Биыл Ақмола облысында 18 миллион түп ағаш отырғызылады. Осылайша 3 мың гектарға жуық алқап көгалдандырылмақшы. Қазір аймақта көшет егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Мәселен, жыл басынан бері ақмолалықтар 16 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызып үлгірген. «Бұқпа» орман шаруашылығында бұл науқан аяқталуға жақын. Орманшылар қолайлы ауа райын барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Биыл олар 180 гектар алқапты жасыл желекке айналдыруды көздейді.
Орман шаруашылығының директоры Ғалымбек Батталов: – Жоспар бойынша биыл 180 гектар жерге ағаш отырғызуға тиіспіз. Жер-жерде ел Президентінің жасыл желекті молайту жөніндегі берген тапсырмасына осындай қам-қаракеттер жасалуда. Біз де осы ретте бар күш-мүмкіндікті пайдаланып қалуға күш салып отырмыз деп айтуымызға болады. Қазір қалған 15 гектар алқапқа ағаш отырғызу міндеті тұр. Бұл үдеден бір-екі күнде шығамыз деген сенімдеміз. Осы игі іске студенттер де белсене атсалысып жатыр. Олардың дені болашақ орманшылар мен экологтар. Яғни, олар теориялық білімдерін осылай бізде практикалық тұрғыда толықтырады, – дейді.
Орман шаруашылығында өзінің болашақ мамандығы бойынша іс-тәжірибеден өтіп, аға орманшылардан көп нәрсені көкейіне тоқып жүргендердің бірі Аяулым Дарханбек.
– Мен ағаш отырғызып, орман қорын молайту әр адамның абзал борышы деп ойлаймын. Өйткені, қоршаған ортамыз үлкен-кішінің жанашырлығымен ғана осылай көз тартып, әдемі болып тұрады. Керісінше жағдайда табиғатымыз тоза беруі мүмкін, – дейді ол.
Ашық алқапқа егілетін жас талдар ерекше күтімді қажет етеді. Ағаш отырғызумен айналысып жатқандардың сөзінше егілген өскіндердің 80 пайызы жетіліп кетеді. Тіпті, орманшылар қурап қалған ағаштардың орнын жаңа көшеттермен толықтырып отырады. Ал, өскіндердің өзі жергілікті тұқымбақта өсіріледі.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Абзал Құсайынов жалпы биылғы ағаш отырғызу жұмыстары туралы бізге мынадай мәлімет берді.
– ағаш көшеттерін тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында тұқымбақтарды кеңейту жұмыстары қолға алынған. Қазір аймақта 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Оның 9-ы жыл бойы көшет өсіреді. Бұдан бөлек қазір облысымызда тағы екі тұқымбақ салынып жатыр. Қос нысан пайдалануға берілгеннен кейін онда жылына миллиондаған көшет дайындалады.
Иә, бұл көшеттер ертең еліміздің орман қорына жаңа бір жасыл желек алқаптары болып қосылары сөзсіз. Сол үшін де бүгінгі осы мақсаттағы қарқынды жұмыс еш бәсеңдемеуі тиіс.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

