Көктемгі дала жұмыстары өрмек жүзінен ауып барады

Әкім – ел ішінде!

 Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай және Ақкөл аудандарына кезекті жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарымен танысты. Облыста көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. 25 мамырдағы жағдай бойынша облыс диқандары 2,7 миллион гектар алқапқа егін сеуіп, жоспарды 51 пайызға орындады.

  «Бурабай GSK» ЖШС-нің бас агрономы Әсел Ағзамованың айтуынша, серіктестік жалпы жоспарланған 27,5 мың гектардың 21,3 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Бұл – жоспардың 77,5 пайызы. Оның басым бөлігі дәнді дақылдар. Егіс науқанының табысты жүруіне мемлекет тарапынан уақытылы көрсетілген қолдау үлкен көмек болды. Атап айтқанда, серіктестік жаңа техника сатып алып, тыңайтқыш қорын толықтыра алды.

Ақкөл ауданындағы «Аскоп» ЖШС-сында егістік алқаптарының 80 пайызына тұқым сіңіріп үлгерді. Кәсіпорын көктемгі егіс жұмыстарын маусым айының басына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 2025 жылы аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдау көктемгі егіс жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері мемлекеттік даму институттары көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды ерте бастады. «Кең дала» және «Кең дала — 2» бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген несиеге келіп түскен өтінімдердің көлемі 108 миллиард теңгеден асты. Қазіргі таңда 664 агроқұрылым жалпы сомасы 100 миллиард теңгеден астам сомаға қаржыландырылды. Несие беру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, аграршыларға 76,6 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны 254 теңгеден бөлінді.

Көктемгі егіс науқанын сәтті өткізу үшін диқандар алдын ала кешенді дайындық жұмыстарын жүргізді. Қыс мезгілінде 1,1 миллион гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары атқарылды. 3 миллион гектардан астам жерге ылғал жабылды. Биыл минералды тыңайтқыш енгізу көлемі де едәуір артты. Жалпы, 336 мың тонна тыңайтқыш себіледі деп жоспарлануда. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен үш есе жоғары.

Ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылып жатыр. Жыл басынан бері жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден асатын 364 техника сатып алынды. Көктемгі егіс науқанына 37 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жалпы жер көлемі 5,5 миллион гектарды құрайды. Бұл өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, сапалы өнім алуға бағытталған агротехникалық шараларды толық орындауды тапсырды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар