді 2025-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды енгізу мен іске қосудың түзетілген сатылай жоспарына сәйкес ағымдағы жылы жаңадан 1285 орын ашу қарастырылуда. Бұл орайда, жалпы орын саны 990-ды құрайтын 8 мектепке дейінгі ұйым ашу көзделсе, жұмыс істеп тұрған 8 мекемеде орын санын тағы 295-ке дейін кеңейту жоспарлануда. Осылайша, биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткішін 97 пайызға дейін жеткіземіз. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 94,5 пайызды қамтып отыр. Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында балабақшаға кезек күтушілер 4077 бүлдіршінді құрайды, –деді баяндамашы.
Жалпы, жыл басынан бері осы 4 ай ішінде өңір бүлдіршіндеріне 314 жаңа орын ашылыпты. Бұл орындардың 261-і Біржан сал, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында ашылған және бұрыннан жұмыс істеп тұрған 2 балабақшада орын саны 53-ке кеңейтілген. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыста 840 орындық 3 балабақшаның құрылысы жалғасуда. Нақтылап өтсек, Целиноград ауданының Қараөткел ауылы мен Қосшы қаласында әрқайсысы 280 орындық балабақшалар салынуда, Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған жаңа мектепке дейінгі білім беру ұйымының құрылысы жүргізілуде.
Кеңес мүшелері өткен жылдан бері елімізде енгізілген мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі, балабақшаларды лицензиялау туралы мәселелерді көтерді. Аталмыш қаржыландыру жүйесі туралы түсіндіре кетсек, бұл барлық мектепке дейінгі ұйымдарға, соның ішінде жаңадан ашылған балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты алуға өтінім беруге, ата-аналардың балабақшаны өз қалауынша таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті ынталандырады. Жүйе, ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, «ақша ұйымға емес, балаға берілетін» болады. Жаңа жүйе балабақшаға кезекке тұру тәртібін жеңілдетіп қана қоймай, мұндағы түрлі заңсыз факторларды жояды.
–Ваучерлік қаржыландыру қағидаттарының бірі — серпінді бәсекелестік құру және тиісінше қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылатынын атап өткен жөн. Биылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесі облыс аумағында мамыр айынан бастап Қосшы қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылады, кейін жаңа оқу жылына дейін облыстың барлық аудан орталықтарына кезең-кезеңмен енгізіледі, –деді Әсемгүл Төлеуханқызы.
(Ал, балабақшаларды лицензиялау жайына келсек, ол 2027 жылдан бастап қолға алынбақшы. Оған дейін мамандар балабақшаларда оның маңыздылығы мен тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізеді, құжаттарын әзірлейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін лизенциялау ондағы тәртіп пен балаларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді дейді кеңеске қатысушылар.
Сонымен бірге, кеңесте мектеп оқушыларын сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайы да қаралды. 2024 жылғы қыркүйектен бастап облыста тегін тамақ беру пилоттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Бүгінде өңір оқушыларының 65225-сі тегін тамақтанады, бұл жалпы білім алушы балалардың 46,7 пайызын құрайды. 2025 жылға облыстық бюджеттен бұл мақсатта 9,3 миллиард теңге бөлінген. «Жалпыға бірдей оқыту» қоры аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақтандыру үшін 1,5 миллиард теңге қарастырса, бастауыш сынып оқушыларының тамақтануына 7,8 миллиард теңге бағытталған. Сонымен бірге, «Бизнес әмиян» және «Әлеуметтік әмиян» жобасы бойынша әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 8922 бала тегін тамақтанады.
Балаларды тегін тамақтандыру мәселесіне байланысты алаңдатарлық жағдайлар өте көп. Мәселен, кейбір білім ордаларында, соның ішінде, былтыр ашылған 9 жайлы мектепте құқық белгілейтін құжаттар, яғни, пайдалануға беру актісі жоқ болғандықтан, оқушыларды тамақпен қамтитын кәсіпкерді айқындау үшін конкурстық рәсімдерді жүргізу мүмкін емес көрінеді. Десе де, білім бөлімдері ретін тауып, балаларды ыстық тамақпен қамту жолын қарастырған. Сөйтіп, аталған мектептерде жеке кәсіпкерлер 3000-нан астам баланы ыстық тамақпен тамақтандыруда. Бұл жағдай балалардың денсаулығына, оның ішінде тамақтан улануына қауіпті күшейтетінін ұмытпауымыз керек.
–Кейбір асханаларда заманауи жабдықтар жетіспейді. Жабдықтардың барлығы жұмыс істейді, бірақ, ескірген. Кей жерлерде асхананың интерьерін жаңарту қажет. Балалар жайлы және ыңғайлы ортада тамақтануы керек. Сондай-ақ, кейбір жерлерде мәзір бірқалыпты болып жүр. Мәзірдің диеталық нормаларға сәйкес келуі ғана ескерілмеуі керек, оның балалар үшін сіңімді, тәбет тартарлық болуы да маңызды. Ағымдағы жылдың сәуір айының басында құрамына біздің кеңес мүшелері кіретін ведомствоаралық комиссия мамандандырылған мектеп-интернаттарға мониторинг жүргізді. Оның барысында бірқатар кемшіліктер анықталды, –дей келе, кеңес мүшесі Айсұлу Шаяхметова көптеген олқылықтарды жіпке тізгендей баяндап шықты. Осы анықталған кемшіліктерді жою бойынша бірқатар аудандық білім бөлімдері мен тиісті басқармаларға ұсыныстар білдірілді.
Сонымен бірге, кеңес мүшелері Ақмола облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында қамқорлыққа алынған және патронаттық отбасыларындағы, сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жағдайы, оларды біліммен қамту мәселелерін де талқылады.
Кеңес отырысының соңында Марат Ибраев тиісті басқармалардың басшыларына ұрпақ тәрбиесі мен біліміне, денсаулығына қатысты олқылықтарды жойып, жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

