Қадырбек ағаның шыршалары деп айта жүреміз

Ағаш отырғызу – бұл жай ғана табиғатпен қарым-қатынас емес, бұл ұрпаққа қалдырған ізгі мұра. Қазақ халқы ежелден табиғатты қадірлеген, жер мен суды, орман мен шөпті қасиетті санаған. Осы тұрғыда ағаш отырғызу – халқымыздың ежелгі дәстүрі мен табиғатқа деген жауапкершілігінің айғағы.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауылымыздың тумасы Қадырбек Қинаятұлы Шәкімов ізгі ниетпен туған топырағына ат басын тіреді. Ол 1954 жылы біздің Игілік ауылында дүниеге келген. Арман қуған бозбала кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, осы мамандығы бойынша еңбек еткен. 1984 жылдан бастап Жезқазған, Ақмола облыстарының прокуратура органдарында, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында қызмет істеп, Астана қаласында тағы басқа да мемлекеттік органдарда, заң басқармаларында басшы қызметтер атқарған. Қазіргі таңда еңбек ардагері.

Осы жолы Қадырбек Қинаятұлы зейнеткерлік жасында сауапты іс жасап, ауылдағы киелі шаңырақ – Игілік жалпы орта білім беретін мектебіне келіп, ағаш отырғызып қана қоймай, келешек жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге көрсетті. Жас ұрпақты еңбекке баулу, табиғатты сүюге тәрбиелеу мақсатында биыл оқу бітіретін мектеп түлектері де Қадырбек Қинаятұлымен бірге ағаш отырғызуға тартылды. Олар осы ағаштарды іштей болашақта бұл көшеттер өсіп-өніп, үлкен өмірге қадам басып отырған өздерінің армандары орындалса екен деген ізгі ниетпен отырғызды. Қадырбек Қинаятұлы әкелген бұл 10 түп шырша мектеп ауласына отырғызылды. Олардың біздің күтімімізбен ойдағыдай өсіп кетсе, қысы-жазы осы араға әсем өң беріп тұратыны сөзсіз. Жылдар өте, биік шыршаға айналатынына да сенімдіміз.

Одан әрі заң жүйесі ардагерінің 8-11 сынып оқушыларымен мектепте кездесуі жалғасын тапты. «Мен өз мамандығыммен мақтанамын» атты іс-шарада ол өзі атқарған жұмысының қызықты сәттерімен ой бөлісті. Мамандықты жүрек қалауымен таңдау керектігін айтып, оқушыларға ақыл-кеңестерін берді. Абай атамыз айтқанындай, «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан басталады» демекші, Қадырбек ағамыз өзінің ұстаздары Қабдырәшит Рахымжанов, Сәбит Мырзагелдин, Құдаш Балтабеков, Еламан Нығанов, тағы басқалары жайында жылы лебізін білдіріп, осы ұстаздарының берген білімдерін өмір жолында лайықты пайдаланып еңбек еткені жайында айта кетті. Оқушыларға ұстаздар берген білімді, тәрбиені, ақыл-кеңесті мұқият игеріп, тыңдап, өмір жолында пайдаланған оқушы ғана биік белестен көрініп, жақсы азамат болатынын ұғындырды.

– Ауылдағы өмірі мен болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі болған қадірлі атамыз Өзбек Елемесов жөнінде де сөз қозғай кетті. Ол кісінің еліне, халқына сіңірген еңбегі көп. Өзбек атамыз өз әңгімелерінде колхоздастыру уақытында, соғыс  кезінде басына түскен қиыншылықтардан Алла тағаланың Құран кітабының арқасында  аман-есен қалғаны жөнінде айтып отыратын. Халыққа пайдалы, адамдарды жақсы жолға салатын шариғаттарды көп білетін. Ауылда қиындық көрген адамдарға көмек көрсету, елдің кейбір мәселелерін шешу керек болса, басшылар да Өзбек атамызбен ақылдасатын. Ол кісі ауылдың шетте жүрген азаматтарын да ұмытпай, амандықтарын сұрап жүретін. Ауылға келіп, Өзбек атамызға сәлем бергенде, ерте қайтыс болған әкем туралы көп жақсы әңгіме айтатын. Менің бүгінгі ауылға келіп, мектепке ағаш егуді ұйымдастырғаным да осы Өзбек атамыздың бізге деген бір аманаты деп білемін, – дей келе, Қадырбек ағамыз осы мектептің биылғы түлектерін келешекте үлкен мамандық иелері болып, халыққа адал қызмет етіп, елін, жерін ұмытпай туған ауылына жақсылық жасауға шақырды.

Қадырбек Қинаятұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, елін-жерін, ұрпағын зұлым жаудан қорғау жолында жанын қиған, туған жеріне аман оралып, бейбіт күннің баянды болуына өлшеусіз еңбегін сіңірген аталарымыз бен әкелеріміздің рухына да тағзым етіп, ескерткіш алаңына гүл шоқтарын қою рәсіміне де ат салысып кетті. Сол бір сұрапыл соғыстын зардабын тартса да, рухы сынбаған, намысы тапталмаған сол ардагерлер – нағыз батырлар! Олардың есімі – жүректе, ерлігі – ел есінде.

Сөз соңында айтарымыз, әрбір адам ең болмағанда өмірінде бір рет осылай ағаш отырғызып, табиғатқа аялы көзқарас танытуы тиіс. Осы жолы Қадырбек Қинаятұлының аталы сөзін тыңдаған жастар ертеңгі күні өз өмір жолында адаспай, жарқын болашаққа қадам басуға ұмтылары сөзсіз. Елге келіп, жас ұрпақпен кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігіне қол ұшын созған ардақты азаматқа сауапты ісі үшін алғысымызды білдіреміз.

Гүлзат ЕГУБАЕВА,
Игілік ауылының жалпы білім беретін мектебінің директоры.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар