Кеңес өкіметі жылдары басқарушы коммунистік партия тарапынан қарапайым халық көп қиянатты бастан өткергені осы күндері баспасөз беттерінде және әлеуметтік желіде жарияланған мақалалар арқылы жақсы мәлім.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық, одан кейін 1928 жылы «бай-кулак» деген сылтаумен көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, белсенді азаматтармен қатар, ауқатты, қарапайым халыққа қамқор болған жандарды, молда, тәуіптерді кеңес өкіметіне жағымсыз элементтер деп ешбір кінәсіз жаппай соттау орын алды.
Архив деректеріне сүйене отырып, Жақсы ауданының Алғабас ауылынан сотталып, хабарсыз кеткен осындай аталарымыз туралы халықты хабардар ету азаматтық парызым деп есептеймін. Сыныққа сылтау іздеген колхоздастыру заманында бай-ауқаттылардың малдарын күштеп тартып алып, өздерін түрмеге тоғытса, қалған отбасы мүшелері амалсыздан бас сауғалап, жан-жаққа безіп көшіп кетуге мәжбүр болды. Бірақ, ешқайсысы да қайтып елге оралмады. Сотталғандар Атбасар уезі арқылы Сібір даласына жөнелтілді.
сурет: rus.azattyk.org
Әсіресе, аудан бойынша ең алғаш мешіт салдырып, халықты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында белсенділік танытқан, 1874 жылы Абайдың әкесі Құнанбаймен қажылыққа барып келген Алғабас ауылының тумасы Сәрке қажының ұрпақтары көп зардап шекті. Ұрпағынан 7 адам болыстық қызмет атқарып, 12 адам қажылыққа барып келген. Атап айтсақ, Сандыбай, Арыстанбай, Мананбай, Өтеп, Есімсейіт, Омар, Қосай, Дәулетбай, Елжас және Сарынбай ата ұрпақтарынан хабарсыз кеткендер көп. Колхоздастыру заманында белсенділік танытқан коммунист Өтебаев Сәби 10 жылға сотталып, хабарсыз кетсе, Нұрғали Нұрсейітовтың әкесі, 71 жастағы ақсақал 10 жылға, Мұхамеджанов Жұмабек 10 жылға, Қаратаев Айдар, Абдуллин Хакім 25 жылға, Айтуаров Бабай, Қожахметов Арслан, Сәдуақасов Сыздық және Сексенбаев Сағындық деген азаматтар ату жазасына кесілгенімен, кейін 1999 жылы қылмыстары дәлелденбей, ақталған.
Алғабас ауылынан ақталмаған және еш архивтен табылмаған әкемнің ағасы Сағындықұлы Жамантай молда, Тайқоңырұлы Қосыбай бай, Тәтімұлы Палымбет, Мыжықайұлы Қасымбек, Нарынбайұлы Түсіпназар аталарымыз туралы мәліметтер жоқ. Көкшетау қаласының архивінде 1921-1922 жылдары Атбасар қаласының көшелерінде аштықтан босып жүрген аш-жалаңаш жетім балаларды жинап, балалар үйіне тапсырған құжаттар бар.
1928 жылы Алғабас ауылынан сотталған аталарымыздың тізімін іздеп таба алмадым, бірақ, осы архивте Атбасар уезіне қарайтын Тасөткел болысының 5 ауылынан «қара тізімге» ілінген 94 адамның аты-жөні бар. 1924 жылы кириллица әрпімен жазылғанына қарағанда, НКВД жендеттері жазғанға ұқсайды. Тізімде жас мөлшері және кеңес өкіметіне «қауіпті» азаматтар екендігі, сонымен қатар, сайлауда дауыс беруге құқы жоқ екені ескертілген. Себеп, молда, діни қызметкер, мал ұрлаған барымташы ретінде немесе көп әйел алғаны үшін кеңес өкіметіне «жат элементтер» екені көрсетілген. Шамасы, 1928 жылда іске асырыла бастайтын «саяси күдіктілер» тізіміне небір сылтаулармен алдын ала дайындап қойғандары даусыз. Ауылдың шетінде ашаршылық жылдарында қайтыс болған бейбақтардың бөлек қорымы орналасқан. Себебі, сол жылдары небір жаман аурулардың пайда болуынан арнайы жеке көмген болуы мүмкін деген жорамал айтылады. Әрине, аштық жылдары қанша халықтың ауылдан безіп кеткені немесе ашаршылықтан қайтыс болғаны туралы есеп жүргізілмегені айдан анық. Кеңес өкіметінің өз халқына қасақана жасаған қылмыстық әрекеті құпия болып қалуы заңдылық екені даусыз.
Халықтың жадында мәңгілік сақталып қалған қасіретті жылдар зобалаңы ешқашанда ұмытылуға тиіс емес. Ашаршылық жылдары және кейін саяси тұтқындар ретінде нақақтан-нақақ сотталып, хабарсыз кетіп, ақталмаған аталарымыздың рухы о дүниеде де мазасызданып жататын болар…
Ұрпақтары бір сәт еске алып, дұға бағыштап, мұсылмандық парызын атқарып жүрсе, сөйтіп, жандары жәннатта болса деген ниеттеміз. Саяси тұтқындар тізімі «совершенно секретно» деген құжаттармен сақтаулы. Олардың қашан ашылатынын уақыт көрсете жатар.
Зерттелмеген архивтерде, шаң басып жатқан құжаттарда қаншама жазықсыз жандардың тағдырлары жатқаны бір Аллаға аян. Біздің баяндағанымыз бір ауыл халқының қасіреті ғана. «Халық жаулары» ретінде кінәсі дәлелденбей сотталып, атылып кеткен бейбақтардың тізімі ептеп жарияланып жатса да, әлі де болса дәйектеп, үңіле түсетін тұстар көп.
Сағындық ТАЛҒАТ,
зейнеткер ұстаз.
Жақсы ауданы.
сурет: www.kolyma.ru
![]()

