Іссапар шығындары толық төленбеген

Заң және тәртіп

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілерді іссапарға жіберу кезінде заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 57-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.

–Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісім-шарттық қызметшілерге іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады. Алайда, жүргізілген талдау қорытындылары көрсеткеніндей, мемлекеттік органдар қызметшілердің құқықтарын жүйелі түрде бұзады. Бұзушылықтардың көпшілігі іссапар шығындарын толық көлемде өтемеумен байланысты, ал, кейбір жағдайларда олар бюджет қаражатының болмауына байланысты мүлдем төленбейді, – деп мәлімдеді департамент басшысы Думан Әбілев.

Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік органдар іссапар шығындарын өтеу Қағидаларының нормаларын дұрыс қолданбайтыны анықталды, соның салдарынан тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеу осы Қағидаларда белгіленгеннен аз мөлшерде жүргізілген.

Заңнамада Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген іссапарларға арналған өтелетін шығыстардың мөлшерін оларды өтеудің ішкі қағидаларын әзірлеу және бекіту арқылы азайту мүмкіндігі көзделгенін атап өткен жөн.

–Алайда, бірқатар мемлекеттік органдар ішкі тәртіпті бекітпестен өтелуге жататын шығыстардың мөлшерін азайтты, жекелеген жағдайларда шығыстарды өтеу нақты жұмсалған шығындар, оның ішінде тұрғын үй-жайды жалдау бойынша көрсетілген аванстық есептерге сәйкес жүзеге асырылды. Ал, 2018 жылы Қағидаларға қызметкерді ел шегінде қызметтік іссапарларға жіберу кезінде тұрғын үй жалдау бойынша растайтын құжаттарды ұсынуды болдырмайтын түзетулер енгізілген, – деп жалғастырады өз сөзін Думан Әбілев.

Жалпы, жүргізілген талдау нәтижесінде 400-ден астам жағдайда шығыстарды өтеу жүргізілмегені не толық жүргізілмегені, қызметшілерге 13 миллион теңгеден артық іссапар ақысы төленбегені анықталды. Мұндай бұзушылықтардың ең көп саны Егіндікөл, Жарқайың, Есіл аудандарының және Біржан сал ауданының жергілікті атқарушы органдарында орын алған.

–Департаменттің араласуынан кейін 140 қызметшіге 7 413 991 теңге алмаған ақысы төленді, мемлекеттік органдардың анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауы қазіргі уақытта біздің бақылауымызда ұсталуда, – дейді Думан Әбілев.

Сондай-ақ негізсіз төлемдер фактілері де анықталды. Талдау нәтижесі бойынша Қағидаларда белгіленген лимиттерден 2 815 610 теңгенің артық іссапар шығыстарының төлеуінің 119 фактісі орын алған. Қазіргі уақытта бюджетке ерікті түрде 1 229 648 теңге қайтарылды, қалған соманы қайтару бойынша жұмыс әрі жалғасуда.

Мысалы, Бұланды ауданы әкімі аппаратының қызметшісіне растайтын құжаттар (отырғызу талоны) болмаған кезде іссапар орнына бару және тұрақты жұмыс орнына қайту бойынша іссапар шығыстары өтелді.

Тексеріс барысында іссапар шығындары туралы жалған құжаттарды ұсыну фактілері де анықталды. Мәселен, Егіндікөл ауданының жергілікті атқарушы органдарының жекелеген қызметшілері кәсіпкердің жолаушылар тасымалы бойынша қызмет көрсету фактісін растайтын құжаттарды ұсынған. Алайда, тауар чектерін беру кезінде бұл кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан болып шықты.

Талдау жүргізу барысында қызметшілердің іссапарлары бойынша материалдар «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы ұсынған мәліметтермен салыстырылып, негізсіз төлемдер фактілері анықталды.

Осылайша, жұмыс берушінің актілерінде көрсетілген іссапар кезеңіне сәйкес қызметкерлерге іссапар шығындары өтелген 7 факт анықталды, алайда, олардың іссапарларда нақты болуы белгіленген мерзімнен кем шыққан. Жүргізілген талдау қорытындылары Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды және оның қорытындысы бойынша басшыларға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде жан-жақты шаралар қабылдау ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар