Қазақстанда 2025 жылы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес жүзеге асады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Ұлттық статистика бюросының департамент басшысы Расул Ерғалиев алдағы жүргізілетін санақтың тәртіптерін түсіндіріп берді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізілетін мұндай санақ негізінен, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ұсынымдарына сәйкестендіріліп, он жылда бір рет өткізілуге тиіс. Брифинг барысында белгілі болғанындай, биылғы 2025 жылы санақ жүргізудің уақыты келіп тұр. Сол себепті бұл науқанға ауыл шаруашылығы мамандары, шаруа қожалықтары мен фермерлер, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, барлық қалалардағы жеке қосалқы шаруашылықтар қатысады деп күтілуде. Өткен жылы облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен жаппай санақ өткізу жұмыстарын ұйымдастыру үшін облыс өңірлерінде көмек көрсету комиссиясы құрылып, медиа-жоспарлар бекітіліп, дайындық қызу басталып кеткен болатын.
Аграрлық сектордағы нақты жағдайды анықтап, ауыл шаруашылығының даму үрдістерін бағалау үшін ауыл шаруашылығы санағын өткізудің маңызы зор. Сонымен қатар, сала мамандары бұл шара саладағы құрылымдық өзгерістерді бақылап, экономикалық саясатты тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтады.
Департамент басшысы Расул Ерғалиев та санақ өткізу ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі мен даму үдерістері туралы ақпарат сапасын арттыруға, жалпы ақпараттық базаны қайта жаңартуға және халықаралық стандарттарға сәйкес көрсеткіштер жүйесін қалыптастыруға ықпал ететініне сенімді.
– Алдағы жүргізілейін деп отырған санақ екі кезең арқылы жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңінде ағымдағы жалдың 1-30 маусым аралығында алдымен, қалаларда алдын ала дайындық шеңберінде сұхбат жүргізіледі. Ал екінші кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығын қамтиды. Бұл уақытта бүкіл облыс аумағында толыққанды санақ өткізіледі. Бұл кезеңде 234 сұхбат алушы планшет арқылы деректер жинайды, – деді Расул Жабалұлы санақ өткізудің тәртіптерін жан-жақты түсіндіре келіп.
Сонымен қатар, 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Онлайн қатысқан респонденттер қайтадан сұралмайды. Санақ барысында жер көлемі мен егістік алқаптар, мал мен құс саны, ауыл шаруашылығы техникасы, өндірістік нысандар және өнім сақтау құрылыстары жөнінде мәліметтер жиналады.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық саясаты мен ауыл өмірінің келешегін айқындайтын маңызды оқиға. Сондықтан да, әрбір азаматтың белсенді қатысуы – ортақ табыстың кепілі болмақ. Сала мамандары облыс тұрғындарынан маңызды науқанда енжарлық танытпай, оған бір кісідей ат салысуын сұрайды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет: saryarka-samaly.kz
![]()

